Әскери ынтымақтастықтың жаңа кезеңі басталды
Әскери ынтымақтастықтың жаңа кезеңі басталды

Қазақстанға Түркияның Қорғаныс министрі Хулуси Акар келді. Елор­дада ол әріптесі Нұрлан Ермекбаевпен кездесіп, екіжақты ынтымақ­тастықтың бірқатар мәселелерін талқылады. Қос министр өңірлік қауіп­сіздік, әскери және әскери техникалық ынтымақтастық, соның ішінде кадр даярлау мәселелері жөнінде пікір алмасты.

Әдетте министрлер деңгейіндегі кезде­сулер елімізде өтіп тұрады. Түрлі салаға жауапты шетелдік қонақтардың келіп, кетіп жататынын да білеміз. Алайда қорғаныс және оған қатысты өнеркәсіп саласына қатысты кездесулердің маңызы зор. Өйткені жаһандағы саяси ахуал жиі құбылатын, түрлі деңгейдегі сын-қатерлер көбеймесе, азаймай тұрған қазіргі сәтте «қарулас» болғанның артықтығы жоқ. Содан да болса керек, еліміздің Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев түркиялық әріптесімен көптеген мәселені талқылады. Әрине, қазақ пен түріктің әскери бай­ланыстары бүгін басталған жоқ. Әріге бармай-ақ 2018 жылдың қыркүйегінде Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Анкараға ресми сапары кезінде дәл осы салаға қатысты бірқатар екіжақты құжаттарға қол қойыл­ғанын атасақ та жетіп жатыр. Одан бұрын да түріктің әскери қолдауы аз болған жоқ. Түркия 1990 және 2000 жылдардың басында Қазақстан Қарулы Күштеріне талай әскери мүлік берген. Олардың қатарында оргтех­ника, картографиялық жабдықтар, байланыс құралдары, көліктер қатарлы дүниелер бол­­ған. Aselsan қатарлы түрік фирмалары қор­ғанысқа қажетті біраз жабдықтарды Қазақ­­­станда да құрастырып жатыр. Одан бөлек Түркия оқу орындарында курсанттар мен офицерлеріміз оқыған. Ал осы жолғы кез­­десуде Қазақстан жағының «кибер­қауіп­­сіздік» мамандығы бойынша маман­дарды Түркияда оқытуға өтініш жасағаны, ал түріктер бұл ұсынысты қабыл алып, арнайы квота бөлгені белгілі болды. Со­ны­мен қатар әскери ынтымақтастық бағы­тында тағы бірқатар құжаттар әзірленіп жатқаны белгілі болды. Ол туралы Қазақстан Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев айтты.
«Бүгін Түркия Қорғаныс министрі Хулуси Акар қорғаныс ведомствосының басшысы ретінде Қазақстанға алғаш рет ресми сапармен келіп отыр. Өздеріңіз білетіндей, Түркия біздің стратегиялық әріптесіміз саналады. Біздің стратегиялық әріптестіктің берік негізін ең алдымен екі мемлекет басшыларының өте жақын, сенімді әрі достық қарым-қатынасы қалап отыр. 2018 жылғы қыркүйекте Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев­тың Түркияға ресми сапары барысында маңызды құжаттарға қол қойылды. Ол – әскери ынтымақтастық жөніндегі келісім және құпия мәліметтерді сақтау жөніндегі келісім. Ал енді құқықтық базаны нығайту бағытында әскери тариф және мәліметтер алмасу салаларында тағы екі хаттама дайын­далып жатыр», – деді Нұрлан Ермек­баев түрік әріптесімен кездесуден кейінгі бри­фингте. Өз кезегінде Түркия Қорғаныс министрі Хулуси Акар: «Әрине, атажұр­тымызға келу біз үшін өте маңызды әрі қазақ жеріне табан тірегеннен кейін-ақ ортақ тарихымыздың тамыры қаншалықты терең­де жатқанын сезіндік. Бауырлас қазақ елінде болып жатқан барлық оқиғаларды жіті бақылап отырмыз. Ортақ тарихымыз, ортақ мәдениетіміз және біздерді жа­қындастыра түсетін дүниелер өте маңызды. Бауырлас елдердің көш­басшылары ара­­сындағы байланыстар жұмысымыздың жемісті бо­луына септігін тигізіп отыр. Әс­кери саладағы ынты­мақтастығымыз одан ары нығая түсетініне сенімім мол», – деді.
Жалпы қос мемлекеттің әскери ынты­мақтастығын саралаған адам, бауырлас халықтардың бір-біріне ұдайы қол ұшын беруге даяр екенін аңғарады. Мәселен, былтырдан бері түрік әскерилер еліміздің Ұлттық қорғаныс университетінде білім алып жатыр. Бұл өз кезегінде түрік әскер­лерінің қыс мезгілінде әрекет ету дағдысын жақсартатыны анық. Өйткені қалай бол­ғанда да Арқаның алты ай қысында шы­ныққан қазақ офицерлерінің түрік бауырларға қарағанда тәжірибесі мол. Түріктер теңіз бен тау-таста тәуір тәжірибе жинаған. Сондықтан жауынгерлік даярлық бағытындағы ын­тымақтастықта диверсияға қарсы әрекеттер, тау-кен орындарындағы, су астындағы, қалалық жағдайдағы іс-қимылдарды жүр­гізуге арналған арнайы күштерді әзірлеу жағына көңіл бөлінді. Ал техникалық бай­ланыстар, қорғанысқа қажетті жаб­дықтарды бірлесе өндіру ісін түр­киялықтар Индустрия және инфра­құрылымдық даму министрлігі басшы­ларымен кездесуде талқылады.

Амангелді ҚҰРМЕТ