Жыл өткен сайын жол бойында ажал құшатын кісілердің саны артып барады. Тек соңғы 5 жылда Қазақстанда 80 мыңдай жол-көлік оқиғасынан 6 300 адам қайтыс болған. Орта есеппен тәулігіне 8 оқиға тіркеліп отырған. Мәселен, былтыр жолда 19 мыңға жуық апат болыпты. Себеп әртүрлі. Тек 2018 жылы 25 мың жүргізуші арақ ішіп, көлік жүргізген екен. Жаяу жүргіншілер де айыпты. Соңғы 5 жылда олар 171 мың рет жол ережесін бұзған. Алайда олардың барлығында жаяудың айыбы болмауы мүмкін. Себебі жол полицейлері көбіне ең аз айыппұл тағайындайын деп көлік жүргізушілеріне жеңілдік жасайтыны бар.
Жыл сайын әлем бойынша жол-көлік оқиғаларында 1,25-1,35 млн жан көз жұмады. Бұл жер бетіндегі түрлі жанжал, соғыстың құрбандарынан 20 есе көп. Ең жиі көз жұматындар – мотоцикл жүргізушілері (23%) мен жаяу жүргіншілер (22%). Бір қызығы, мемлекеттің табыс көлемі жол бойындағы өлім көрсеткішіне де әсер етеді. Мәселен, 100 мың адамға шаққанда Бурунди мен Зимбабведе 34,7 адам қайтыс болады, ал Норвегия мен Швейцарияда 2,7 кісі. Қазақстанда – 17,6 адам. Елімізде 2015 жылдан бері жол-көлік оқиғаларынан 11 мың адам қаза тапқан, 120 мың адам әртүрлі жарақат алған. Ал 1979-1989 жылдар аралығында Ауған соғысында 947 қазақстандық сарбаз көз жұмған. Бейбіт кезеңдегі және соғыс кезіндегі адам шығынын салыстыра беріңіз.
Жалпы, елді мекендер үшін қауіпсіз жылдамдық шегі сағатына 50 шақырым екен. Себебі бұл жылдамдық жол кептелісіне әкелмейді және көлік соқтығыса қалса, шығын да көп болмайды. Сол үшін Еуропаның көптеген қаласында ортақ жылдамдық шегі бар: қала көшесі – 50 км/сағ, халық тығыз орналасқан қаланың аудандарында – 30-40 км/сағ, бірнеше жолақты кең көшелерде – 70-80 км/сағ. Бұл сандар – ауадан алынбаған, сараптама, зерттеулердің нәтижесі.
Бұдан бөлек, мамандар жоғары жылдамдық жол-көлік апатында жаяу жүргіншінің о дүниеге аттану мүмкіндігіне тікелей ықпал ететінін айтады. Мәселен, көлік 30 км/сағ жылдамдықпен жылжыса, жаяу адамның көз жұму мүмкіндігі 15 пайыз, ал 50 км/сағ жылдамдықта – 60 пайыз, енді осы шектен сәл асып, көлік адамды 60 км/сағ жылдамдықпен қағып өтсе, оның өліп кету мүмкіндігі 100 пайыз екен. Егер адам 80 км/сағ жылдамдықпен келе жатқан көлікпен соқтығысса, бұл 10-қабаттан құлағанмен бірдей. Ал ондай биіктен құлаған кісінің тірі қалуы екіталай. Міне, осы себепті 50 км/сағ ең тиімді жылдамдық саналады.
Ал Еуропаның ең ірі қалаларындағы жылдамдық шегі қандай? Берлин мен Париждің орталық және тар көшелерінде көлік тек 30 км/сағ жылдамдықпен жүре алады, басқа көшелерінде – 50 км/сағ. Қаладағы магистральдар мен автобандарда санатына қарай 60, 80 шақырым жылдамдықпен жүруге рұқсат берілген. Ал кейбірінде жаяу жүргіншілер жолағы мүлдем болмаса, онда көлік спидометрі 110 км/сағ көрсете алады.
Жалпы, адам өліміне әкелетін жол-көлік оқиғалары қала ішінде жиі тіркеледі. Егер көлік жылдамдығын сәл кемітсе, біреудің өліміне себепші болмас еді. Адам қанша асықса да, жылдамдығын 50 шақырымнан асырмаса, еш жерге кешіге қоймас. Кешіксе де, одан өзгерер нәрсе шамалы. Есесіне, ешкімді мүгедек етпейді, өмірін қимайды, өзі де аман қалады.
Нұрмұхамед БАЙҒАРА