Ақтөбеде дәрі бағасының тұрақтылығы жіті назарда. «Nur Otan» партиясының Ақтөбе қалалық филиалы жанындағы партиялық бақылау комиссиясы мүшелері дәріханалардағы медициналық препараттардың қоры мен сатылу көлемін бақылап, құнын білді. «Nur Otan» партиясы Ақтөбе қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Нұрлыбек Жүсіпов бастаған мобильді топ құрамы Europharma, «Миллениум», «Провизор» дәріхана желілерінде болды. Партиялық комиссия мүшелері рейд барысында дәрілердің жеткілікті қорының бар екеніне және дәрілер Денсаулық сақтау министрлігінің бекіткен шекті бағамен сатылып жатқанына көз жеткізді.
– Біз мониторинг кезінде 6 дәріханаға бардық. Дәрі-дәрмектің бағасы шілде-тамыз айына қарағанда арзан және тұрақты. 5-10 теңге ғана айырмашылық бар. Дәріханалар бір-екі айға жететін дәрімен қамтамасыз етілген. Сұранысқа орай жеткізіліп отыр. Бұрынғыдай кезек жоқ. Фармацепттердің айтуынша, дәріханаларға күніне 5-10 адам ғана келеді, – деді партиялық бақылау комиссиясының төрағасы Жұмабек Куканов.Партиялық бақылау комиссиясы бетперденің де бағасын сұрастырып білді. Қорғаныс құралы қазір 50 теңгеден сатылуда. Сонымен қатар партиялықтар халықпен әңгімелесіп, олардың да пікірін тыңдады. Тұтынушылар дәрі-дәрмектің бағасы қолжетімді екенін айтты. Бір атап өтерлігі, партиялық бақылау комиссиясы мүшелері бір дәріхананың фискалдық чегінде дәрі-дәрмек атаулары көрсетілмегенін байқады. Бұл олқылықты тез арада жоюға ұсыныс берілді. Партиялықтар жуық арада осы дәріханаға қайтадан келіп, бақылау жұмыстарын жалғастырады. Айта кету керек, Ақтөбе қаласында 278 дәріхана бар. Партиялық бақылау комиссиясының төрағасы Жұмабек Кукановтың айтуынша, мониторинг жұмысының мақсаты – дәріханалардағы қажетті дәрі-дәрмектердің негізсіз қымбаттауына жол бермеу, қызмет көрсетушілер мен тұтынушылардың тәртіпті қатаң сақтап, антисептикалық құралдар мен қорғаныс құралдарын мақсатты пайдаланғанына көз жеткізу.
Әбілмансұр ЖАСАН