«Қомағай» клубтар миллиардтарды жұтады

Елімізде спортқа бөлінетін қаржы қайта қарастырылатын болды. Таяуда Мәдениет және спорт министрлігі барлық республикалық ойын феде­рациясымен (футбол, хоккей, гандбол, волейбол, баскетбол және тағы басқа) арнайы кеңес өткізді. Онда аталған клубтардың қаражатын қайта бөлудің бірыңғай тәсілдері талқыланды.

Клубтардың спортшылар жалақысы үшін бюджетінің 50 пайызына дейін жұмсайтыны анықталып, федерациядан бұл жайтты реттеу бойынша түрлі ұсыныстар келіп түсті. Осы мәселе бойынша Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде онлайн брифинг өткізді. Онда министр Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 1 қыркүйектегі «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Қазақстан халқына Жолдауы аясында балалардың спорттық және шығармашылық әлеуетін дамыту бағытында министрлік атқарып жатқан жұмыстар туралы баяндады.

Мемлекет басшысы Жолдауда қаржы тапшылығы кезінде кәсіби спорт клубтарын мемлекеттік бюджет есебінен толық қамта­масыз етудің қажеті жоқ екенін айтты. Бү­­гін­гідей сындарлы кезеңде олардың күш-жі­гері мен қызығушылығын дұрыс арнаға бағыттаудың маңызы сөз болды. Сонымен қоса олардың кейбіріне ұлттық компаниялар немесе жекеменшік иелері қолдау көрсететіні тілге тиек етілді.

– Өскелең ұрпақтың спорттық және шығармашылық әлеуетіне баса назар аудару қажет. Қаржы тапшылығы кезінде мемлекет бюджеті есебінен кәсіби спорт клубтарын толықтай қамтамасыз етудің қажеті жоқ. Мемлекеттің және квазимемлекеттік ком­паниялардың бюджетінен миллиардтаған теңге тиімсіз жұмсалуда, – деді Президент Қасым-Жомарт Тоқаев.

Осы ретте, Мемлекет басшысының Жолдауын іске асыру жөніндегі жалпыұлттық іс-шаралар жоспарында Мәдениет және спорт министрлігінің алдына халықтың, оның ішінде, ең алдымен балалардың арасында денешынықтыру және бұқаралық спортпен айналысушылар санын арттыру, спорт сек­цияларын ашу, балалар үйірмелерінің қызметін қалпына келтіру міндеті қойылды.

Abai.kz ақпараттық порталының жур­налисі Қуанышхан Өмірхан кәсіби спорт клубтары шенділердің қалтасын қампитатын қамбаға айналғанын, сондай-ақ біздің елде спорт федерацияларын кәсіби маман емес, әкімқаралар басқаратынын жасырмады.

– Халықтың қалтасынан шыққан қар­жы­ның күшімен күн көретін Қазақстан кәсби спортына айтылар сын көп. Бюд­жет қаржысының бүйірін сорып отырған фут­бол, хоккей, баскетбол, велоспорт сынды «қо­мағай» спорт түрлерін қаржыландыру үшін жылына миллиардтаған ақша қажет. Спорт клубтарына жыл сайын қыруар қаржы бөлініп жатқанымен, қаржыға сай нәтиже талап етіп жатқан ешкім жоқ. Бұл клубтар ел алдында, мемлекет алдында есеп те бермейді. «Бюджеті қанша, шетелдік спортшыларды қаншаға сатып алды, оларға қанша жалақы төлейді, нәтиже қандай?» деген сұрақтар шенділерді ешқашан мазаламайды. Жауапты басшылар бөлінген қаржының қайда жұмсалғаны жайлы жұмған аузын ашқан емес, – дейді ол.

Енді мына жайтқа назар аударыңыз. 2019-2020 жылы еліміздің 17 өңірінде жергілікті бюджеттен бөлінген 252,6 млрд теңгенің басым бөлігі футбол және хоккей клубтарына кетеді екен. Бірақ олар әлі күнге дейін елеулі нәтижелерге жете алмай келеді. Мәселен, 2019 жылы бөлінген 121,3 млрд теңгенің 34,1 млрд теңгесі (28,1%), 2020 жылы бөлінген 131,3 млрд теңгенің 37 млрд теңгесі (28,2%) футбол клубтарына берілгені тағы бар.

Жалпы, Қазақстанда жазғы олим­пиада­лық спорт түрлеріне жататын 95 кәсіби клуб жұмыс істейді. Олар: гандбол – 9, су добы – 2, допты хоккей – 1, регби – 2, баскетбол – 9, клас­сикалық және жағажай волейболы – 23, футбол – 49, бұлардан бөлек ондаған хок­кей клубы бар екенін айта кеткен жөн. Осының бәрі бюджетке қарап отыр. Ал ең өкініштісі, алматылық «Қайрат» футбол клу­бынан басқа бірде-бір командада жеке қо­жайын жоқ.

– Жергілікті билік жалпы жұмсалатын 152 миллиард теңгенің тек болмашы бөлігін бұқаралық спортқа жұмсайды. Сөйте тұрып, бірде-бір әкімдік қанша қаржы жұмсайтынын нақты айта алмайды. Ал дамыған Еуропа елдерінде бұқаралық спорт пен жоғары деңгейлі спортқа бөлінетін қаражаттың арақатынасы 47мен 53 пайызды құрайды, – дейді Мәжіліс депутаты Нұржан Әлтаев.

Өз кезегінде министрлік бюджет қара­жатынан төлемдердің рұқсат етілген нор­масын анықтайтын, спортшы, жат­тық­тырушы және клуб жетекшісіне жалақы төлемдерін заңды деңгейде реттейтін заң жобасына түзетулер енгізіп, Парламент Мәжілісіне қарауға жіберген болатын. Бұл мәселе Мәжілістің жұмыс тобының отырысында қаралып, депутаттар тарапынан қолдау тапты. Яғни, жақында Мәдениет және спорт министрлігі бұқаралық спортты дамыту мақсатымен арнайы заң жобасын дайындауға білек сыбана кіріседі. Әзірге  мибатпаққа батқан саланың оңалатын түрі жоқ.

AblaiАбылайхан ЖҰМАШ

Aikyn.kz | Бүгінгі жаңалықтар. Әлем және Қазақстан жаңалықтары.