Ұн мен құн немесе нан бағасы неге тұрақсыз?
Ұн мен құн немесе нан бағасы неге тұрақсыз?
240
оқылды

Елімізде егін шығымы аз, астық экспорты көлемі жылдағыдан тө­мен болады деген әңгіме шы­ғысы­мен-ақ ішкі нарықта баға әдет­тегідей құбыла бастаған.

Бір­неше облыста «әлеуметтік нан» де­ген атауға ие І сұрыптағы бидай ұны­нан жасалған нанның бағасы бір­ден 5-15 теңгеге «секірді». Деген­мен Президент Қ.Тоқаевтың «нан­ның қымбаттауына жол беріл­мей­ді» деген мәлімдемесі нарық­тағы делдалдардың әрекеті­не дер кезін­де тоқтау жасағандай болды.

Қ.Тоқаев Twitter желісіндегі парақ­шасында: «Әлеуметтік» нан бағасының өсуіне байланысты үкімет пен әкімдерге шұғыл шаралар қабылдап, субсидиялау­ды қарастыру тапсырылды. Баға бақы­лауымда болады» деп жазды.

Үкімет пен жергілікті әкімдіктер «ас атасының» құны өсіп кетпеуінің алдын алуға міндеттеме алып, қам жасап жатыр. Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров келтірген дерекке сүйенсек, астық қабылдаушы кәсіп­орын­дарда 5,1 млн тонна дақыл бар, оның ішінде 350 мың тонна бидай «Азық-түлік келісім шарт корпора­циясының» қорында сақтаулы тұр. «Бұдан бөлек, аталған корпорация 300-350 мың тоннаға дейін астық сатып алады. Өңірлердегі кәсіпорындардағы ұнның ай сайынғы қоры – 178 мың тонна» деді министр.

Әйтсе де, баға шарықтап кетпесе де, дәл қазіргі құнын ұстап тұру мемлекетке қиындау тиюі мүмкін. Себебі нанның өзіндік құнына келгенде, ұн – өнімнің 54%-ын құрайды, қалғаны электр энер­гиясы, өзге де өнімдер, жалақы және т.б шығындар. Министр С.Омаров 14 қа­зан­да өткен баспасөз мәслихатында нан бағасы қазіргі 75-78 теңгеден 80-82 тең­геге баруы мүмкін екенін болжап отыр­ғандарын айтқан.   


Шындығына келгенде, Қазақстан – ұнды ішкі тұтыну көрсеткішіне қара­ғанда, экспорттау көрсеткіші жоғары ел. Жан басына шаққанда ұн өндіру мен сату көлемі жағынан әлемде алғашқы орынға кіреміз. Қарапайым түсінікпен алғанда жеріміз үлкен, халық саны аз. Алайда осынау ерекшелікке қарамастан жыл сайын ішкі нарықтағы бағаны асау жылқыны жуасытқандай «тәк-тәкпен» құрықтап отыруға мәжбүрміз. Үкімет соңғы 6-7 жыл бойы «әлеуметтік нан» (600 г бөлке нан) бағасын тұрақтандыруға 6-8 миллиард теңге жұмсап келеді. Рас, әлемде нан бағасын ұстап тұру үшін қаржы шығындайтын мемлекет жалғыз біз емес. Египет, Иран, Израиль және бас­қа да астықты негізінен сырттан сатып алатын мемлекеттер де нан баға­сын тұрақты ұстап тұру үшін субсидия түрінде қаржы бөледі. Дегенмен олар­дың бізге қарағанда ішкі тұтыну нарығы үлкен екені анық. Ал біздегі жиналған астықтың көлемі туралы айтар болсақ, жыл сайын 6 млн тоннадай астық өнді­ріс­тік тұтынуға, азық-түлік мақса­ты­на қайта өңдеуге 5 млн тонна жұмсалады. Қалған 8,5 млн тонна астық экспортқа жөнелтіледі, ал 320-350 мың тоннасы тұрғындардың тұтыну қажеттілігіне жеткілікті дейді мамандар. Одан бөлек, 600-700 мың тонна – қосымша шығын есебінде. Егін шаруашылығы сарапшы­лары соңғы жылдары саладағы қосымша шығындардың артуынан Қазақстанның астық экспортында бәсекеге қабілеті төмендеп бара жатқанын айтады.

Таяуда Сенат депутаты Рашит Акимов Қазақстанның астық қоры көле­мін қайта есептеп, қоймалар мен қамбаларға тексеріс жүргізу керегін ескертті. Сенатордың айтуынша, астық қорлары туралы қағаздағы есеп күмән тудырады.

Айтқандай, астық сақтау қоймалары туралы өткен жылы Мәжіліс депутаты Владислав Косарев та мәселе көтерген. Депутат сол кездегі Ауыл шаруашылығы министрі Өмірзақ Шөккевке жолдаған сауалында Қазақстанда 247 астық сақтау қоймасы болғанымен, түрлі себеппен 18%-ы толық жұмыс істемей тұрғанын айтқан. «Сондай-ақ 167 элеватордың 20-сы тоқтап тұр. Біздің ойымызша, кә­сіпорындардың жабылуының негізгі себебі – бұл жұмыс жүргізудің құқық­тық, ұйымдастыру форма­ларының жетілме­ген­­дігін көрсетеді» деген еді депутат.

Халық қалаулыларының астық қоры мен сақтау қоймалары туралы есепке күдікпен қарауының да жөні бар. Осыдан біраз уақыт бұрын отандық БАҚ-та Шығыс Қазақстандағы «Шы­ғыс-Астық» астық сақтау мекеме­сінің қылмысы туралы материалдар жария­ланды. Келісім бойынша қоймаға сақтауға деп берілген «Азық-түлік келі­сім шарт корпорациясы» АҚ-на тиесілі 17,3 мың тонна астық дақылы тексере келгенде 200 тоннадан сәл ғана асқан. Яғни, мемлекет қаржысына алынған қордың 98%-ы қолды болғаны анықтал­д­ы. Қыркүйек айының соңында «Шы­ғыс-Астық» мекемесінің басшысының үстінен қылмыстық іс қозғалғаны айтылды. Дәл осындай жағдай бидай түсімі аз болған осы жылы көбейіп кетпесіне кім кепіл?

Нан – халықтың күнделікті тұтына­тын тағамы. Басынан түрлі қиын-қыстау жағдайды өткізген халқымыз «Нан болса – ән болады» деген сөзді бекер айтпаса керек. Сондықтан қамбаға құйылған астықты дұрыс сақтап, ертеңгі күннің азығын қамдау ісін қайта бір қараудың уақыты келгендей.