Қазақстандағы коллекторлық агенттіктерде 611,6 млрд теңгенің проблемалық несиелері тіркелген. Бұл туралы Ұлттық банк төрағасының орынбасары Олег Смоляков мәлімдеді.
Оның айтуынша, қазіргі уақытта Қазақстанда 165 коллекторлық агенттік жұмыс істейді. Былтыр Ұлттық банкке коллекторлардың әрекеттеріне қатысты 230 шағым түскен, ал осы жылдың алғашқы бес айында 157 өтініш қаралды.
Айта кету керек, соңғы үш жылда коллекторларға қатысты 15-ке тарта қылмыстық іс қозғалған. Бұл туралы Сенатта өткен дөңгелек үстел отырысында ҚР Бас прокурорының көмекшісі Қайрат Раисов мәлім етті.
– Бұл тұрғыда олардың дөрекі іс-қимылдарына, мәліметтердің үшінші адамдарға берілу жағдайына шағым айтылуда. Осы орайда коллектормен арадағы әңгіменің аудиожазбалары ұсынылуда, бұл жазбалардан сұмдық сөздерді естуге болады. Бұл шағымдарды Ұлттық банкке ұсынамыз,– деді Қ.Раисов.
Осы орайда, Бас прокуратура өкілі коллекторлар қызметкерлерінің ішінде баскесерлер секілді жұмыс істейтіндері барын айтты.
«Өз қызметін заңнама аясында атқаратын коллекторлық компаниялар бар, сондай-ақ жұмысын адал атқармайтындар да кездеседі. Яғни, бұл салада заңнамаға қайшы әдістерді пайдаланатындар арасында бұрынғы бандылар да бар»,– деді ол.