Даулы мәселеге нүкте қойылды
Даулы мәселеге нүкте қойылды

Екінші лиганың 5-ші туры аясында өткен «Кызыл-Жар СК Ж» – SD Family ара­сындағы ойынға қатысты үлкен дау туын­дады. Бұл кездесу 9-0 есебімен сол­түстік қазақстандық ұжымының пай­дасына шешілген болатын. Ірі жеңілістен соң әлеуметтік желідегі спорттық па­рақ­шаларда ойынның сатылғаны жөнін­де дәлелсіз ақ­параттар тарады.

Осыған байланысты аталған кездесуге Қазақстан футбол федерациясы және Қазақстан кәсіпқой футбол лигасы тексеріс жүргізді. Атап айтқанда, сол ойындағы букмекерлік кеңселердің котировкалары, Live режиміндегі коэффиценттер және ойынның бейнежазбасы толықтай зерттелді. Сонымен қатар ойынның ресми өкілдерінен матч жайында сұрау жұмыстары қолға алынды. Күні кеше ғана әділ ойын қағидаларын сақтауға қатысты тексеру іс-шаралары аяқталды. «Қызыл-Жар СК Ж» команда­сының голдарына арнайы тігілген ұтыстарға қатысты коэффиценттердің жылдам өзгеруі байқалмағаны анықталды. Бұл туралы ұтыс тігу орталықтарындағы мамандар да ха­бар­лады. Қазақстан ішінде және өзге ел­дерде көп голдың соғылуына үлкен көлемде ұтыстардың тігілмегені белгілі болды. Сондай-ақ бей­нетаспаны талқылау барысында Қазақ­стан футбол федерациясының маман­дары ойын кезінде екі тараптан да спорттық кү­рестің болмағанын білдіретін әрекеттердің байқалмағанын айтып, ортақ шешімге келді. Екі команда үшін де бұл ойынның маңызы жоғары болды, себебі кездесу алдында қос команданың топта бірінші орын алатын мүмкіндігі болды. дау Елімізде өтетін спорттық шаралар кезінде мұндай даулы мәселелер бір емес бірнеше рет болған. Осы ретте Қазақстан футбол федерациясы серіктестердің көмегімен спорт­тық нәтижелері әділ емес ойындарды әрдайым бақылап, мамандардан кеңес алып тұратынын айта кеткен жөн. Біз өз кезегімізде SD Family футбол клубының баспасөз қызметкері Едіге Ержаннан сол ойын жайында сұрадық.
– «Қызыл-Жар СК Ж» командасымен өткен кездесуден кейін «бұл келісілген матч, ойын сатылған» деген сарындағы түр­лі қауесеттер тарап кетті. Сонымен қатар ертесіне «Тобыл» футбол клубының жанкүйерлері өздері­нің спорттық парақ­шаларына «Қызыл­жарды бірінші орынға шығару мақсатында қос команда келісілген ойын өткізді, ойында мұндай ірі есеп тіркелуі мүмкін емес» деп жазыпты. Сол парақшадан Қазақстанның кәсіпқой футбол лигасы және Қазақстан футбол федерациясының мамандары көріп, ойынды тексеру туралы шешім қабылдады. Анығы, бұл шындыққа жанаспайтын ақ­парат. Сондықтан ойынның толықтай тексерілгенін қаладық. Әрине, әділ шешім қабылдағанына ризамыз. Жалпы, сол ойынды енді еске алғымыз келмейді.  Қорқынышты түс көргендей болдық. 9-0 деген біз ойламаған, біз күтпеген есеп. Команда кездесуге жақсы көңіл күймен шықты, ойын­да жеңіске жетуді ойлады. Бас бапкер де, ко­манда да маңызды ойынды жақсы нотада аяқтағысы келді. Кездесуден үш күн бұрын «Астанамен» ойнаған болатынбыз. Жеңіліп жатып, соңғы минутқа дейін толассыз шабуыл ұйымдастырып, елордалықтардан басым түстік. Яғни, қиын матч өткіздік. Ойыншылар да көп күш жұмсап қойды. Содан да шығар, «Қызыл-Жар СК Ж» командасымен ойында өз дегенімізге жете алмадық. Ал бір тур бұрын өтуі «Қызыл-Жар СК Ж»  «Рузаевкамен» ойнауы керек еді. Бірақ матч өтпеді. Өйткені қарсылас команда ойын алдында коронавирусқа қарсы тест тапсырмады. Сол себептен олардың футболшылары бізге қарағанда әлдеқайда тың болды. Негізі, «Қызыл-Жар СК Ж»-мен ойын бірінші турда өтуі тиіс болатын. Олардың бапкерлік құрамынан коронавирус анықталып, кездесу өтпеді. Біздің командаға үш ұпай берілуі тиіс еді. Бірақ неге екені белгісіз, матч кейінгі турға шегерілді, –деп ішкі біріншіліктегі бірқатар түсініксіз шешімдердің де болғанын атап өтті.
Команданың негізін қалаушы Дидар Сыдықбек те ойын туралы пікірімен бөлісіп, команданың атына қара күйе жаққысы келген адамдардың әрекеті жүзеге аспағанын айтты.
– Матч аяқталған кезде мән-жайды сұрап, сұрақтарын жаудырған адамдарға бұл ешқандай келісілген ойын емес екенін айттым. Жеңілісімізге бір есептен, Қазақстан футбол федерациясы мен Қазақстан кәсіпқой футбол лигасының да кінәсі бар. Біз «Астана М» командасымен өткен ойыннан кейін екі күн демалып, үшінші күні қайтадан алаңға шықтық. Ал «Қызыл-Жар СК Ж» бір апта бойы демалды. Олай істеуге болмайды ғой. Әрі бұл кездесуге «Қызыл-Жар СК Ж» командасының негізгі құрамының 3-4 ойыншысы қатысты. Ірі жеңіліске сондай факторлар әсер етті деп ойлаймын. Футбол болғаннан кейін мұндай есептер тіркеледі. Біз тұрмақ Бразилия ұлттық құрамасының өзі Германиядан өз алаңында 7-1 есебімен жеңілген. «Барселона» да «Бавариядан» 8-2 есебімен ойсыра ұтылды. Қайта бұл жеңілістен кейін команда бұдан да мықты бола түсетініне сенемін. Тексеріс болды, таза ойын өткені анықталды. Мұндай негізсіз қауесет таратқан адамдар, бізге хабарласып команданың атына кір келтірген журналистер, өзге команданың мүшелері бізден кешірім сұрауы тиіс, – дейді команда капитаны.
Расымен, жалған ақпарат таратқан адам­дардан да жауап алынғаны жөн. Өйткені мұндай негізсіз айып кімге болмаса да кері әсер етері сөзсіз. Бұл әрі  клубтың қызметкерлері мен ойыншылары үшін ауыр соққы болды. Ең бастысы, дер кезінде тексеріс жүргізілді, соған сай шешім шығарылды. Көптің талқысына түскен даулы мәселеге осылайша нүкте қойыл­ды.

Абылайхан ЖҰМАШ