Тұрғындардың шағымы бітер күн жақын
Тұрғындардың шағымы бітер күн жақын
131
оқылды

Қала әкімі М.Әйтенов мұны әлі күнге дейін үшінші мегаполис тұрғындарын ауыл шаруашылығы өнімдерімен толық қамти алмай отыруымыздың бірден-бір себебі деп түсіндіріп, аудан басшысына ескерту жасады. – Әрбір шағынаудан мен тұрғын алаптың мүмкіндіктерін зерделей отырып, оған барлық елді мекенді жұмылдырып  ауыл шаруашылығын дамытудың нақты жүйесін жасау керек. Сонымен қатар мал бордақылау орындарына ерекше көңіл бөлінсін. Санитарлық талаптардың қа­таң сақталуы бақылауға алынсын, – деді қала әкімі Мұрат Әйтенов 9 айдың қорытындысы бойынша есеп берген Абай ау­данының әкімі Бұхарбай Пармановқа.

Есеп беру жиынында Абай ауданында тұрғын үй құрылысының бәсеңдегені де сөз болды. «Ауданға инвестор тартып, олар­ға қолайлы жағдай жасау аудан әкімдігі мен тұрғын үй басқармасы басшысының міндеті. Апатты жағдайдағы үйлерді сара­лап, көпқабатты үйлердің қасбеттерін ретке келтіру де кезек күттірмейтін мәселе», – деді тағы да қала басшысы. Шаһар басшысы дебиторлық қарыздар жөнінде де ескерту жасады. «Қарыздар жылу маусымы басталмай тұрып өндірілуі ке­рек. Бұл мәселені шешу үшін жақын арада ұсыныс дайындаңыздар» деп қатаң ескертті.

Инфрақұрылым кезең-кезеңімен шешіліп жатыр

Десек те, биыл жыл басынан бергі 9 айда Абай ауданында ауыз толтырып ай­тарлықтай атқарылған жұмыс көп. Мәселен, биыл осынау ауданда көпқабатты 222 тұрғын үйдің ауласы абаттандырылып, балаларға арналған 58 спорт алаңшасы орнатылған. Аудандағы 453 көпқабатты тұрғын үй 258 аулаға біріктірілген. Одан бөлек, алдағы күндері 36 көпқабатты тұрғын үйдің ауласы абаттандырылып, жаңадан 42 спорт алаңшасы салынбақ. Сондай-ақ тозығы жеткен 18 спорт алаң­шасына ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілмекші. Айта кетейік, есепті жиында Абай ау­данындағы жаңадан қосылған 10 елді мекеннің инфрақұрылымдық мәселелерін шешу бағытында тиісті жұмыстар атқа­рылып, кезең-кезеңімен шешіліп келе жатқаны да аталып өтті. Бұл мәселеде ау­дан әкімі тұрғындармен жиі бас қосып тұрады екен. Б.Пармановтың айтуынша, ауданның 24 елді мекені, яғни  71 пайыз тұрғыны сапалы ауызсумен қамтылып отыр. «Жыл басында 2 елді мекенге сапалы ауыз­су жеткізілген еді. 2020 жылы сапалы ауыз­сумен қамтамасыз ету жұмыстарына жалпы 8,4 млрд теңге қаржы қаралды. Жыл соңына дейін 4 елді мекеннің ауыз су жүйесінің құрылыс жұмыстары аяқталып, 18 мыңға жуық тұрғын таза су ішетін болады», – деді ол. Қазіргі таңда аудан аумағы бойынша 25 елді мекен мемлекеттік электр жарығымен қамтылып отырса, қалған 9 елді мекен  жекеменшік электр трансформаторларын пайдаланады. Биыл 1 елді мекенді электр қуатымен қамтамасыз ету жұмыстарына – 224 млн, 7 елді мекеннің жобалық-сме­талық құнын дайындауға – 118,3 млн теңге бө­лініпті. Сонымен қатар аудан тұрғындарының 74 пайызы табиғи газ жүйесімен қамтыл­са, қалған 9 елді мекен қатты отынды пай­даланады. Биыл  табиғи газбен қамтамасыз ету жұмыстарына 175,2 млн теңге бөлінген. Аталған қаржы кейбір елді мекендерге газ тарту шараларына жұмсалса, бірқатары жобалық-сметалық құжаттар мен жоба дайындау шараларына бағытталады.

 Ирригацияда қарқын бар

Сондай-ақ аудан аумағында жалпы 195,3 шақырымға ирригация жүйелері орнатылған. 7 мекенжайда суағар (лоток) жүйелерін орнату жұмыстары аяқталған. Аудан аумағында жалпы орнатуды қажет ететін тағы да 37,5 шақырым ирригация жүйелері бар. Келер жылы 14 шақырымды құрайтын 21 көше мен аулаға  ирригация жүйелерін орнату үшін қалалық энергетика және коммуналдық шаруашылық басқар­масына ұсыныс жолданған. Бүгінгі таңда Самал-1, 2, 3 шағынауданында 270 млн теңге болатын кәріз жүйелерінің  құрылысы жүргізілуде. Айта кетейік, Шымкент қаласының Абай ауданында биыл жол-құрылыс жұмыстары да  кестеге сай жүргізілді. Аудан әкімінің айтуынша, жалпы жоба құны 17,7 млрд теңгені құрайтын 99 көшеге 8,2 млрд теңге қаржы бөлініп,  асфальт жол салу  жұмыстары атқарылуда. Атап айтқанда, 30 көшеде орташа жөндеу жұмыстары жүріп жатса, шалғай елді мекендегі 20 көше мен ішкі орамдық 29 көшеде құрылыс жұмыстары қолға алынған. тұрғын Сонымен қатар аудан аумағында жалпы 89,6 шақырым аяқжол болса, биыл тағы да қосымша әлеуметтік нысандарға баратын орталық 5 көшеге, яғни 8,1 шақырымға аяқжол салыныпты. Ауданда 71,2 ша­қырым­дық 146 көше шағал тас төсеуді қа­жет етеді. 2020 жылы бюджеттен 100 млн тең­ге бөлініп, топырағы шығып жатқан 49 кө­шенің 26,7 шақырымына шағал тас төсеу жұ­мыстары толығымен орындалған. Енді ке­лер жылға қосымша 44,5 шақырым шағал тас төселмек. Абай ауданы аумағындағы 125,8 ша­қырым­дық 55 көше жарықтандырылған. 2020 жылға әлеуметтік нысандар орна­ласқан 13 көшені жарықтандыру үшін 342,3 млн теңге қаржы бөлінген. Келешекте ау­дан аумағындағы елді мекендер мен шағын­аудандағы 153 көшені жарықтандыру қажеттігі байқалады. Оның 75-інің жұмы­сын атқаруға қалалық энергетика және ком­муналдық шаруашылық басқармасына  ұсыныс жолданып, мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында құрылыс жұмыстарын жүргізу жоспарланып жатыр.

Салық түсімі бірнеше есе көбейген

Биыл Абай ауданының инфра­құрылымына және ауданның кәсіпкерлік бағытын дамытуға 29,3 млрд теңге кө­лемінде инвестиция тартылыпты. Ау­дандағы бюджеттік қаржының көлемі – 25,2 млрд теңгені құраса, жеке инвестиция 4,1 млрд теңгені құраған. Ал 2021 жылға 12 млрд теңгеге жеке инвестиция тарту жоспарлануда. Сондай-ақ аудан әкімі есепті жиында ауданда 17 мыңнан аса салық төлеуші бар екенін  мәлімдеді.  Биыл карантин жағдайына қарамастан салық төлеушілер былтырғыдан 3,2 млрд теңгеге артық орындаған.  Республикалық маңызға ие болған Шымкент қаласындағы жеке тұлғалардың мүлік, жер салықтары есебінен түсім бірнеше есе артқан. Аталған салық түрлері 138  млн теңгеге көбейген. Тұрғын үй-коммуналдық шаруа­шылығын жаңғырту бағытында да бірқатар жұмыстардың жүзеге асып жатқанын айта кеткен жөн. Аудан аумағында орналасқан 453 көпқабатты тұрғын үйдің 111-і тозығы жеткендер санатында. Оның ішінде 2019 жылға дейін  апатты деп танылған 7 көп­қабатты тұрғын үйде сейсмонығайту жұмыс­тары жүргізілсе, одан бері тағы 4-еуі тек­серілген.  Келесі жылы тағы 3 көп­қабатты тұрғын үйдің жағдайын зер­делеу үшін тиісті басқармаға ұсыныс жол­даныпты. Қазіргі таңда осынау 453 көпқабатты тұрғын үйдің  44-і жөндеуден өтсе,  биылға жоспарланған 19 үйдің 12-де құрылыс жұмысы жүруде. 383 үйді жағдайына байланысты жөндеу жұмыстарын атқару бойынша тұрғындармен түсіндіру жұмыс­тары жүргізіліп жатыр.

Интернет мәселесін тездетіп шешу жүктелді

Мұрат Дүйсенбекұлы Абай ауданы әкімі­нің есебін тыңдап қана қоймай, осы күні аталған аудан аумағына шығып, тұр­ғындармен тілдесті. Атқарылған жұмыс­тарды көзбен көрді. Биыл ауданға қарасты «Айкөл» тұрғын алабының халқы көптен күткен сапалы ауызсуға қол жеткізген. Ауызсуды тарту шараларын мердігер компания болып табылатын «Содби-строй» ЖШС-і ат­қар­ған. Бүгінгі таңда аумаққа электр энергиясын жүргізудің сметалық құжаттары дайындалып жатыр. Ал табиғи газ жүйесі алдағы жылы шешілмек. Дегенмен 300-ден аса тұрғыны бар елді мекеннің ендігі мәселесі интернет желісі болып тұр. «Ай­көл» тұрғын алабын интернет желісімен қамтамасыз ету мақсатында әкімдік тара­пынан «Мобайл телеком сервис» ЖШС-і және «Kcell» АҚ арқылы байланыс орнату жұмыстары қарастырылып, келіссөз жүр­гізіліп жатыр. Қала әкімі қашықтан білім алу барысында интернет мәселесінің тез­детіп шешілуі қажет екенін айтып, тиісті сала басшыларына тапсырмалар жүктеді. Сонымен бірге үшінші мегаполис басшысы «Құрсай» шағынауданында құ­рылысы жүріп жатқан жаңа білім ошағына барды.  60 гектар аумақты алып жатқан орта мектепте  600 бала білім алмақ. Білім ордасын жеке кәсіпкер өз есебінен салып жатыр. Биыл ұлы ойшыл әл-Фарабидің 1150 жылдығына орай осынау мектепке ғұламаның есімі берілмек. «Балалардың қауіпсіз ортада білім алуы – басты міндетіміз. Бәсекелестікке төтеп берер ұрпақты өсіргіміз келсе, олардың сапалы білім алуына қолайлы жағдай жасалуы керек», – деді Мұрат Дүйсенбекұлы. Мектеп келесі жылы пайдалануға беріле­ді. Қала әкімі сыныптарды аралап, құрылыстың әрбір бөлігіне жіті мән берді.  Оқу бөлмелерінің заманауи техникалармен қамтылуына да баса назар аудару қажетін айтып өтті. Жалпы, Абай ауданына қатысты ат­қарыл­ған жұмыстар мен түйткілді мә­селелерді тыңдап, көріп саралаған Мұрат Әйт­енов ауданның барлық мүмкіндіктерін бағамдады,  кейбір салалар бойынша бір­маша ескерту жасап, нақты тапсырма жүк­теді. Президент тапсырмасына сәйкес ха­лық­пен кері байланысты күшейтуді тапсырды. iKomek арқылы мәселеге жедел ден қойып, қала тұрғындары атқарылған жұмысты көруі маңызды екенін атап өтті. Сондай-ақ ретсіз сауда орындары, жабық базар мен ондағы жануарлар саудасын тез арада ретке келтіруді тапсырды.  

Назгүл НАЗАРБЕК, Шымкент қаласы