Рәміздер орталығы құрылмақ
Рәміздер орталығы құрылмақ
173
оқылды

Мемлекеттік органдарда награда түрлері көп, арасында атаулары мен мақсаттары ұқсастары да жетерлік. Оның үстіне меморгандардан жаңа медальдар мен төсбелгілерді енгізу туралы ұсыныстар түсуде. Жаңа орталық қолданыстағы және жаңадан ұсы­нылғандарына сараптама жасамақ.

Мемлекеттік хатшы Қырым­бек Көшербаевтың төраға­лы­ғы­мен Ақордада өткен Мем­лекеттік рәміздер мен ведомство­лық және оларға теңес­тіріл­ген өзге де наградалар гераль­дикасы мәсе­лелері жөніндегі респуб­ликалық комиссия отырысында Мемлекет басшысының осы салада берген тап­сырмаларының орындалуы мәселелері қаралды.

Жиында мысалы, Қытайдан әке­лінген мемлекеттік Ту мен Ел­таң­баны пайдалануға тыйым с­а­лынатыны жария етілді. Мә­дениет және спорт министрі А.Райымқұлова сырт­тан әке­лінетін рәміздердің мемстан­дарттарға сәйкестігін қамтамасыз ету мүмкін емесін білдірді.

– Отандық нарықта елден тыс­қары жерде дайындалған мем­ле­кеттік рәміздер бар. Айталық, 2019 жылдың 8 айында олардың им­порты 3,4 миллиард теңгені құ­ра­ды. Бұл мәселені шешу үшін дайын­даушыларға арналған білік­тілік талаптарын оларды елдің аумағында ғана өндірудің толық циклын жолға қою туралы нормамен толықтыру ар­қылы мемлекеттік рәміздердің им­­портына тыйым салу қажет. Дайын өнімдерді шетелден са­тып алатын өндірушілерден ли­цен­зия­ны қайтарып алу бойынша нақты жұмыс жүр­гі­зілуде, – деді министр.

Бүгінде 63 лицензианттың тек 29-ы ғана біліктілік талаптарына сәйкес деп танылған. Қалғандары ту мен елтаңбаны өздері жа­сауға кірісуге тиіс, әйтпесе жұ­мыс­тары тоқтатылады.

Осыған орай, комиссия төра­ғасы Қырымбек Көшербаев Сауда және интеграция, Ұлт­тық экономика, Қаржы м­и­нистрлік­теріне дайындаушыларға біліктілік талаптарын күшейту арқылы мемлекеттік рәміздерді Қазақстан аумағында өндірудің толық циклын қамтамасыз ету және олардың им­портына тыйым салу туралы тапсырма берді.

Мәдениет министрі ведомс­тво­лық марапат мәселелеріне тоқ­талды.

– Қазіргі уақытта меморган­дардың ведомстволық награ­да­ларының жалпы саны – 183. Оның 103-і – медаль, 80-і – төсбелгі. Ең көбі ІІМ-де – 36, Ұлттық қауіпсіздік коми­тетінде – 27, Индустрия және инфрақұрылымдық даму ми­нистр­лігінде – 22. Ведомстволық награ­да­ларды оңтайландыру мақса­тын­да нақты қадамдар жасалады, – деді Ақтоты Райымқұлова. Бірін­шіден, марапаттардың дәрежелері (І, ІІ және ІІІ) алынып тасталмақ. Екіншіден, ұқсас марапаттар, мы­салы, «Үздік автокөлікші» және «Құрметті автокөлікші», «Әділет органдары жүйесінің құрметті қыз­меткері» және «Әділет орган­да­рының үздігі» сияқты төсбелгілер біріктіріледі.


Nur Otan партиясы Төраға­сының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек патриотизмді нығайту және қоғамдық сананы жаңғырту үшін мемлекеттік рә­міз­дерді насихаттау бағытында көш­басшы партия атқарып жатқан шараларға тоқталды. Ол Nur Otan-ның қолдауымен 10 қазанда «Медеу» спорт кешені аумағында биіктігі 40 метрлік тутұғыр орнатылып, көлемі 7х14 метрлік мемлекеттік ту көтерілгенін мәлім етті.

– Түркияда, АҚШ-та мем­лекеттік ту жеке аулаларда, тұрғын үйлерде, қоғамдық орындарда, туристік нысандарда ілулі тұрады. Ал біздің қоғамда мемлекеттік ту­ды қоғамдық орындарда пайда­ла­нуға, ілуге рұқсат жоқ деген жал­ған стереотип қалыптасқан. Жұрт­шы­лықты қате түсініктен арылту үшін партия «Менің туым, менің Отаным!» патриоттық акциясын қолға алды. Бұл акция мемлекеттік туды қоғамдық орындарда, туристік нысандар мен бағыттарда, сауда ойын-сауық орталықтарында, ЖОО-ларда жаппай орналастыру-ды көздейді, – деді Бауыржан Байбек.

Мемлекеттік хатшы Nur Otan партиясының «Менің туым, менің Отаным!» акциясына республика көлемінде жан-жақты қолдау көр­сетуді жүктеді. Ал осы жауапты са­ланы мемлекеттік деңгейде үй­лестіру үшін Қ.Көшербаев Мәдениет және спорт министрлігі жанынан Геральдика орталығын» құруды тапсырды.

– Мемлекеттік рәміздерге көз­қарас – тәуелсіздікке көзқарас. Ол саяси жауапкершілікті, саяси қырағылықты, ширақ қимылды қажет етеді. Бұл маңызды мәселеде біртұтас көзқарас, бірыңғай саясат қажет, – деп түйді Қырымбек Көшербаев.


Ерік ЕРДЕН