«Бораттың қорлығына төзбеймін» деген павлодарлық облыс әкімімен кездесуді талап етті
«Бораттың қорлығына төзбеймін» деген павлодарлық облыс әкімімен кездесуді талап етті
112
оқылды

Павлодарлық ер азамат облыстық әкімдіктің алдына келіп, наразылық шарасын өткізді. Ол аймақ басшысы Әбілқайыр Сқақовты ашық әңгімеге шақырған. Сол арқылы ел Үкіметіне «Қазақ елінің мемлекеттік Туын шетелдіктерге қорлатпау қажет» деген талабын жоғарыға жеткізбекші болған.

Әлеуметтік желіде аталған жас жігіттің облыстық әкімдіктің есігінің алдында біраз уақыт бойы құқық қорғаушылармен сөзге келіп тұрған видеосы тарады. Әкім, әрине, ол азаматпен кездесуге келген жоқ. Есесіне, оқиға орнына полиция қызметкерлері үймелеп алды. Видеода жас жігіттің «Борат-2» фильмінің промо-акциясының түсірілімінде Қазақстанның Туы қорланғанын айтып, әділдікті талап еткен сөздерін анық естуге болады. «Мен қазақпын! Туымызды әлдебіреулердің қорлап жатқанына бейжай қарай алмаймын. Бұл жағдай қазақ азаматы ретінде намысыма тиді. Облыс әкімін шақырыңдар. Ол ел билігінің аймағымыздағы өкілі ғой... Жоғарыға халықтың талабын жеткізсін», – деді ол. Өкінішке қарай, видеодан оқиғаның немен аяқталғаны көрінбейді. Құқық қорғаушылардың аталған азаматқа қатысты қандай шора қолданғаны да белгісіз. Бұл жағдайға қатысты Павлодар облысы әкімінің баспасөз қызметі жауап берді. Олардың айтуынша, әкіммен кездесе алмайтынына көзі жеткен азамат өз өтінішін қағазға жазып, қабылдау бөліміне қалдырған. Алайда, бүгін қайтадан әкімдікке келіп, өтінішін алып кеткен көрінеді.

Данияр Жұмаділ, Павлодар облысы.