Республикалық қоғамдық қабылдау бөлмесінде Nur Otan партиясының хатшысы Әлібек Әлденей азаматтардың өтініштерін тыңдап, мәселелерімен танысты.
Әлібек Әлденей азаматтардың өтініштерін тыңдап, мәселелерімен танысты.
Алдымен Алматы қаласынан байланысқа шыққан Арыс қаласының тұрғыны 84 жастағы Күлбаршын Ағманова (І топ мүгедегі) баспана мәселесі бойынша көмек сұрап, Алматы қаласынан үй алғысы келетінін жеткізді. Тегін берілетін пәтер жоқ екенін айтқан партия хатшысы белгілі бір әлеуметтік санаттағы топтарға пәтерлер кезегімен берілетінін, оның өзі жеңілдетілген ипотека арқылы жүзеге асырылатынын еске салды. Сөз соңында Әлібек Үсенұлы арнайы бағдарламамен берілетін үйлерге тиісті құжаттарды тапсыруға кеңес берді.
Қабылдауға келген Көкшетау қаласының тұрғыны Сәкен Жұмабекұлы «Керегелі Қазақ Елі» жобасын жүзеге асыру бойынша партия тарапынан ақпараттық қолдау күтетінін айтты. Шағын сәулет құрылыстарын көшелерге, демалыс орындарына орналастырып жүрген белсенді азаматтың жұмысына сәттілік тілеген партия хатшысы кәсіпкердің жұмысына ақпараттық көмек көрсетілетініне сендірді.
2013 жылы 5 бас жылқысынан айырылған зейнеткер Бақтығали Ақжігітов аудандық және облыстық полиция басшыларына шағым түсірген. Алайда одан еш нәтиже шықпай, жылқылары табылмаған Талғар ауданының тұрғыны бұл жағдайға немқұрайдылық танытқан полиция басшыларының жұмысын сынға алды. Ол өз кезегінде мал ұрлығына байланысты қандай да бір қатаң шешімдер қабылдау туралы ұсынысын да ортаға салды. Бақтығали Ақжігітовтің әңгімесін мұқият тыңдаған партия хатшысы Әлібек Әлденей бұл жағдайды қадағалайтынын айтты.
Шығыс Қазақстан облысынан хабарласқан Гүлбағадат Байдельдинова күйеуі соғыс ардагері Алдажар Байдельдиновке Жеңістің 75 жылдығына орай Өскемен қаласынан көше беруді сұрады. Келесі жылы жалпыхалықтық санақ болатынын айтқан партия хатшысы бұл іс-шара өтпейінше, бірде-бір аудан, қала, облыста көшелерге жаңа атаулар берілмейтініне ерекше тоқталды. Ол сонымен қатар санақ өткен соң ономастикалық комиссия жаңа атаулардың беру мүмкіндігін қарастыратынын тілге тиек етті. Хатты алған Әлібек Әлденей бұл мәселені Шығыс Қазақстан облысының ономастикалық комиссиясына арнайы ұсыныс ретінде жіберуге уәде берді.
Қабылдау барысында барлық азаматтардың өтініштері тыңдалып, бірқатар мәселелер талқыға түсті. Тұрғындардың өтініштерін орындау үшін тиісті орындарға арнайы тапсырма берілді.
Әбілмансұр ЖАСАН