Шетелден ПТР тест анықтамасыз ұшып келіп, әуежайдан қашып кеткендер ұсталды
Шетелден ПТР тест анықтамасыз ұшып келіп, әуежайдан қашып кеткендер ұсталды

Бұл туралы Көліктегі бас мемлекеттік санитар дәрігер Садуақас Байғабылов Facebook парақшасында жазды.

«Бүгін түнде Шарм-эль-Шейхтан ПТР тест анықтамасыз ұшып келген Нұр-Сұлтан қаласының 2 тұрғыны ПТР сараптама тапсыру үшін карантинге апаратын арнаулы автобусқа отырғызу барысында әуежайдан қашып кетті. Көліктегі полиция қызметкерлері шұғыл арада олардың тұрғылықты жерлерін анықтап, карантиндік стацонарға жеткізді», – деп жазды Садуақас Байғабылов.

Шетелден 23 қазан күні түнде Қазақстанға 11 рейспен 1291 жолаушы ұшып келді.

«Оларды 962-сінде ПТР анықтама болса, 329 жолаушыда анықтама болмады. Нұр-Сұлтан қаласына 5 рейспен келген 522 жолаушының 373-інде анықтама болса, 149-ында анықтама болмады. Алматыға 5 рейспен 728 жолаушы келді. Оның 548-і анықтамамен, 180-і анықтамасыз жеткен. Ал Ақтауға 1 рейспен жеткен 41 жолаушының барлығының анықтамасы бар, – деді ол.

Оның айтуынша, ПТР тест анықтамасыз ұшып келген Қазақстан азаматтары ПТР тест тапсыру үшін Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларында карантиндік стационарға жатқызылды.

Айта кетейік, жолаушылар Түркия, Мысыр, БАӘ, Беларусь, Грузия және Ресейден халықаралық әуе рейстерімен келді.