Еліміздің бас қаласында жантайып барып, гүрс етіп құлаған көпқабатты тұрғын үй елдің үрейін ұшырды. Бұл оқиға түнде болыпты. Сондықтан алдымен жақын жердегі үйлердің тұрғындары қатты дүмпуді ести сала, жарылыс болған екен деп шошынған.
Ал таң ата қасынан өткен астаналықтар сұлап жатқан «сақалды құрылысты» көріп, Қарағандыдағы «Бесобадай» тағы бір ғимарат құлаған екен деп алаңдады. Содан әлеуметтік желілер мен мессенджерлер арқылы жұртшылық күл-талқаны шыққан үйдің фотосуретін және видеосын өзара бөлісіп, әртүрлі жорамалдар жасады.
«Мұндай көзбояушылықпен, талаптарды бұза отырып тұрғызылған қауіпті құрылыс нысаны қолданысқа берілгенде, құрбанға соқтыруы да ықтимал еді» деген болжамдар айтылған.
Алайда артынша Нұр-Сұлтан әкімдігі бұл байламдарды жоққа шығарды. Жергілікті биліктің мәлімдеуінше, құрылыс нысаны бұл жолы өзі құламаған. Салынып бітпеген «Территория комфорта-1» тұрғын үй кешенінің бірінші корпусы әдейі күресінге жіберіліпті.
– Техникалық зерттеу қорытындысы бойынша және төтенше жағдайлар жөніндегі департаментінің қорытындысына сәйкес, «Территория комфорта-1» тұрғын үй кешенін бұзу жұмыстары жүргізілуде. Жұмыс бастапқыда қол компрессорларымен темірбетонды плиталарды үгу әдісі бойынша жүргізілді. Алайда аталған жұмыстарды атқару барысында нысанның өне-бойында сызат-жарық пайда болды. Жұмысшылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында, яғни қабырғалар олардың үстіне құламауы үшін ғимаратты аула жаққа қарай бағдарланған түрде құлату әдісімен күресінге жіберу туралы шешім қабылданды, – деп түсіндіреді елордалық әкімдіктің баспасөз қызметінің басшысы Ақмарал Олжабаева.
Оның мәліметінше, бірінші корпусты мақсатты түрде құлату 24 қазанда табысты түрде жүзеге асырылды.
Негізі бұл ТК блоктарын бұзу жұмыстары қыркүйек айының басында бастау алған. Өйткені тұрғын үй сапасыз материалдардан салынған. Проблемалық нысанда Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгіновтің өзі де болып қайтты.
Тұрғын үй кешенінің құрылысы 2004 жылы басталыпты. Кейін құрылыс компаниясы жұмысын доғарып, 500-ден астам үлескерін аңыратып тастап кетті. Олар нысан жанында жиі жиналып, наразылық білдіретін. Содан арнайы техникалық зерттеу жүргізіліп, ол нысанның апатты жағдайда екенін көрсетті.
– Неге біз жаңа ғимараттың құрылысын аяқтатқызбай, бұзудамыз? Себебі №500 маркалы бетон орнына нашар №250 бетон пайдаланылған. Бұл конструкция адамға баспана болуға жарамайды. Арматуралар түйісетін тұстарда кей жерінде дәнекерлеу де жоқ. Егер бұл үй қолданысқа берілгенде, ол өз салмағымен езіліп, толық болмағанымен, біраз бөлігі міндетті түрде күйрейтін еді, – деді ақпарат құралдарына берген сұхбатында «Нұр Астана құрылыс» ЖШС демонтаж жөніндегі жоба басшысы, осы ғимаратты бөлшектеумен айналысып жатқан Алиакбар Үмбеталин.
Жалпы, ТК-ның барлық корпустарын бұзуды жыл соңына дейін аяқтап, орнына жаңа құрылыс бастау жоспарланып отыр.
15 жылдан бері баспанасын зарыға күткен жарты мыңнан астам үлескер жаңа нысаннан пәтер алады деп күтілуде.
Елдос СЕНБАЙ