Жерінде жұт болған соң тауды көтеріп әкелген Толағай естеріңізде болар. Толағайдың тақырыпқа не қатысы бар дерсіз. Тікелей қатысы бар. Өйткені адам эмоциясы – алапат күш. Тас жарып, тау көтерер қауқары бар. Тек оны лайықты түрде басқара білу маңызды.
Эмоционалды интеллект дегеніміз – адамның өз эмоциясын қабылдап, кәдеге жарата білуі. Кез келген тапсырманы тиімді шешу үшін эмоциясын игеру қабілеті. Эмоция – энергияның көрінісі. Сондықтан барынша эмоциялық ойлауды дамыту керек.
90-жылдардың ортасында Дэниел Гоулманның «Эмоционалды интеллект: IQ-дан да маңызды» психологиялық бестселлері жарық көрді. Белгілі журналистің зерттеу еңбегі көпшілікке ой салды. Кітабында ересектер мен балаларды бірге зерттеген. Қорытынды шығарғанда баланың қандай отбасында тәрбиеленгені, мектепте, университетте алған бағасы үлкен өмірге сүйеу бола алмайтынын көрсеткен. Адамның қоршаған ортамен байланысы, яғни эмоцияны игере алуы болашағына кепіл бола алатынын жазған. Жеке өмірде де эмоцияның ықпалы зор. Қарым-қатынас орнату, жаңа ортаға сіңісу аталған тақырыппен байланысты екен. Мұны бұрыннан білеміз ғой деуіңіз мүмкін. Бірақ бұл – сіз ойлағаннан да күрделірек тақырып.
Ежелгі гректер ақылды адам деп ақыл-ой, логика, эмоция үштігін біріктіре алатын тұлғаны айтқан. Эмоциялық интеллектпен ойлауды алдыңғы орынға қойған. Бұл екі жарым мың жыл бұрын тіркелген дерек екен. Соған қарамастан, адам эмоциясы мәселесі – әлі күнге өзекті тақырып.
Бірқатар ғалым эмоция әлемін зерттеуге бел буған. 1870 жылы Чарльз Дарвин сыртқы көрініс арқылы адам эмоциясын зерттеуге талпыныс жасады. 1920 жылы америкалық психолог Эдвард Торндайк алғаш рет әлеуметтік ақыл-ой ұғымын ғылымға енгізді. Ол мұны «Адамның қоршаған ортамен қарым-қатынаста ақылға қонымды әрекет ету қабілеті» деп түсіндірді.1983 жылы Говард Гарднер интеллектін Ішкі және тұлғааралық деп бөліп, интеллект теориясын ұсынды. Дегенмен Гоулман еңбегі бәрінен асып түсті. Ұғымды көпшілікке кеңінен танытып, өзінше әрекет етуге үйретті.
Осындайда IQ не үшін керек деген сұрақ тууы мүмкін. IQ – ақыл-ой қабілетінің объективті көрсеткіші. Интеллект коэффициенті адамның мектептегі, жұмыстағы деңгейін анықтайды. Ал эмоционалды интеллект ұжымда жұмыс істеу қабілетіне және әріптестерінің көңіл күйіне әсер етеді. IQ-ге қарағанда EQ-ді реттеу мен көтеру оңай.
Мысалы, жұмыс берушілер жоғары ақыл-ой қабілетін бағалайды. Бірақ 1-орынға қоймайды. IQ көрсеткіші жоғары адамға көппен тіл табысу қиын болуы мүмкін. Сондықтан көптеген ірі компаниялар эмоционалды интеллекті бар жұмысшыны қалайды. Эмоционалды интеллектіні тексеретін арнайы тест бар. Шетелде жұмыс берушілер аталған тесті қолданады екен. Шынымен де, ортамен ұйыса жұмыс істеп, көңіл күйі тұрақты болатын маман кім-кімге болмасын қажет.
EQ әсер ететін бірнеше фактор бар. Өз-өзіңді тану, шыңдау, мотивация, эмпатия және әлеуметтік дағды. Өзін-өзі тану – сезім мен іс-әрекет арасындағы байланысты ұстауға жәрдем береді. EQ-і жоғары адам өзін шыңдай түседі. Өзіне сұрақ қоюға, мәселені шешуге бейім келеді. Ол бәрін жеңіл қабылдауға тырысады. Бұл оған мотивация сыйлайды. «Мүмкіндікті байқап көрмесең, ұтыласың» деп ештеңеден бас тартпайды. Сынап көреді, жеңеді. Маңыздысы – эмпатия. Эмоциялық интеллект басқаның не сезінетінін және ойлайтынын түсіне білуге әкеледі. Нәтижесінде, сіз риторикалық әдіспен жұмыс істеуді үйренесіз. Сендіру техникасын меңгересіз. Әлемде аталған дағдылар бойынша эмоциялық интеллектке бейімдейтін мектептер бар. Олар баланы жастан эмоциясын басқара білуге, жақсы іске ұмтылуға үйретеді.
Егер тарихи мысалға жүгінсек, дана билеушінің үлгісі ретінде үнді императоры Ашок еске түседі. Оның эмоциялық интеллекті жоғары болыпты. Махатма Ганди болса, эмпатияға қабілетті көшбасшы. Эмпатия – эмоционалды интеллектің құрамдас бөлігі. Қызығы, Трампты ел басқару дағдысына қарамастан, эмоциялық интеллекті төмен көшбасшы деп сөгеді екен.
Сонымен, осындай сұрақ туындауы мүмкін: EQ индикаторы бойынша эмоциялық интеллекті төмен екенін қалай білуге болады? Бірінші фактор – өз-өзіне және өз іс-әрекетіне сенімсіздік. Екіншісі – шамадан тыс өзін-өзі сынауға бейім болу. Үшіншісі – қоршаған ортамен тіл табыса білмеуі. Яғни, эмоциялық ойлауы төмен адамда басқалармен қарым-қатынас орнату қиынға түседі. Араласып кете алмайды. Айналасындағы әрекеттерге тез арада жауап қатпайды.
Петридес әдісі
Белгілі профессор Константинос Петридес – эмоционалды интеллекті зерттеп жүрген ғалым. Ол «Эмоционалды интеллектің белгілері» атты кітап жазған. Сол кітапта EQ-ді тануға арналған бірнеше әдіс ұсынған. Оның айтуынша, ең алдымен, өзіңізге «Мен кіммін?» деген сұрақ қоясыз. Содан кейін ғана «Нені сезіп тұрмын?» деп сұрауды жалғастырасыз. Тәсілдің мәні – адам өзін түсініп, эмоцияларын тануы керек. Осыдан кейін айналасындағылардың сезімін талдап үйрену қажет.
«Мұны істеу оңай емес. Өмір бойы адамдар сырттан бақыт табуға тырысады. Осылайша, сыртқы жетістік – табыстың визит карточкасы есебінде. Адам мектепті аяқтап, беделді университетке түсіп, жоғары ақы төленетін жұмыс іздейді. Ең жақсы жарды, ең жақсы үйді, машинаны таңдайды. Ол үнемі өзі қалыптастырған биікке шығуға тырысады. Бірақ бұл мүмкін емес. Себебі ол өзінің ішкі қажетін түсінбейді. Бәрін сыртқы факторға байлап қояды. Мүмкін оның қалағаны басқа шығар. Сондықтан адам қағиданы бұзып үйренуі керек. Жоғарыдағы әрекетке бейімделген ол белгілі бір уақытта бақытсыз екенін түсінеді. Кейде бұл тым кеш болады. Лондонда осындай адамдар көп. Сыртынан табысты және позитивті болып көрінеді. Алайда іс жүзінде күйзелісте жүреді», – дейді Петридес.
Профессор адамдарға шынайы өмір сүруге кеңес береді. «Эмоцияны шығарып, ішкі өзіңді іздеуге ұмтыл» дейді. Эмоция адамды басқарса, қиын болатынын, сол үшін эмоцияны басқаруды үйрену керегін айтады. Келесі тәсілі – медитация. Егер адам іштей өзгеріске дайын болса, қолынан келмейтіні жоқ екен. Ал мұны AQ деп атайды. Adaptation quality – өзгеріске бейімделе білу. Яғни, өзгеріске кім тез бейімделсе, сол мықты.
IQ, EQ, AQ болсын, адам ішкі менін жоғалтып алмауы керек. Жоғарыдағының бәрін көтеруге, қалыптастыруға болады. Ішкі менді жоғалтсаңыз, өмір мәнін жоғалтады.
Айзат АЙДАРҚЫЗЫ