Таулы Қарабақ: мәселенің білекпен шешілетін түрі бар
Таулы Қарабақ: мәселенің білекпен шешілетін түрі бар
178
оқылды

Қыркүйектің 27-і күні Әзербайжанның Таулы Қарабақ аймағында басталған соғыс әлі жалғасып жатыр. Соңғы дерекке қарағанда, Әзербайжан армиясы аймақтың оңтүстігіндегі бірқатар аудандарды қайтарып алған. Тіпті, атышулы Лашын дәлізіне де жақындап қалғаны айтылады. Ал бүгін АҚШ Мемлекеттік хатшысы Майкл Помпео қос елдің сыртқы істер министрлерімен кездеседі. Сөйтіп, тағы да атысты тоқтату мәселесі талқылануы мүмкін. Бірақ Таулы Қарабақ мәселесін Әзербайжан қарудың күшімен түбегейлі шешуге бел буған тәрізді.

Елшілер емес, қару «сөйлеп» тұр

Әзербайжан тарапы Таулы Қарабақ мәселесін ке­­ліс­сөз­дермен шешуден бас тарт­пай­тынын айту­мен келеді. Олар­дың нақты шарт­тары да бар. Ресми Баку Таулы Қарабақтың айна­ласындағы 5 ау­данды ешбір шартсыз босатуды, қалған екі ауданның жайын кейін талқы­лауды ұсынған. Ал Таулы Қара­баққа автономия статусын бере­тінін де алға тартқан. Негізі, бұл Минск тобының жобасы бола­тын. Әзербайжан жағы оған ке­лісіп отыр. Алайда Армения билігі бұл жоспармен келіспеді. Ақыры 30 жылға жуық уақыттан соң соғыс қайта басталды. Қазіргі жағдайда Әзербайжан армиясы қарсыластарын қарудың күшімен келіссөзге мәжбүрлеудің аз-ақ алдында тұр. Жылдар бойы окку­пацияда болған аймақтар бірінен соң бірі азат етіліп келеді. Таулы Қарабақтың солтүстігінде Әзер­байжанның 1-армиялық корпусы әрекет етсе, күңгейінде 2-ар­мия­лық корпусы ұрыс жүргізіп жатыр. Ел Президенті Илхам Әлиев соғыс басталғалы бері қарсыластың 248-ге жуық танкі, 198 көлігі, 192 зең­бірегі мен гаубицасы, 6 «Эльбрус» опера­тивті-тактикалық зымыран ке­шені, 21 өзді­гінен жүретін ар­тиллериялық қондырғысы, 4 С-300 зениттік зымыран кешені, 17 қоймасы, 17 радио­электронды барлау машинасы жойылғанын айтқан-ды. Ал Әзербайжан армия­сы Зангилан, Гадрут тәрізді қала­шықтарды, Физули, Жәб­райл тәрізді аудандардың көп­теген ауылдарын аза етті. Таулы Қара­баққа кіретін екі жолды да бақы­лауда ұстаудың мүмкіндігі туған. Бұл дегеніңіз ендігі келіс­сөздер ресми Бакудің дегенімен ғана жүруі мүмкін екенін бай­қатады. Бірақ...

Мәскеу мен Вашингтонның көздегендері екі түрлі дүние

Келіссөз демекші, бірқатар сарапшылар Әзер­байжан мен Армения сыртқы істер ми­нистр­лерінің АҚШ-қа сапары еш нәтиже бер­мейтінін алға тартады. Өйткені дәл қазір АҚШ Таулы Қарабақ мәселесіне бас қатырып отырған жоқ. Ол жақта пре­зидент сайлауы додасы қызып тұр. Сондықтан Трамп америкалық армяндардың көңілінен шығу үшін екі елдің ми­нистрлерін шақыруды көздеген деседі. Әрі армяндарды жақтай­­тыны туралы мәлімдеме де жасап тастаған. Әйтпесе, Минск тобы төраға­ла­рының бірі ретінде АҚШ бұған дейін жанжалды реттеуде бел­сен­ділік танытқан жоқ. Ал топ тө­рағаларының бірі – Франция ашық түрде Ереванды жақтады. Үшінші төраға Ресей болса келіссөздерді алға тартты. Әрі оны ұйым­дастырды. Сонымен бірге Армения жерінде тұрған Ресей әскері Әзербайжан армия­сының көрші елдің шекарасына еніп кетуіне жол бермеуге бекінгені бай­қалады. Бұл өз кезегінде май­дан тек Әзербайжан жерінде болып жатыр деген мәлімдеме жасаған В. Путиннің сөзін растап, Бакудің жоспардан тыс қадам жасауына жол бермеу үшін жа­салған қа­дамға ұқсайды. Демек, Кавказдағы жанжалды реттеуде Минск тобы­нан Ресей ғана бел­сеніп тұрған­дай көрі­неді. Соны­мен қатар Ресей, Түркия және Иран өзара келіскен дейтін тұспал қисынға да келетін сияқты. Ресейдің әрекетін көрдік. Тү­рік­тердің де ашық мәлімдеме жасап, бауырларын қолдап жүр­гені, біраз техника бергені жа­сырын емес. Ал Иран ше? Біздің пайымдауымызша, Иран Таулы Қарабақ мәселесіне өз ішіндегі әзербайжан ұлтының нара­зы­лығына бола араласа алмай отырған тәрізді. Әйтпесе, Әзер­байжанға көмектесіп, жақтас болып отырған Израиль үшін Бакуге ренжімеуі мүмкін емес еді. Сонымен қатар Ресей және Түркиямен орынсыз кикілжіңге барудың да қажеті жоқ. Сон­дықтан ресми Тегеран әзірге «сен тимесең, мен тимен» деген сыңай танытады. Бірақ парсылардың аймаққа қару-жарақ өткізбек болғаны, түрлі елдерден қару тасымалдаған ұшақ­тарды өткізгені жайлы мәлімет бар. Алайда олар ақиқатты бәрібір анық көрсете алатын дүние емес.

Еріктілерді майданға шақырды

Армения премьер-министрі Никола Пашинян бірер күн бұрын күллі армян жұртына сауын айтып, қолға қару алуға жарайтындарды майданға ерікті ретінде аттануға шақырған. Сөйтіп, шабуыл жасап келе жатқан Әзербайжан әскер­лерін тежеуге ты­рысқаны бай­қалады. Әрі НАТО жаққа да қарайлап, батыс жұртынан көмек күтетінін ашық айтты. Алайда ресми Ереван Таулы Қарабақтың де-юре Әзербайжан жері екенін, оны БҰҰ мойын­дағанын, әскерді шығару туралы 4 резолюция бар екенін көзге ілмей келеді. Па­шинянның мәлім­де­месіне қара­ғанда, Әзербайжан Таулы Қара­бақтан шығып, Арме­нияға ша­буыл жасамақ екен-мыс. Алай­да мұндай қадамға өңірдегі ірі мемле­кеттердің жол бермейтіні анық. Сондықтан Армения премьер-министрінің байбаламын ел алдын­да ақталу деп бағалаған жөн. Армян халқы соғыс жағ­дайында премьерге базына айта қоймас, соғыс аяқ­талған соң одан есеп сұрайтыны сөзсіз. Ел дүрлігіп, саяси дағдарыс та орнауы мүмкін. Пашинян соны біл­­­ген­діктен соғыс арқылы қо­ғамды топтастыра түсуге ұмтылып жатқан сыңайлы. Бірақ бұл тәсіл ұзаққа бара қой­майды. Тек қатардағы қа­рапайым сарбаздар құрбан болып жатыр. Демек, еріктілерге ұран тастау оның қара­қан басының қамын күйттегеніне көбірек ұқсайды. Әйтпесе, дип­ломатия арқылы соғысты тоқ­татудың түрлі мүм­кіндігі болып еді.

Амангелді ҚҰРМЕТ