Қазақ пен Белорус одағы нығаяды
Қазақ пен Белорус одағы нығаяды

«Қазақстан халқы, Еуропа орта­лы­ғында біздің де жеріміз бар деп білі­ңіз­дер!» – Ақордада Мемлекет бас­шы­сы Қасым-Жомарт Тоқаевпен жоға­ры деңгейдегі келіссөздер қорытын­ды­сы­на көңілі толған және қазақ елінің қо­нақ­жай­лығына тәнті болған Беларусь президенті Александр Лукашенко осы­лай мәлімдеді.

Бір қызығы, жас айырмашылығы 1 жылды ғана құрағанымен, Беларусь басшысы аса тәжірибелі Қазақстан Президентіне құрмет-қошемет білдіріп, келіссөздер кезінде үнемі «Қасым аға» деп қайырылып отырғанына шетел­дік журналистер де назар аударды.

Қос мемлекеттің басшылары алдымен оңаша отырып, шағын құрамда келіссөздер жүргізді. Келіссөздер барысында Қасым-Жомарт Кемелұлы А.Лукашенконың ресми сапары екі ел арасындағы стратегиялық әріптестік пен экономикалық ықпалдастықтың дамуына соны серпін беретінін атап өтті.

– Александр Григорьевич, сіздің сапары­ңыз біз үшін аса маңызды. Өйткені бұл мемле­кеттеріміз арасындағы ынтымақтастық пен қарым-қатынастардың шынайы достық сипатқа құрылғанын дәлелдейді. Сонымен қатар екі елдің іскерлік серіктестігіне, со­ның ішінде экономикалық, гуманитарлық байланыстар мен халықаралық қатынастарға тың серпін береді, – деді Қазақстан Президенті.

Ол Қазақстанда Александр Лукашенконы Беларусь республикасы тәуелсіздігінің негізін қалаған көрнекті мемлекет қайраткері ретінде шынайы құрметтейтінін мәлім етті.

Ізінше Ақордадағы келіссөздер қос тарап­тан ресми делегациялардың қатысуымен кеңейтілген құрамда жалғасын тапты. Онда күн тәртібіндегі екіжақты ауқымды мәселелер жан-жақты талқыға салынды. Негізгі әңгіме сауда-экономикалық әріптестікті кеңейту бағытында өрбіді. Бұдан бөлек, мемлекет басшылары саяси, мәдени-гуманитарлық салалар мен ха­лықа­ралық құрылымдар аясындағы өзара іс-қимылдарды байыптады.

Беларусь делегациясына ілтипат біл­дір­ген Қазақстан Президенті екі елді дәс­түрлі түрде достық пен ынтымақтастық байла­ныс­ты­ратынын айтты. Ол А.Лукашенко­ның сапары ынтымақтастық мәселелерін егжей-тегжейлі талқылауға жақсы мүмкіндік бергеніне сенімді.

– Біз мемлекеттер арасындағы сауда-саттық көлемін ұлғайтуға, гуманитарлық саладағы байланыстарды нығайтуға, халықаралық ұйым­дар аясындағы ықпалдастықты белсенді түрде жалғастыруға мүдделіміз, – деді Қ.Тоқаев.

Оның байламынша, келіссөздер қорытын­ды­сында қол қойылған құжаттар екі ел арасын­дағы ынтымақтастықты тереңдету бағытында жасалған маңызды қадам саналады.

Ал Александр Лукашенко Қазақстанды бас­ты сауда серіктесі ретінде қарастыратынын мә­лімдеді. Ол соңғы 3 жылда екі ел өзара тауар ай­на­лы­мын екі есеге арттырып, 1 миллиард дол­­лар­лық межені еңсеруге жақын қалғанын алға тартты. Бұл ретте Қазақстанның Беларуське өт­кі­зетін экспорты 45 пайызға өскенін мәлім етті.

Айтпақшы, өзара алыс-беріске қатысты Қа­­­зақстан мен Беларусьтің мәліметтері әртүрлі бо­­­лып келеді. Қазақстандық статистикаға жү­гін­­сек, 2019 жылғы қаңтар-шілде айларында қос республиканың өзара тауар айналымы 414,7 мил­­лион долларды құрады. Оның 57,4 мил­­лионы – біздің экспорт, 357,3 миллионы – олар­дан тасы­ға­­ны­мыз. 2018 жылдың қорытын­ды­сында өзара сау­да көлемі 12,6 пайызға өсіп, 712,4 миллион дол­­ларға жетті. Оның ішінде отандық экспорт 12,5 пайызға кеміп, 101,2 мил­лион доллар болды. Ал импорт 11,6 пайызға ұлғайып, 607,3 миллион дол­лардан асты.

Белорустық статистикаға жү­гін­сек, қаңтар-шілдедегі өзара тауарайналым 549,4 млн доллар­ды құраған: олардың бізге өткізге­ні – 458,3 млн, бізден арбалаға­ны – 91,1 млн доллар. 2018 жылдың қорытындысында жалпы сауда-саттық көлемі 30 пайызға артып, 896,1 млн доллар болды. Олар бізге өнім экспорттау арқасында 783,7 миллион доллар кіріс тапқан және табысын 32,3 пайызға арттырған. Қазақстан бір жыл ішінде 112,3 млн долларға тауар жеткізген және табысын алдыңғы жылғыдан 15,6 пайызға өсіріпті.

Қ.Тоқаев бұл сандарды «жет­кіліксіз», ал А.Лукашенко «Қазақ­станның ауқымы мен Беларусьтің мүмкіндігіне лайықсыз» деп та­ныды және үкіметтер алдына оны 1 миллиард доллардан асыру мін­детін қойды. Бұған мысалы, мұ­най секторы ықпал етуі ықтимал. Бұған дейін өз мұнай өңдеу зауыт­тары үшін арзан шикізатты Ре­сейден алып келген Беларусьтің енді ол мүмкіндігі шектелді. Бұл тұрғыдағы келіссөздердің тұйық­қа тірелуіне РФ-ның белорустық табысты МӨЗ-дерді жекеше­лен­діруге ұмтылуы түрткі болуда.

Сондықтан Александр Лука­шенко бұдан былай мұнайды Қазақстаннан алуға ниетті екенін мәлім етті. Қазақстан бұған қарсы емес. Бірақ оны өз жері және төл құбырлары арқылы өткізуге Ресей рұқсат беруі қажет. Беларусь басшысы «Мәскеу бұған қарсы шықпас» деген үміт білдірді.

– Біз Минск трактор зауы­тының техникасын Қазақстанда шығару стратегиясын айқын­да­дық. Өнеркәсіптік коопера­ция­мен қатар, экономиканың өзге де салаларында ынтымақтастықты өрістету әлеуетіне иеміз. Атап айтқанда, бұған ауыл шаруа­шы­лығы, көлік және логистика, жол құрылысы, мұнай-химия кешені, ІТ технологиялар, ғарышты бейбіт мақсатта игеру жатады. Дәстүрлі түрде бізді Қазақстан өндіретін металл, астық, мақта талшығы, мұнай өнімдері және басқасы қызықтырады. Беларусь өзіне мұнай жеткізілімдерін әртараптандыруға айрықша мән беруде. Сіздерден осы шикізатты импорттауға ынталымыз. Біз таяу уақытта Ресеймен кеңес-консуль­тациялар жүргіземіз деп келістік. Ресей бұған кедергі келтірмейді деген ойдамын. Сонда қазақ­стан­дық мұнай Ресей аумағы арқылы бізге тасымалдана бастайды, – деді ол.


Ақордадағы келіссөздер қо­рытындысы бойынша Қасым-Жомарт Тоқаев пен Александр Лукашенко екіжақты ынтымақ­тастықты жаңа деңгейге көтеріп, өзара серіктестікті одан ары жан­дандыратын және халықаралық аренадағы іс-әрекеттерді үйлес­тіретін Бірлескен мәлімдемеге қол қойды. Мұның сыртында, екі ел үкіметтері арасындағы көші-қон саласындағы ынтымақтастық туралы келісім; Қазақстан Бас прокуратурасы мен Беларусь Тер­геу комитеті арасындағы ынты­мақтастық туралы келісім; Ұлт­тық қауіпсіздік комитеті және БР президенті жанындағы Жедел-тал­дау орталығы арасындағы же­дел-техникалық саладағы ынты­мақтастық және өзара іс-қимыл жасау туралы келісім бекітілді.

Сондай-ақ Сыртқы істер ми­нистрліктері арасындағы 2020-2021 жылдарға арналған ынты­мақтастық жоспарына, жыл­жы­майтын мүлікті мемлекеттік тір­кеу мәселелері бойынша келісімге қол қойылды.

Екі ел ғарыштық салада ынты­мақтаспақ. Осы мақсатта еліміз­дің Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі мен Беларусьтің Ұлт­тық ғылым академиясы Жерді қашықтықтан зондтау дерек­те­рімен алмасу саласындағы ынты­мақтасуға келісті.

Ресми рәсімдер аяқталған соң қос президент екі елдің жур­на­листері алдына шығып, бірлескен баспасөз мәслихатын өткізді. Қ.Тоқаев Қазақстан мен Беларусь арасындағы табысты әрі тиімді ынтымақтастықтың негізін Ел­басы Нұрсұлтан Назарбаев пен Александр Лукашенко қалаға­ны­на екпін түсіре келе, өзінің оны­мен үшінші рет ресми кездесіп отырғанын жеткізді.

Мемлекет басшысы екіжақты келіссөздер қорытындысында ын­тымақтастықтың бірқатар маңыз­ды бағыттарына, ең алды­мен, сау­да-экономика саласына қатыс­ты ортақ пікірге келгендерін айтты.

Қазақстан Президенті тауар айналымын және тауарлар санын арттыру үшін екі ел үкіметі ара­сында «Арнайы ұзақмерзімді жос­парды» әзірлеу жөнінде уағда­ластыққа қол жеткізілгенін ха­бар­лады және бұл үшін Еура­зия­лық одақ мүмкіндіктері пайда­ланылатынына тоқталды.

– Бүгінде Қазақстанда Бела­русь капиталының қатысуымен 340-қа жуық кәсіпорын жұмыс істейді. 8 бірлескен кәсіпорын ірі өнеркәсіп және ауыл шаруа­шы­лығы техникасын шығарумен айналысады, – деді ол.

Қ.Тоқаев Біріккен көлік-ло­гис­тикалық компанияның жұмы­сын оң бағалады. Қазақстан мен Беларусь бұл кәсіпорынның ак­цио­нерлері саналады. Прези­дент­тің айтуынша, компанияның соңғы үш жылдағы қызметі нә­ти­жесінде екі ел арқылы Қытай – Еуропа – Қытай бағытында жол тартқан контейнерлік темір жол тасымалы 6,5 еседей өсіпті.

Мемлекет басшысы Назарбаев университетінің, Astana Hub ха­лықаралық IT-стартаптар техно­паркінің, Минскідегі жоғары технологиялар паркінің табысты қызметін үлгі ете отырып, IT са­ласындағы өзара ынтымақтас­тық­тың әлеуетін тілге тиек етті. Сондай-ақ қаржы саласына қа­тысты «Астана» халықаралық қар­жы орталығы аясында ықпал­дастық орнатуды ұсынды.

Мемлекет басшысы екі ел ара­сындағы мәдени-гуманитарлық байланыстарды, ғылым және бі­лім саласындағы ынтымақтас­тық­ты одан ары дамыту маңызды деп есептейді.

– Біз келесі жылы Беларусь мәдениетінің көрнекті қайраткер­лері Қазақстанға келеді деп уағда­ластық. Қазақстан халқы бело­рустік мәдениетті сағынып та қал­ды, демек, әртістеріңізді анш­лаг күтеді. Ал одан кейін біздің көрнекті қайраткерлер, әртістер Минскіге және басқа қалаларға гастрольмен баратын болады, – деді Қ.Тоқаев.

Өз кезегінде Александр Лука­шенко Қасым-Жомарт Тоқаевты келесі жылы Беларуське сапармен келуге шақырды.

«Қазақстан халқына қайы­рыл­ғым келеді: Беларусьпен бай­ланысқандарыңыз дұрыс болды. Біз міндетімізді орындайтын ха­лықпыз, ешкімді жарға жықпай­мыз, сіздердің де сенімдеріңізді ақтаймыз. Еуропа орталығында біздің де жеріміз бар деп білі­ңіз­дер!», – деп түйді Беларусь пре­зиденті А.Лукашенко.