Жеті қазық – рухани азық
Жеті қазық – рухани азық

«Отанды сүю иманнан». Адам бойын­дағы рухани қа­зық­­тың негізі – дінде. Оны Қа­зақстан мұ­сыл­мандары­ның рухани тұғырнамасы дә­лел­дейді. Құндылық сақтал­ған жерде бірлік бекем бо­ла­ды. Тұрақтылық пен татулық мем­лекет айбынын айқын­дай­ды. Мұндай келелі пікір­лер ҚМДБ-ның ұйым­дас­ты­руы­мен елордада өткен «Ру­хани құндылықтар – қоғам бірлігінің негізі» атты ІІІ рес­пуб­ликалық имамдар фору­мында айтылды.

Форумға Президент Әкім­ші­лігінің басшысы Ерлан Қошанов, Премьер-министрдің орынбасары Бердібек Сапарбаев, Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Серікбай қажы Ораз, ҚМДБ төрағасының бірінші орынбасары, Нұр-Сұлтан қала­сының бас имамы Наурызбай қажы Тағанұлы, мемлекет және қо­ғам қайраткері Мырзатай Жол­дасбеков т.б. ғалымдар, депу­тат­тар, белгілі теологтар мен еліміздің әр аймағынан келген 500 имам қатысты.

Ерлан Қошанов форумның елге берері, мүфтияттың қоғам­дағы орны мен ролін айрықша атай келіп, Президенттің құт­тық­таухатын оқып берді. Құттық­таухатта имамдардың рухани ағартушы екені, құндылықтар жастарды тура жолға бастайтыны жайында жазылған.

«Бүгінгі форум ҚМДБ-ның ұйым­дастырушылық-ағарту­шы­лық қызметін жаңа бір белеске көтеріп, дін саласындағы жаңа бастамаларға тың рухани сер­пін беретініне сенімдімін. Бү­гінгі мешіт имамдарының ха­лық арасында жүргізетін ауқым­ды істері Қазақстан мұсылман­да­ры­ның рухани сұранысына қалт­қысыз қызмет етудің жар­қын кө­рі­нісіне айналды. Соны­мен қатар қоғамдағы бірлік пен ке­лі­сім­ді, татулық пен бейбітшілікті ны­ғайтуға да аянбай үлес қосуда», – деп атап өтті Ерлан Қошанов.

Рухани құндылықтың форум тақырыбына арқау болғаны көпке ұнады. Премьер-министрдің орынбасары Бердібек Сапарбаев қоғамда тұрақтылық пен иман­ды­лық болмаса, ол елде даму бол­майтынын атап өтті.

«Расында, қоғамда дін қыз­мет­керінің орны ерекше. Сіздер адам баласы дүние есігін ашқан сәттен бастап, дүние салған сәтке дейін діни рәсімдерді атқарып бересіздер» деді ол.

Алқалы жиында Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев бұл форумның ҚМДБ-ның қоғамдағы беделін арттыруға, имамдарымыздың мәртебесін күшейтуге, еліміздегі мұсылман үмбетінің ортақ мүддеге бірігуіне септігін тигізетініне сенім білдірді.

Бас мүфти Серікбай қажы Ораз баяндамасында тіршіліктің құлшылықсыз, ал құлшылықтың тіршіліксіз мәні болмайтыны секілді, адамның өмір сүру салты мың құбылған мына заманда рухани құндылықтар маңызы артып келе жатқанын айтты.

«Еліміздің Тұңғыш Прези­денті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев­тың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласындағы игі идеяларды, сонымен қатар Мем­лекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың сайлауалды тұғырнамасында көрсетілген «Баршаға ортақ игілік. Сабақ­тастық. Әділдік. Өрлеу» бас­та­масын қолдай отырып, оған үлес қосуды азаматтық борышымыз деп санаймыз. Бүгінгі шара – осындай ізгі ойдан туған бастама. Біздің басты құндылығымыз –елдің амандығы мен жердің ты­ныш­тығы, бірлігі мен бейбіт­шілігі», – деді ол.

Форумда «Жеті рухани қазық» Қазақстан мұсылмандарының рухани тұғырнамасы, «Дін қыз­мет­керлері атқаратын діни рәсімдер тізілімі», «Діни қызметкерлердің лауазымдық міндеттері» және «Діни лауазымдар тізілімі» атты құжаттар қабылданды әрі ІІІ рес­публикалық имамдар форумының үндеуі жарияланды.


Айзат АЙДАРҚЫЗЫ