Жастар арасындағы инновациялық идеялар байқауы басталды
Жастар арасындағы инновациялық идеялар байқауы басталды
Ақмола облысында жастар, студенттер, жас кәсіпкерлер арасында «AQMOLA POWER» инновациялық идеялар және жобалар байқауы басталды, деп хабарлайды  облыстық ішкі саясат басқармасы. Жастардың шығармашылық, білім беру және әлеуметтік бастамаларын қолдау мақсатында жыл сайын өткізілетін инновациялық жобалар байқауы энергетика, ақпараттық технология, ауыл шаруашылығы, экология және табиғатты пайдалану салаларын қамтиды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, биылғы жылы шектеу шараларына байланысты байқау материалдары онлайн қабылданады.
«Ұсынылған жұмыстар өзектілігі, тақырыпты ашуы, идея және көркемдік мазмұны, жаңа технологияны қолдану, ғылыми және жаңалығы бойынша бағаланады. Ең үздік инновациялық идеялар көрмеге қойылады», - деп атап өтті облыстық жастар ресурстық орталығының басшысы Анаргүл Белгібаева.
Байқауға өтініш 24 қарашаға дейін 4 кезең бойынша қабылданады. Жеңімпаздарды марапаттау желтоқсан айына жоспарланған. Жеңімпаздар 350, 250 және 150 мың теңге көлемінде ақшалай сертификат алады. Байқау осымен алтыншы рет ұйымдастырылып отыр. Өткен жылы 58 өтініш қабылданды. Оның ішінде Көкшетаудағы Жоғары техникалық колледж студенті Әлихан Қайраның «Экологиялық сутегі отыны арқылы жұмыс істейтін, ішінен жанатын қозғалтқыш» инновациялық жобасы үздік деп танылды.