Әлеуметтік шығыстарға – 20 трлн теңге
Әлеуметтік шығыстарға – 20 трлн теңге
119
оқылды

Қарапайым тілмен айт­сақ, мемлекетте ағым­дағы шығындарға арнал­ған «әмиян» бар, ол бюд­жет аталады. Сондай-ақ бо­ла­шаққа арналған жинақтар сақталатын «сейф» те бар, оның аты – Ұлттық қор. Үкі­мет дәл осы осы сейфтегі қаражатқа қол салып, қол салғанда мол салып, қорды қарқынды жұмсауда.

Үкімет бұдан бұрын Ұлттық қордан алынатын қаржы көлемін азайтуға уәде еткен. Алайда сөз­інде тұра алмапты және бұл мақ­саттың жүзеге асуын үш жылға ары ысырды. Мәселен, биылғы 2019 жылы билік келер ұрпақ үшін сақталған мұнай жинағынан 2 триллион 700 миллиард теңге алды. Осы орайда, трансферттер ауқымын алдағы жылдары кем дегенде 100 миллиардқа азай­та­тынына сендірген. Алайда Мә­жіліске енгізілген үшжылдық басты қаржылық құжатта аталған межені тек 2022 жылы бағындыру болжанып отырғаны анықталды.

Атап айтсақ, «2020-2022 жыл­дарға арналған республикалық бюджет туралы» заң жобасында Ұлттық қордан республикалық бюджетке құйылатын кепіл­дендірілген трансферт мөлшері 2020 және 2021 жылдары 2 трлн 700 млрд теңге көлемінде айқын­далды. 2022 жылы ғана 2 трлн 600 млрд теңгеге дейін төмендейді деп күтілуде.

Министрлер мен әкімдерге салса, қордан триллиондарды бұдан да көп тасып әкетпек. Бірақ заңмен оған шектеу қойылған. Сондықтан қосымша қаржыны Үкімет шетелден қарызға алады.

Үкімет басшысының бірін­ші орынбасары – Қаржы ми­нистрі Әлихан Смайыловтың мәліметінше, үшжылдық жаңа бюджет жобасында 2020 жылғы бюджет тапшылығы 1,6 триллион теңге деңгейінде белгіленді. Салыстыру үшін: 2019 жылғы бюджетте тапшылық бұдан бір­неше жүз миллиардқа аз болған және 1 трлн 364,6 млрд теңгені құ­рады.

– Біз Ұлттық қордан жылда транс­ферт қаражат аламыз. Биыл шынында алынатын қара­жат көлемі көбейтілді. Тек транс­ферт қана емес, сонымен қа­тар бюджет тапшылығы да арт­­ты­рылды. Мұның барлығы Үкі­­меттің алдына қойылған жаңа мін­дет­терді жүзеге асыру үшін қа­жет. Біріншіден, әлеуметтік қор­ғау са­ла­сына мол қаржы қосым­ша бө­лінді. Бұдан бөлек, әр­түр­лі салаларда жалақыны кө­теру бойынша тапсырмаларды орын­дауға көп қаржы жұмсалады. Бас­қа да әлеуметтік мәселелерді шешуге қаражат көзделуде. Бірақ бірте-бірте Ұлттық қордан транс­ферттердің көлемін қазіргі 2,7 триллионнан 2025 жылы 2 триллион теңгеге дейін кеміту жоспарлануда, – деді бізге берген сұхбатында бірінші вице-премьер.

Оның мәліметінше, Ұлттық қорға салмақ салуды азайту арқылы ондағы жинақ көлемін 2020 жылы 60 миллиард доллардан 2025 жылы 80 миллиардқа жеткізу мақсаты қойылуда. Ал 2030 жылы 100 миллиард долларлық белес бағындырылуы тиіс.

Жалпы, 2014 жылы Ұлттық қор өзінің шырқау шегіне жетіп, 77 миллиард долларға лықа тол­ған. Алайда одан кейін мұнай бағасының екі еседей құлдырауы және мемлекеттің қарқынды шығындауы кесірінен, қаражаты кеми берді.

«Содан Ұлттық қор таяуда түгесіледі екен деген пікірлер бас көтере бастады. Ол негізсіз де емес, себебі мемлекет оны тым көп жұмсауда. Мысалы, ҰҚ-дан алынатын нысаналы және кепілдендірілген трансферттер кейінгі жылдары республикалық бюджеттің кіріс бөлігінің шамамен 50%-ын құрайды. Мұнсыз қазір қолға алынған көптеген даму бағ­дарламалары жүзеге аспай қалар еді», – дейді экономист Рақым Ошақбаев.

Осыған орай, журналистер Әлихан Смайыловтан «Сонда бұл бюджеттің өзінде оған қажетті ақша жоқ дегенді білдіреді ме?» деп сұрады. Бас қаржыгер қосымша шығыстар шығару қажет болғандықтан, осындай қадамға баруға мәжбүр екенін жеткізді.

– Қосымша міндеттер қосым­ша шығысты қажет етеді. Оны қаржыландыру үшін қаржы көзін табуымыз керек. Оның бірнеше көзі бар. Біріншісі – кірістерді, яғни салық түсімін көбейту. Біз мүмкіндігінше, оны арттырдық. Биыл былтырғыдан 1,2 триллион теңгеге көп салық жинадық. 2020 жылы салық түсімдері 1,4 трил­лион теңгеге ұлғаяды. Яғни, са­лықты барынша мол жи­науға ты­рысудамыз. Бірақ шығындарды жабуға ол да жет­кі­ліксіз. Тиісінше, бюджет тапшы­лығы да өсірілді. Ол үшін біз қарыз аламыз. Үшінші қаржы көзі – Ұлттық қор, – деді Үкімет бас­шысының бірінші орын­басары.

Мәжілістің жалпы отырысында үшжылдық бюджетті талқылау барысында бірқатар депутаттар онда бизнесті қолдауға арна тартатын қаржылық ресурстар күрт азайтылып, оның орнына әлеуметтік шығыстар еселеп арттырылғанына назар аудартып, сын айтты.

Осының мән-жайын білу үшін палатада бюджетке жауап беретін құрылым – Мәжілістің Қаржы және бюджет комитетінің төрайымы Гүлжан Қарақұсоваға сұрақпен қайырылдық. Ол осы жолғы бюджет жобасын талқылау оңайға түспегенін мойындады.

– Оны біздің комитетте талқы­лаудың өзі 3,5 сағатқа созылды. Мәжіліс бюджет жобасын қай­та жазып шықты. Соның арқа­сын­да берілген барлық тапсыр­ма­ларды қаржыландыруға қол жет­кіздік. Оның бәрі қосымша мил­лиардтарды қажет етеді. Оны қайдан аламыз? Кейбір шы­ғыс­тар­ды қысқартуға тура кел­ді. Бар­­лық депутаттарға және же­ке өзіме осы ауыртпалыққа төзіп, шыдап, абыроймен аяқтап шық­қа­­нымыз үшін алғыс айтқым ке­­леді. Ал бизнесті қолдауға қара­­жат­тың азайтылуына келсек, біз­де на­рық­тық экономика еке­нін ұмыт­паңыз. Нарықтық жүйе­­де дамыған елдер бизнесті қол­да­­май­ды. Бизнес өз бетінше да­­муы тиіс. Әйтпесе, бізде олар мем­­лекеттің мойнында ма­сыл бо­луға жаман үйренген. Кәсіп­кер­­лердің 30 пайызы банк­тен емес, мемлекеттен несие алған, – деп кейіді Г.Қарақұсова.

Ә.Смайылов Мәжілісте бюджет жобасын талқылау барысында оған біраз түзетулер енгізіліп, параметрлері қайта қаралғанын растады.

– Түзетулердің бір бөлігі Мем­лекет басшысының Жолдауын, сон­дай-ақ оның жекелеген тапсыр­маларын қаржылық қамтамасыз етеді. Шығыстардың негізгі бө­лігі мұғалімдер мен мәдениет қызметкерлерінің жалақысын ұлғайтады. Бұл 3 жылда шамамен 1,1 трлн теңгені талап етеді. Осы өзгерістерді енгізу үшін салықтық түсімдер ұлғайтылады, шығыстар оңтайландырылады және бюджет тапшы­лығы өсірілді, – деді бірінші вице-премьер.

Түзетулердің екінші бөлігін депутаттар ұсынды және олар ха­­лықтың тұрмыс сапасын жақ­сартпақ және аймақтарды өркен­детпек. Тарата кетсек, ауыл­ды таза ауызсумен, кәріз жүйе­сімен жабдықтауға, тұрғын үй-ком­муналдық шаруашылығы ны­сан­дарын және көлік инфра­құры­лымын дамытуға қосымша қа­ра­жат қарастырылды. 2020 жы­лы өңірлерге республика­лық бюджеттен 3,8 трлн теңге жол­да­нады. Бұл – бюджеттің жалпы шығыстарының 29%-ы.

Өзгерістер нәтижесінде бюд­жет көрсеткіштері келесідей бол­ды: 2020 жылдағы түсімдер Мә­жі­ліс­ке енгізілген бюджеттің бас­тап­қы жобасынан 108 млрд тең­­­геге ұлғайтылып, 11,3 трлн тең­­ге сомасында белгіленді. Ол 2021 жылы – 12 трлн, 2022 жылы – 12,8 трлн теңгені құрайды.

Республикалық бюджеттің шы­ғыстары 3 жылдық кезеңде әу бас­тағыдан 329 миллиард тең­ге­ге өсті. Осылайша, бюджет шы­­­ғыстары 2020 жылы – 12,9 трил­­­лион теңге болса, 2021 жылы – 13,2 трлн теңгеге, ал 2021 жылы 13,7 трлн тең­геге дейін ұлғая береді.

Қоғамның қысымымен бюд­жеттегі шығынның басым бө­лігі әлеуметтік проблемаларды шешуге жұмсалады. 3 жылда рес­публикалық бюджеттен әлеуметтік шығыстарға 20 триллион теңге шығындалмақ.

Соның ішінде 2020 жылы – 6 трлн теңге немесе шығыстардың жалпы көлемінің 46,4%-ы осы бағытқа арна тартады. 2022 жылға қарай бұл көрсеткіш 53,8%-ға жетеді.

Осы орасан зор қаражаттың үлкен бөлігі – 11 триллионы 3 жылда аз қамтылған және осал топтарға әлеуметтік жәрдемақы, көмек түрінде таратылады.

2020-2022 жылдары денсаулық сақтау жүйесіне арналған шығыстар 4,7 трлн теңгені, оның ішінде 2020 жылы 1,5 трлн теңгені құрамақ. Сөйтіп, 299 млрд теңгеге жоғарылады. Бұл өсім негізінен МӘМС жүйесіне көшуге және медицина қызметкерлерінің ең­бекақысын көтеруге байла­нысты.

«Педагог мәртебесі туралы» заң жобасындағы міндеттерді іске асыруға 3 жылғы бюджетте 2,2 трлн теңге көзделген.

«Нұрлы жер» тұрғын үй құры­лысы бағдарламасын іске асыруға 368 млрд теңге бөлінеді.

Мемлекеттің қорғаныс қабілеті мен қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, құқықтық тәртіпті қорғауға және ішкі тұрақтылықты сақ­тауға, дағдарысты жағдайларда бас­қарудың тұрақтылығын қам­тамасыз етуге 3 жылдық кезеңге 4,3 трлн теңге бекітілді. Елбасы қойған міндеттерді, сондай-ақ Мемлекет басшысының Жол­да­уындағы тапсырмаларды орындау үшін 3 жылғы бюджеттен 8,5 трлн теңге бағытталады.


Елдос СЕНБАЙ