«Nur Otan» партиясы Маңғыстау облыстық филиалы «Бақытты отбасы» жобасы аясында Ақтау қаласындағы орта мектептердің қысқы маусымға дайындығына мониторинг жүргізді. Аталмыш мониторинг жұмысына арнайы комиссия мүшелері, «Nur Otan» партиясы Маңғыстау облыстық филиалы төрағасының орынбасары З.Есбергенова, Маңғыстау облыстық Білім басқармасы басшысының орынбасары А.Тұржанова және қоғам белсенділері А.Дүтбаева, А.Сүгірбай және тағы басқалары қатысты. Мониторинг барысында комиссия мүшелері оқу кабинетіндегі жылу жүйесін қарап, мектеп басшылығына түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Жылу жүйесіндегі бірнеше ақаулықтарды анықтап, бір апта ішінде қалыпқа келтіруді тапсырды. Аталған мектептерді бір аптадан кейін арнайы инженер мамандардың қатысуымен қайта мониторинг жүргізілетінін атап өтті. «Бақытты отбасы» партиялық жобасы аясында қала және аудандарда да мониторинг жалғасын табады.
Әбілмансұр ЖАСАН