Қазақстан Қорғаныс министрінің Қытай Халық Республикасына жұмыс сапары жалғасуда. Н.Ермекбаев «Сяншань» қауіпсіздік мәселелері бойынша IX Бейжің форумында сөз сөйледі.
Форумның пленарлық отырысындағы баяндамасында қорғаныс ведомствосының басшысы қару-жарақ пен жаһандық қауіпсіздікті халықаралық бақылау жүйесіне қатысты ой-пікірін айтты.
«Тәуелсіздік жылдарында еліміз көршілік пен ынтымақтастық белдеуін құрды, Азиядағы сенім шаралары мен өзара іс-қимыл жөніндегі кеңестің құрылуына бастама танытты, ШЫҰ құрылтайшыларының біріне айналды. Азияның қауіпсіздігін қамтамасыз ету жолдарын кіріктіру жөніндегі жұмысты біртұтас етіп жалғастыруды қажет деп санаймыз. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев айтқандай, «Бүгін біз өкінішке қарай, әртүрлі екіжақты альянстардың, өңірлік және субөңірлік институттардың алуан түрін көріп отырмыз» деді ол.
Министр ғарышта, Әлемдік мұхит пен Арктикадағы бейтарап суларда қару-жарақты орналастыруға тыйым салу туралы «Әлем. ХХІ ғасыр» манифесінде атап өтілген Елбасы бастамасының маңызын, сондай-ақ жаппай жою қаруының жаңа түрлерін құру үшін ғылыми жаңалықтарды пайдалануға тыйым салу туралы атап өтті.
«Өңірлік және жаһандық тұрақтылық көбінесе келісілген іс-қимылымызға байланысты болады. Сондықтан бірлескен шешімдерді іздестіру және теріс үрдістер мен қауіп-қатерлерге тойтарыс беруді тереңдету қажет», – деп Нұрлан Ермекбаев ойын түйіндеді.
Қытайға жұмыс сапары барысында министр қытайлық әріптесі ҚХР Ұлттық қорғаныс министрі, генерал-полковник Вэй Фенхэмен кездесті.
Қорғаныс ведомстволарының басшылары әскери саладағы екіжақты ынтымақтастық бағыттарын, бірлескен оқу-жаттығуға қатысу, кадр дайындау, сондай-ақ әскери-техникалық өзара іс-қимылды талқылады. Министр қытайлық әріптесіне Бейжің форумына қатысуға шақырғаны үшін алғыс білдірді.
Одан басқа, Қорғаныс министрі CATIC қытай ұлттық аэроғарыш импорттық-экспорттық корпорациясына және қосалқы бөлшектерді сақтауға арналған автоматтандырылған қоймаға барды.