Университеттердің тағдыры айқындалды
Университеттердің тағдыры айқындалды

Мемлекеттік ЖОО-лар тегіс ком­мерциялық емес акционерлік қоғамға айналды. Яғни, бәрібір квазимемлекеттік секторға өтті. Оның ар жағында жекеше­лендіруге қол созым жер қалады. Сарап­шылар мен қоғам өкілдерінің алаңдау­шылығы осыдан туындаған. Олардың жаппай құрылымы өзгерген соң ел ішінде «университеттер жеке қолға сатылуы мүмкін» деген күдік пайда болды.

– Президент мемлекеттік ЖОО-лардың сатылмайтыны туралы нақты айтты. Бұл – өте маңызды. Себебі ол ЖОО-ларда студенттердің 40%-ы оқиды және 35 мыңнан астам оқытушы мен қызметкер жұмыс істейді. Олардың басым бөлігі XX ғасырдың 30-40-жылдары құрылды және тарихи тұрғыдан еліміздің басты салалық жоғары оқу орындары болып есептеледі. Еліміздегі әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Satbayev University және Абай атындағы ҚазҰПУ сияқты ЖОО-лар білім беру жүйесі, ғылыми және инновациялық әлеуеті жағынан алдыңғы қатарда, – деді Асхат Аймағамбетов.
Сонымен қатар министр мемлекеттің жеке секторға да айтарлықтай қолдау көр­сетіп келе жатқанына назар аудартты. Бүгінде отандық ЖОО-лардың 50%-ы – жекеменшік. «Расында, мемлекеттік ЖОО-ны жеке­шелендіру отандық білім беру жүйесінің, ғылыми-зерттеу және инно­­вациялық қыз­метінің тұтастығына орны толмас зиян келтіріп, университеттердің мүлік ке­шенінің бұзылуына себеп болуы мүмкін. Осылайша, Президенттің тапсырмасы бойынша мем­лекеттік университеттер коммерциялық емес АҚ формасына ауысқанымен жеке­шелендірілмейді және мемлекет меншігінде қалады. Бұл ретте, олар академиялық тұрғыда әлдеқайда еркін және қоғам алдын­да есеп беріп, ба­рынша ашық жұмыс істей алады» деп түйді министр А. Ай­мағамбетов.  

Елдос СЕНБАЙ