Министрлік қызметкері Нұр-Сұлтан әуежайынан қашып кетті
Министрлік қызметкері Нұр-Сұлтан әуежайынан қашып кетті
169
оқылды

Шарм-эль-Шейхтен ПТР анықтамасыз ұшып келген Нұр-Сұлтанның екі тұрғыны әуежайдан қашып кетті.

«Бүгін түнде Шарм-эль-Шейхтен ПТР анықтамасыз ұшып келген Нұр-Сұлтанның екі тұрғыны арнайы автобусқа отырғызу кезінде қашып кеткен. Олар коронавирусқа тест тапсыруы керек болатын», – деді Көліктегі бас мемлекеттік санитар дәрігер Сәдуақас Байғабылов.
Көліктегі полиция департаментінің қызметкерлері олардың мекенжайын анықтап, карантиндік стационарға жеткізді. Енді оларға 30 МРП (83 340 теңге) айыппұл салынатын болады.

«Олар ерлі-зайыпты және Шарм-эль-Шейхтен ұшып келген. Біреуі  Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің қызметкері», – деді Сәдуақас Байғабылов.

Еске сала кетейік, 23 қазанға қараған түні Қазақстанға 1291 жолаушысы бар 11 халықаралық рейс ұшып келген.