Әліпби «і»-сіз ілгерілемейді
Әліпби «і»-сіз ілгерілемейді

Қазақ тіліне «і» әрпінен айырылып қалу қаупі төніп тұр. Тіл мамандары, зиялы қауым осыған дабыл қағуда. Қазір тіпті елорда көшелерінен AIAQ KIIM деген жазуды көруге болады. Қынжылтатыны сол, бұл – қате емес! Сондықтан да Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың жаңа әліпбиді қайта қарап, жетілдіру туралы тапсырмасы елде қолдау табуда.

«Әліпбиді латын қарпіне кө­ші­ру туралы тарихи шешімнің қа­был­данғанына екі жылға жуық­та­ды. Бірақ қарпімізде әлі де олқы­лық­тар бар. Тіл мамандары жаңа әліп­биді жетілдіруі керек. Мәде­ниет және спорт министрі ­А.Райым­құ­ло­ваға тиісті тапсыр­ма бер­дім. Ал­­дымызда ауқымды жұ­мыс тұр», – деп жазды осы апта ба­­сында Пре­зидент Қасым-Жомарт Тоқаев Twitter парақшасында.

Бұл жерде бірнеше түйткіл бой көрсетіп отыр. Біріншісін, Орта­лық коммуникациялар қызметін­дегі журналистермен кездесуде Мә­де­ниет және спорт министрлігі­нің өкілі түсіндірді: бірқатар жаңа қа­ріптер компьютер пернетақ­тасына (клавиатурасына) сәйкес кел­ме­ген. Мәдениет және спорт вице-министрі Нұрғиса Дәуе­шов­тің түсіндіруінше, жаңа қазақ әліпбиі әзірленген кезде әріптердің пер­нетақтада орналасу орны ескеріл­меген болып шықты.

– Үлкен жұмыс атқарылды, ла­тын графикасындағы әліпби түзілді, алайда біз әріптердің пер­нетақтада орналасу ретін ес­кер­меппіз. Lenovo компаниясымен бір­ге тестілеу жұмыстарын жүргіз­генімізде, жаңа әліпбидің орна­ласуы Unicode стандарттарына сай келмейтіні анықталды. Қазір ол­қылықты түзету бойынша жұмыс істеп жатырмыз. Оның барысында барлық сын-ескертпелерді, қоғам ұсыныстарын назарға алып, әліп­биді жетілдіреміз! – деп уәде етті Н.Дәуешов.

Юникод – әлемдегі жазуы бар барлық тілдердің әріп таңбала­рынан тұратын, символды кодтау стандарты. Қазіргі уақытта интер­нетте негізінен сол қолданылады. Онымен шәлкем-шалыс келген әліпбилер интернетте оқылмайды.

Екіншісін, яғни диграфтарға қа­тысты мәселе жайын Ш.Шаях­метов атындағы «Тіл-Қазына» ұлт­­тық ғылыми-практикалық ор­та­­лығының басқарма басшысы Анар Фазылжан баяндады.

– Диграф дегеніміз – екі әріп­тен тұратын жазбаша құрамдас таңба. Қазақ тілінің жаңа әліп­биінде екі диграф бар, бұлар – ш (sh) және ч (сh). Арнайы сауалнама жүргізе келе, сондай-ақ қоғам өкілдерімен талқылаудан кейін біз аталған дыбыстардың латынша жазылуы дұрыс оқылмайтынын, көп сыналатынын аңғардық. Басында контексіне, мағынасына қарай оқып, көз үйреніп кетеді деп ойлағанбыз. Мысалы, 3 мың адам­ның қатысуымен тестілеу жүргіз­дік, сонда олардың көпшілігі схеманың латын графикасында жазылуын (shema) «шема» деп оқыды, – деді Анар Фазылжан

Үшінші мәселе – «і»-нің бас әріппен жазылғанда жойылып кетуімен байланысты. Жақында Президент жанындағы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің алғашқы отырысында оның мүшесі, қоғам қайраткері Қазыбек Иса Мемлекет басшысының алдында осы мәсе­лені қаузады.

– Тіл туралы айтқанда, мін­дет­ті түрде әліпбиге тірелеміз. Латын әліпбиі еліміз үшін стратегиялық маңызы зор мақсат, әрі рухани тәуелсіздігіміздің бастауы. Латын әліпбиіне көзіміз үйреніп, көңі­ліміз сеніп келеді. Бірақ соңғы акутты нұсқада і әрпі жоғалып кетейін деп тұр. Себебі бас әріппен жазылғанда, і мен и әрпінің екеуі де бір І таңбамен белгіленеді. Мы­салы, қазақтың иіліп сәлем беру­дегі иіл деген сөзін латынша жаз­ғанда, барлығы таяқшалар болып кетеді – IIL. Ал «ізгілік» деген сөзді болашақ ұрпақ изгилик деп оқуы мүмкін. Өйткені бәріне бір таңба, – деді Қ.Иса.

Оның айтуынша, ұлттық рухты көтеру – бүгінгі кезеңнің ең басты бір талабы. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы 
2 қыркүйектегі өзінің тұңғыш Жол­дауында қазақ тілінің мәрте­бесі туралы қадап айтты: «Қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі рөлі күшейіп, ұлтаралық қатынас тіліне айналатын кезеңі келеді деп есептеймін. Бірақ мұндай дәрежеге жету үшін бәріміз даңғаза жасамай, жұмыла жұмыс жүргізуіміз керек» деді ол. Мемлекет басшысының мемлекеттік тілге баса назар ауда­руы елдің ерекше ықыласын оятуда, ұлт зиялылары да оған өз үндерін қосуда.

Бұл мәселе қоғамда біраздан көтеріліп келе жатыр. Мәселен, 2018 жылғы 27 тамызда «Қазақ үні» басылымында және интернетте отыз шақты зиялы қауым өкілінің қазақтың «і» әрпін қайтару туралы сол кездегі Үкімет басшысы Ба­қытжан Сағынтаевқа ашық хаты жарияланды. Оған қол қойғандар арасында белгілі жазушылар Д.Исабеков, С.Досанов, С.Елубай, С.Сматай, ақындар И.Сапарбай, С.Тұрғынбеков, филология ғы­лым­дарының докторы М.Мыр­­захметов, профессорлар А.Айталы, Д.Ысқақ, Қазақстан халқы ассамб­леясының мүшесі А.Осман және басқа да тіл жанашыры саналатын ғалымдар, саясаткерлер, қоғам қайраткерлері, журналистер бар.

Олар қазақтың латын графи­касына негізделген жаңа әліпбиін қабылдау – Елбасымыздың рухани жаңғыруының басты бағыты еке­нін және жалпыхалықтық қолдауға ие болғанын айтады.

– Жалпы алғанда, бұл нұсқа дұрыс болды. Бірақ бір кілтипан і, и, й әріптерінің бас әріптері бірдей «І» таңбасымен белгіленуі. Қазақ тіліне тән барлық дәстүрлі 9 ды­быстың 8-інің латын әрпімен жеке-дара таңбалануын сақтап қалғанда, жалғыз і әрпі І болып, «басынан» айырылып отыр. Яғни, і кіші әрпі сақталған да, бас әрпі И-Й дыбыс­тарымен қосылып кеткен, – деген зиялылар і әрпінің бас әрпін Í деп ба­сына акут қойып беруді ұсы­нады.

Кезінде бұл мәселелер ко­мис­сия мүшелері тарапынан пы­сық­талмаған. Тіпті, байқағанның өзінде, олар бұл кемшіліктердің бо­лашақтағы кеселіне бас қатыр­мағанға ұқсайды. Бірақ Мемлекет басшысы енді ұрпаққа асыл мұраға қалар әліпбиді асықтырмай, же­тіл­діріп, жете пысықтауды жүктеді. Демек, қоғам кемелдене түскен ла­тынша жаңа әліпбидің жария­ла­нуын ынтыға күтетін болады.


Елдос СЕНБАЙ