Ауылдың жайы алаңдатады
Ауылдың жайы алаңдатады
Еліміздегі барлық ауылдың 2 мыңы немесе 36%-ы таза ауызсусыз отыр. Жергілікті жолдардың шамамен 30 мың шақырымы ойқы-шойқы, жүруге жарамсыз. Кеше Сенатта парламенттік тыңдау өтіп, онда ауылды әлеуметтік-экономикалық дамытудың жай-күйі және келешегі жан-жақты талқыланды. Жиында сөз сөйлеген Жоғарғы палата Төрағасы Мәулен Әшім­баев Мемлекет басшысы ауыл тұр­ғын­дарының табысын арттыру және ауыл инфрақұрылымының сапасын жақсарту жөнінде нақты міндеттер қойғанын атап өтті. Қазір Қазақстан халқының 41%-ы ауылдық жерлерде тұрады.
– Әр бесінші ауылда білім беру нысандары жөндеуді қажет етеді. Ауылдық жердегі денсаулық сақ­тау мекемелерінің де жағдайы мәз емес. Олардың үштен біріне жөн­деу жұмыстарын жүргізу керек. Кадр тапшылығы да үлкен мә­селе, – деді М.Әшімбаев.
Оның айтуынша, ауылдарды мемлекеттік қолдаудың тиімділігі төмен болып отыр. Ауылдық ау­мақтарды орнықты дамыту міндетін орындау үшін жүйелі саясат қажет. Палата Төрағасы бұған дейін се­наторлар «Ауыл – ел бесігі» бағ­дарламасына ұлттық жоба мәр­тебесін беру туралы жақсы ұсыныс жасағанын еске салды. Бұл осы са­ладағы мәсе­лелерді кешенді түрде шешуге, ауылды мемлекеттік қол­дауды жүйелендіруге мүмкіндік бе­реді.
– Ауыл халқының өмір сүру дең­гейін арттырудың негізгі факторы – сапалы инфрақұрылым қа­лып­тастыру екені түсінікті. Ол де­геніміз – денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет, баспана мәсе­лелерін оңтайлы шешу деген сөз. Сондай-ақ сапалы жол мен цифр­лы ин­фра­құрылымды да­­мыту. Сондықтан ауылды дамы­­туды қаржыландыру – респуб­­ликалық бюджеттің басым ба­­­­­ғыттарының бірі болуы керек деп есептейміз, – деді Мәулен Әшімбаев.
Сенат басшысы ауыл тұрғын­дарын жұмыспен қамту және олардың табысын арттыру да ең өзекті мәселелердің бірі екенін нықтады. Осы мақсатта, ең алды­­мен жұмыс орындарын ашу, ауыл биз­несін дамыту және қо­сымша мемлекеттік қолдау шара­ларын жүзеге асыру қажет екені ай­тыл­ды. Тыңдауды Аграрлық мәсе­лелер, табиғатты пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту комитетінің төрағасы Ә.Бектаев жүргізіп отырды.

 Айхан ШӘРІП