«Өкілеттік үшін өзара талас жүріп, игі бастаманың берекесі кетеді»  – Президент судьялар съезіне қатысып жатыр
«Өкілеттік үшін өзара талас жүріп, игі бастаманың берекесі кетеді»  – Президент судьялар съезіне қатысып жатыр

Жиында Мемлекет басшысы сот жүйесін түбегейлі қайта құру ісіне және оны сапалы жүзеге асыру турасында айтты.

«Соттар тәуелсіздігі өлшемі бойынша біз 71-орынды иелендік. Ал заң үстемдігі индексі бойынша 62-орынға табан тіредік. Алайда ахуалды түбегейлі өзгертіп, сотқа деген сенімді арттыру үшін жұмысты жалғастыра беруіміз керек. Биылғы Жолдауымда құқық қорғау және сот жүйесін реформалау қажеттігі туралы айттым. Осыған орай менің тапсырмам бойынша арнаулы комиссия құрылып, тиісті жұмыстар басталып кетті. Бүгін осы мәселелерге тоқталсам деймін. Ең алдымен сот жүйесіндегі үдерістерге азамат, кәсіпкер, инвестор мүддесі тұрғысынан қарау керек», – деді Қазақстан Президенті. Мемлекет басшысы заңдардың шетелдің заңдарынан айтарлықтай өзгешілігі жоқ екенін де айтты.

«Бар айырмашылық оны түсіну және қолдану тәсілінде. Дамыған мемлекеттер сот жүйесін реформалау барысында басқару ғылымын ұтымды пайдаланады. Онда адами ресурсқа, бизнес үдерістердің қисынды болуына, заманауи технологияға басымдық беріледі. Бір сөзбен айтқанда, барлығы да адамға қолайлы болуы үшін жасалған. Біз сот саласындағы реформаларды біртіндеп жүзеге асырып келеміз. Бірақ нақты іске келген кезде, әсіресе, сақтыққа бой алдырамыз. Тіпті, өкілеттік үшін өзара талас жүріп, игі бастаманың берекесі кетіп қалады. Соның салдарынан елеулі өзгеріске қол жеткізе алмай отырмыз. Ал азаматтарға, қоғамға нақты нәтиже керек. Бұл айқын нәрсе. Сондықтан сот жүйесін түбегейлі қайта құру ісіне және оны сапалы жүзеге асыруға баса мән берген жөн», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.