Шағын бизнестің шарапаты
Шағын бизнестің шарапаты
155
оқылды

Мемлекет басшысы «Атамекен» ҰКП прези­диумы­ның төрағасы Тимур Құлыбаевты қабылдады.

Кездесу барысында Мемлекет басшысына Ұлттық палатаның қазіргі жұмыстары мен алдағы жоспарлары, сондай-ақ кәсіпкерлерді қолдау жөнінде қабылданып жатқан нақты шаралар туралы баяндалды.

Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздегі микро және шағын бизнесті дамытып, кәсіпкерліктің осы категориясы үшін салықтан босату жүйесін тиімді пайдалану маңызды екеніне баса назар аударды. Президент шағын бизнестің ауқымын арттыру мақсатында жаңа бастаған кәсіпкерлерді жаппай оқытуды ұйымдастыру қажет деп есептейді.

Сондай-ақ Мемлекет басшысы Ұлттық қоғам­дық сенім кеңесі мүшелерімен кездесу өткізді. Белгілі заңгер, адвокат Айман Омаровамен кездесуде азаматтардың құқығын қорғау және осы бағыттағы заңнаманы жетілдіру мәселелері талқыланды. Атап айтқанда, А.Омарова Қазақ­стан Республикасы Қылмыстық Кодексінің 130-ба­бы­ның қылмыстық мазмұнын өзгерту және 174-бабына түзетулер енгізу туралы ұсыныс жаса­ды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев А.Омарованың бастамасының маңызды екенін атап өтіп, кемсітушілікке қарсы заңнама нормаларын ен­гіз­генде шетелдік тәжірибені қолдану қажеттігін айтты.

Саясаттанушы Данияр Әшімбаевпен әңгі­мелесу барысында сарапшылар қауымдастығы мен жұрт­шылықты белсенді тарта отырып, мемлекеттік бағ­дар­ламалардың жүзеге асырылуына және Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының жұмысына ба­қылауды күшейту жайындағы ұсыныстар қаралды.

Қоғам қайраткері Ауыт Мұқибекпен кездесу кезінде миграция және көші-қон туралы заңнаманы жетілдіру мәселелері көтерілді. Ауыт Мұқибек Мемлекет басшысының «оралман» сөзінен бас тартып, оны «қандастар» деп өзгерту жөніндегі бастамасын қолдайтынын айтты.