Соңғы кездері Шымкент қаласы әкімінің басынан бұлт арылмай қойды. «Бір айналдырғанды шыр айналдырады» демекші, үшінші мегаполис әкімінің әрекеті көпшілікке ұнамай барады. Себебі ол тарихы тереңде жатқан алып шаһардағы анау-мынау емес, ірі нысандарға қол сала бастады.
Естеріңізде болса, қала билігі өткен айда Асанбай Асқаров салып кеткен атшаптырым ипподромды BI Group құрылыс компаниясына сататыны туралы хабарлағанда халық шулап, қоғамда қызу пікірталас туған. Қала әкімдігі оның себебін жан-жақты дәлелді дәйектермен түсіндіріп, ақталғанымен, қоғам қабылдай алмады. Енді, міне көп ұзамай саудаға қатысты тағы бір мәселенің басы қылтиды. Бұл жолғы жырдың бәсі бөлек. Шымкент қаласының халықаралық әуежайы сатылмақ. Бұл туралы газетіміздің өткен нөмірлерінің бірінде де жазғанбыз. Еске салсақ, бүгінгі таңда Шымкент қаласының Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының теңгерімінде тұрған әуежай сенімгерлік басқаруға берілмек. Яғни, нысан жеке тұлғаға сатылады. Сатып алу құқығымен сенімгерлік басқаруға беру үшін жарияланған тендер бойынша әуежайдың бастапқы құны – 5,2 млрд теңге, нысанның кепілдік жарнасы 785,1 млн теңге болып бекітілген. Алайда кейбір қоғам белсенділері бұл бағаны өте төмен деп есептейді. Енді бірі аталған сауда-саттықтың тез арада өтіп жатқанына күмәнмен қарайды. Әсіресе, Парламент Мәжілісінің депутаты Аманжан Жамаловтың бұл сауда әлдебіреулерге тиімді болуы мүмкін, себебі 10 жыл бойы сенімгерлік басқаруға берілетін әуежайды сатып алуға өтінім беру бар-жоғы 18 қыркүйек пен 8 қазан аралығына ғана белгіленуі күдік туғызады деген пікірін қолдаушылар көбейді. Осылайша, тағы да қоғам талқысына түскен бұл нысан конкурс уақыты келсе де, әзірге сатылып кете қойған жоқ. Себебі бекітілген мерзім аралығында тендерге 1 ғана компания өтінім берген. Ал заң талаптары бойынша 1 компаниямен конкурс өткізуге болмайды. Сондықтан тендерге қатысуға өтінім беру мерзімі қайтадан 14 қазанда хабарландырылып, байқаудың қорытындысы енді 3 қарашада шығады. Ендігі мәселе, SCAT әуекомпаниясы Шымкент қаласы әкімдігін сотқа беріп отыр. Бүгінгі таңда Шымкент қаласының ауданаралық мамандандырылған экономикалық сотында осынау акционерлік қоғамның қала әкіміне және әкімдікке, Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы мен қаржы басқармасына қатысты талап арызы қаралуда. Әуекомпания қала әкімдігінің сенімді басқаруға беру туралы қаулысына наразы. Ол сотқа берген талап арызында осы қаулыны жоюды және сенімгерлік басқаруға беру туралы тендер өткізуді заңсыз деп тануын сұрайды. Сонымен қатар нысанды сату туралы хабарландыруды мәжбүрлі түрде алып тастау бойынша талап арыз беріп отыр.Назгүл НАЗАРБЕК, Шымкент қаласы