Пандемиямен күреске Қазақстан аз қаражат бөлген жоқ. Ол аз болғандай, алдағы екінші толқынға тағы бөлінеді. Көктемнен бері атқарылған шаралардан қаражаттың оң емес, солға кеткенін көп байқадық. Бірнеше есе қымбатқа сатып алып, шығынға бату, түрлі заңбұзушылық, жемқорлық сынды бірнеше фактіні көз көрді. Бұл – әлі толық ашықтық жоқ болғандағы көрініс. Егер бюджеттің әр тиынын санаса, есебі дәл шыға ма, белгісіз.
Сәуірде Президент тапсырмасымен Үкімет резервінен 23,5 млрд теңге бөлінген болатын. Тарқатып айтқанда, 2,7 млрд теңгесі – тепловизорлар, зертхана жабдықтары мен коронавирусты анықтайтын тест жүйелерін алуға, 131 млн теңгесі – Қазақстан азаматтарын Қытайдан эвакуациялауға, 20,6 млрд теңгесі жеке қорғаныс, дезинфекция құралдары, дәрі-дәрмекке кеткен. Қаражаттың осы бөлігінен аймақтарға – 11,6 млрд теңге, Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларына – 1,4 млрд теңгеден, Шымкентке 605 млн теңге жолданған. Үш траншпен: 29 қаңтарда, 21 ақпанда және 25 наурызда бөлініпті. Бұдан бөлек, республика бюджетінен қосымша бөлінген 125 млрд теңге бар. Эпидемиямен күрес мақсатында Денсаулық сақтау министрлігіне берілген сома – 114,8 млрд теңге. Бұл қаражаттың қалай жұмсалғанына келсек, қолда бар деректен мынадай көрініс шығып тұр: карантин іс-шараларына атсалысқан ақ халаттыларға қосымша сыйақы беруге (40,6 млрд теңге), коронавирус жұқтырғандарды емдеген медициналық ұйымдардың қызмет ақысына (19,5 млрд теңге), елордада, Алматыда және Шымкентте медициналық модульді кешен салуға (14,8 млрд теңге), төтенше жағдай кезінде тұрмыстық және азық-түлік жинағына (30,8 млрд теңге), медицина қызметкерлері, ішкі істер органдары, Ұлттық гвардия мен Қарулы Күштердің әскери қызметкерлеріне сыйақы беруге (8,1 млрд теңге) кеткен. Бюджеттен бөлінетін ақшаны барынша үнемдей отырып, ұтылмаудың амалын қарастырмаса, қазынаға салмақ тағы түсуі мүмкін. Мысалы, коронавирусты емдеуге арналған антиретровирустық препараттар үш есе қымбат бағаға алынған. Коронавирус инфекциясына қарсы құны 10 млн теңгедей болатын 65 мыңға жуық таблетка алынғанын мамырда «СҚ-Фармация» хабарлаған еді. Vlast тілшісінің осы тақырып бойынша жүргізген есебі бойынша, бір таблетка 153,8 теңге, бір қорабы 18,5 мың болғанын байқаймыз. Ал әлемдегі бағаға келсек, осы препараттың генерик нұсқасы, яғни оригиналдан кем түспейтін түрі 8 мың теңге тұрады. Егер ақпанда генерик препараттар алғанда, мемлекет 6 млн теңге үнемдеуі мүмкін еді. Осы ретте, неліктен қымбатқа ұрындық деген заңды сауал туады. ВИЧ жұқтырған адамдар құқығын қорғайтын Answer қоғамдық қорының директоры Елена Расокина мәселенің неде екенін былай түсіндіреді. «Еліміздің қазіргі патенттік заңнамасына сәйкес, патент иесінен оригиналын алуға міндеттіміз. Бірақ мәжбүрлі лицензиялау механизмі арқылы генериктерді сатып алуға болады. Ол үшін патент иесін сотта жеңу керек», – дейді Растокина. Мәжбүрлі лицензиялау дегеніміз – форс-мажор бола қалған жағдайда қарастырылатын механизм. Мысалы, бізге бюджет үнемдеу керек болды делік. Осындайда ел ішінде жарлық қабылдап, қоғам игілігі үшін генерикалық компаниялардан арзандау бағаға сатып алуға не елде өндіруге болады. Бірақ патент иесімен соттасуға ұзақ уақыт кетеді екен. Растокинаның сөзінше, генерик препараттарды тіркеуге кемінде бір жыл кетеді. Наурызда Қазақстанда алғашқы фактілер тіркеле бастағанын ескерсек, сол кезде егер қолға ала бастағанда, ендігі алға жылжу болуы да бек мүмкін еді. Жалпы, бюджеттің орынды жұмсалуына қатысты күдік пен күмән көп. «СҚ-Фармацияның» айналасындағы жемқорлық жайлы әңгіменің өзі неге тұрады? Zertteu институты қоғамдық қорының бюджет сарапшысы Ғалымжан Оразымбет бюджеттің орынды жұмсалу-жұмсалмауына баға берудің оңай емесін айтып отыр. «Ковидпен күреске бөлініп жатқан қаражаттың қаншалықты тиімді жұмсалып жатқанын бағалау қиын. Өйткені бізде ашықтық жетіспейді. Біздегі ең басты проблеманың бірі – осы. Бөлінген ақшаның есебін әлі ешкім берген жоқ. Толық ашықтық қамтамасыз ету керегін Қ.Тоқаевтың өзі бірнеше рет айтты. Бірақ оны тыңдаған ведомство байқамадым. Жұмсалған қаржының ашықтығын талап етіп қоғамдық ұйымдар Президентке хат жазған. Ол да жауапсыз қалды. Біз мемлекеттік сатып алу порталындағы түрлі мемлекеттік мекеменің жұмсағанына қарап отырып, кішігірім баға бере аламыз. Ол жердегі мәліметтерге келсек, тиімді, заңды жұмсалып жатыр деуге келмейді. Мәселен, өкпені жасанды желдету аппараттарын нарықтағыдан бірнеше есе жоғары бағаға сатып алған. Бұрын медициналық керек-жабдықтарды жеткізумен айналыспаған компаниялардың аяқасты сатып жатқанын көріп отырмыз. Бұл жердегі мәселе – салаға маманданбаған компаниялардың қызмет көрсетуі және бағаның бірнеше есе жоғары болуы», – дейді сарапшы. 21 қазан күні Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің төрағасы Наталья Годунованы қабылдаған еді. Содан белгілі болғаны, экономиканы қолдауға және пандемиямен күреске бөлінген ресурс комитеттің бақылауында екен. 940 млрд теңгенің шығыны бақылауға алынып, қаржылық тәртіпбұзушылықтар анықталып үлгерген. Одан бөлек, Тоқаев республикалық бюджеттің 2021-2023 жылдарға арналған жобасының бағалау нәтижелерімен танысты. 2020 жылға бекітілген бюджетке келсек, кіріс көлемі 12 трлн теңге шамасында болады деп күтіліп отыр. Шығын болса, 14,5 трлн теңге деседі. Кірген кірістен, шыққан шығын көп екенін байқап отырмыз. Шығын демекші, коронавирус инфекциясының екінші толқынына дайындыққа қосымша 238,7 млрд теңге бөлінеді деген ақпаратты Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев жеткізді. Мұның 143,4 млрд теңгесі – карантин шараларын өткізуге атсалысқан медицина қызметкерлеріне, 83,2 млрд теңгесі – кепілді тегін медициналық көмек аясында COVID-19 таралмауы үшін жасалған медициналық қызметтерді төлеуге, 11,7 млрд теңгесі эпидемияға қарсы шараларға қатысып жатқан ішкі істер органдары қызметкерлеріне берілетін сыйақыға бөлінеді деседі. Осы күнге дейін бюджеттің қаншалықты орынды, тиімді, мәселені реттеуге бөлінгені туралы нақты көріністі шығара алмай отырғанымыз өкінішті. Көзге көрінгенінің өзі көңіл көншітпейді. Ал енді қосымша бөлінетін қаражаттың қалай жұмсалатынын алда байқаймыз.Жадыра АҚҚАЙЫР