Тілдің тірегі – жастар
Тілдің тірегі – жастар
236
оқылды

Елордада тұңғыш рет Мәдениет және спорт министрлігі Тіл саясаты комитеті Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығымен бірлесіп, «Жаһандану және ұлттану үдерісіндегі қазақ тілінің өміршеңдігі» республикалық тіл форумы өтті.

Келелі кеңеске жиналғандар латын қарпін қолданысқа енгізу мен қазақ тілінің мүшкіл халін талқылады. Әсіресе, аймақтардағы тіл басқармаларының жабылуы мен мәдениет, архив құжаттары басқармаларының құрамына бөлім ретінде біріктірілуін тіл жанашырлары ана тілге деген құрметсіздік дейді. Ал Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова тіл мәселесінде даңғазалыққа жол бермей, нақты істер атқару керегін айтты.

– Қазақ тілінің мәртебесін жоғарылатып, ұлтаралық тіл ре­тінде күшейту керегін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Жол­да­уында айтып өтті. Ана тілімізді ұлт­аралық тіл деңгейіне көтеруге бәріміз атсалысуымыз керек. Ол үшін даңғаза жасамай, жұмыс істейік. Мемлекет басшысы би­лік­тің барлық тармағы қоғам болып бірігіп, әрекет ету керегін айтып отыр. Қазақ тілінің қолдану аясын кеңейту – өз қолымызда, – деді министр.

Әлемде 400-ден астам алфавит болса да, дүниежүзі соның 4-5-еуін ғана кеңінен қолданады. Соның бірі – латын алфавиті. Жуырда Қазақстан Президенті латын алфавитінің кем-кетігін түзеу мәселесін көтерді. Осыған байланысты жиынға қатысқан тіл ғалымдары «Көш жүре түзеледі» деп кемшілікке атүсті қарауға болмайтынын да талқылады.

Ғалым, мемлекет және қоғам қайраткері Амангелді Айталы қазақ тілін жойылып кетуден аман алып қалатын жалғыз үміт жастарға сенім артты.

– Қазақ тілінің мәртебесі мен ана тілді сақтап қалады деген жалғыз үмітім қазіргі жастар. Сол үшін 35-40 жастағы ұрпақты билікке көптеп тартуымыз керек. Тілімізді бір құтқарса, солар құтқарады. Бүгінде қазақтілді жастарды орыс тілін білмесе, би­лікке жолатпайды. Тілдің қол­дану аясы кадрмен кеңейеді. Жап­пай қолданыспен өрісі кеңейіп, тұғырына қонады. Себебі форум алдында әлеуметтік талдау жаса­дым. Өйткені посткеңестік ел­дер­де төрт ұрпақ өмір сүріп жатыр. Біріншісі – жылымық кезең­де­гі Сталин заманынан кейінгі ұрпақ, екіншісі – Брежневтің за­ма­нындағы ұрпақ, үшіншісі – қай­та құру кезіндегі буын. Төртін­шісі – жаңа ұрпақ. 90-жылдары билікке келген орыстілді, ұста­ны­мы да орысша ұрпақтың қа­зақ тіліне қатысты тәтті ойлар ай­тып келгенімен, ана тілге жаны ашымады. Тәрбие солай болған­дық­тан, жаны ашымайды. Біз қандай бағдарлама қабылдасақ та, оны кімдер, қандай тәрбие алған адам­дар іске асыратынын ойлауы­мыз керек. Үлкен буынды кінәлап отырған жоқпыз. Бол­мысы, тағдыры солай болды. Мем­ле­кеттің маңызы бар мәселелері орысша талқыланады. Осындай мәселелер қордаланып, «отыз жыл бойы қазақ тілі әлемдік деңгейдегі мәселелерді қозғауға қауқарсыз тіл» деген ұғымды сіңірді. Бүгінде Маңғыстау, Атырау, Ақтөбе, Орал, Қызылорда облыстарында түгелдей қазақ тілінде сөйлету керек. Орысша сөйлейтіндер мен аудармашылар көп. Екі орыс отырса, орысша сайрай жөне­ле­тін­дерді жөнге салсақ, ана тіліміз ұлт үшін қызмет атқарады. Латын алфавитін қолданысқа енгізгенде оның әлеуметтік астарына мән беруіміз керек. Қазақ мектебі көшсе, біз тағы бір буыннан айы­ры­лып қаламыз. Өйткені қазақ-орыс мектебі демей, барлығы жаппай көшу керек, – деді Амангелді Айталы.

Ал Жазушылар одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулет қазақ тілі кеңсенің тілі болмайынша, көсегесі көгермейтінін алға тартты. Жиында Amal books баспасының басшысы Бақытжан Бұқарбай латын қарпінің артықшылығы пен пайдасын түсіндірді.

Сонымен қатар латын алфавиті мен қазақ тілін оңай әрі тиім­ді жолмен үйрететін заманауи интерактивті құралдардың көрмесі өтті. Сондай-ақ ғылым, білім, бизнес, заң, аймақтардағы қазақ тілінің ахуалы талқыланды.