Судья шешіміне араласуға жол берілмейді
Судья шешіміне араласуға жол берілмейді
166
оқылды

Енді ешқандай азамат судьялардың шешіміне ара­ласуға, қандай да бір үкімге не шешімге қатысты ойын тық­­­­палауға жол берілмейді.   Бұл туралы  Жоғарғы соттың бас­­пасөз хатшысы Айдос Сәдуа­қасов Қазақстан судья­­­ла­­рының VIII съезінен кейін өткен онлайн брифингте  мә­лімдеді. Ол сонымен қатар судьялардың жалақысы туралы ақпаратты да жайып салды.

«Бүгінгі жиында Президент судья­лардың тәуелсіздігі мәселесін шегелеп айтты. Ешқандай азамат судьялардың шешіміне араласуға, қандай да бір үкімге не шешімге қатысты ойларын тықпалауға жол берілмейді. Сонымен қатар БАҚ өкілдері, журналистер, блогерлер сот шешімдері шықпай жатып әртүрлі әңгімеге еріп, сот жүйе­сінің тәуел­сіз­­­дігіне, азаматтардың құқына нұқ­сан келтіретіндей жария­ла­ным­­дар жария­лауының алдын алу керегін және осы мәселенің соңғы уақытта өзекті болып отырғанын айт­ты», – деді ол Орталық комму­­­ника­циялар қызметінде өткен бри­фингте.
Оның айтуынша, республика судья­ларының съезі судьялар кор­пусы үшін айрықша маңызға ие. Өйткені 4 жылда бір рет өтетін жиын­да Судьялар қауым­­дастығы өз­дерінде туындаған мәселелерді ортаға салып, алдағы стратегиялық мін­деттерін айқындайды. Жоғарғы сот өкілі сотқа іс кел­меген шенеунікті не азаматты ұс­таған кезде құқық қорғау орган­­­­­дарының судьяға қалай қысым көр­­сететінін айтып берді.
«Олар брифинг жариялайды. Кү­діктіні халыққа бірден қылмыскер сияқ­ты етіп көрсетеді. Алайда сот процесі барысында ол адамның ешқандай қыл­мыс жасамағаны не­­месе қылмы­сының дәлелденбегені анық­талады. Сол кезде қоғам «Неге сіздер сол адамды босат­тыңыздар?» деп соттарға шабуыл­дайды. Егер еш дәлел болмаса, ол адам­ды қалай соттаймыз? Міне, осын­дай факті­лерді алдағы уақытта құқық қорғау органдары бірден жария етпей немесе оның анық-қанығын біліп алып қана прокура­­­ту­­раның рұқса­тымен ғана айтса екен», – дейді.
Оның айтуынша, Президент жа­­нында сот-құқық реформалары жөнінде екі арнайы комиссия құ­рылған, ко­миссияның жұмыс тобы қандай ша­раларды қабыл­дайтыны алдағы уақытта белгілі болмақ. Рес­ми дерек бойынша, елімізде ау­дандық, облыстық және Жоғарғы сотты қоса алғанда 2 684 судья бар, қазіргі таңда 2 400 судья нақты жұ­мыс істейді екен.
«Судья қызметіне 14 пайыз ва­кансия бар. Енді олардың жала­қысына тоқ­та­лайын, оның еш құ­пиясы жоқ. Аудан­дық деңгейдегі судьяның жалақысы ор­та есеппен 400-500 мың теңге ара­лы­ғында, ал облыстық деңгейдегі судья­ның жа­лақысы – 600-700 мың теңге, Жо­­ғарғы соттағы судьяның жала­қысы 800-900 мың теңге аралығында. Мұнда еске­­ретін жайт бар, әрбір судья­ның еңбек өтіліне байла­нысты жалақысында айырма­шылық болуы мүмкін», – деді ол.

Айдана БЕГІМ