«Отанды сүю иманнан». Адам бойындағы рухани қазықтың негізі – дінде. Оны Қазақстан мұсылмандарының рухани тұғырнамасы дәлелдейді. Құндылық сақталған жерде бірлік бекем болады. Тұрақтылық пен татулық мемлекет айбынын айқындайды. Мұндай келелі пікірлер ҚМДБ-ның ұйымдастыруымен елордада өткен «Рухани құндылықтар – қоғам бірлігінің негізі» атты ІІІ республикалық имамдар форумында айтылды.
Форумға Президент Әкімшілігінің басшысы Ерлан Қошанов, Премьер-министрдің орынбасары Бердібек Сапарбаев, Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Серікбай қажы Ораз, ҚМДБ төрағасының бірінші орынбасары, Нұр-Сұлтан қаласының бас имамы Наурызбай қажы Тағанұлы, мемлекет және қоғам қайраткері Мырзатай Жолдасбеков т.б. ғалымдар, депутаттар, белгілі теологтар мен еліміздің әр аймағынан келген 500 имам қатысты.
Ерлан Қошанов форумның елге берері, мүфтияттың қоғамдағы орны мен ролін айрықша атай келіп, Президенттің құттықтаухатын оқып берді. Құттықтаухатта имамдардың рухани ағартушы екені, құндылықтар жастарды тура жолға бастайтыны жайында жазылған.
«Бүгінгі форум ҚМДБ-ның ұйымдастырушылық-ағартушылық қызметін жаңа бір белеске көтеріп, дін саласындағы жаңа бастамаларға тың рухани серпін беретініне сенімдімін. Бүгінгі мешіт имамдарының халық арасында жүргізетін ауқымды істері Қазақстан мұсылмандарының рухани сұранысына қалтқысыз қызмет етудің жарқын көрінісіне айналды. Сонымен қатар қоғамдағы бірлік пен келісімді, татулық пен бейбітшілікті нығайтуға да аянбай үлес қосуда», – деп атап өтті Ерлан Қошанов.
Рухани құндылықтың форум тақырыбына арқау болғаны көпке ұнады. Премьер-министрдің орынбасары Бердібек Сапарбаев қоғамда тұрақтылық пен имандылық болмаса, ол елде даму болмайтынын атап өтті.
«Расында, қоғамда дін қызметкерінің орны ерекше. Сіздер адам баласы дүние есігін ашқан сәттен бастап, дүние салған сәтке дейін діни рәсімдерді атқарып бересіздер» деді ол.
Алқалы жиында Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев бұл форумның ҚМДБ-ның қоғамдағы беделін арттыруға, имамдарымыздың мәртебесін күшейтуге, еліміздегі мұсылман үмбетінің ортақ мүддеге бірігуіне септігін тигізетініне сенім білдірді.
Бас мүфти Серікбай қажы Ораз баяндамасында тіршіліктің құлшылықсыз, ал құлшылықтың тіршіліксіз мәні болмайтыны секілді, адамның өмір сүру салты мың құбылған мына заманда рухани құндылықтар маңызы артып келе жатқанын айтты.
«Еліміздің Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласындағы игі идеяларды, сонымен қатар Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың сайлауалды тұғырнамасында көрсетілген «Баршаға ортақ игілік. Сабақтастық. Әділдік. Өрлеу» бастамасын қолдай отырып, оған үлес қосуды азаматтық борышымыз деп санаймыз. Бүгінгі шара – осындай ізгі ойдан туған бастама. Біздің басты құндылығымыз –елдің амандығы мен жердің тыныштығы, бірлігі мен бейбітшілігі», – деді ол.
Форумда «Жеті рухани қазық» Қазақстан мұсылмандарының рухани тұғырнамасы, «Дін қызметкерлері атқаратын діни рәсімдер тізілімі», «Діни қызметкерлердің лауазымдық міндеттері» және «Діни лауазымдар тізілімі» атты құжаттар қабылданды әрі ІІІ республикалық имамдар форумының үндеуі жарияланды.
Айзат АЙДАРҚЫЗЫ