Арыста ауқымды жұмыс атқарылды
Арыста ауқымды жұмыс атқарылды

Менің есімім – Марк Тобайос. АҚШ-тың мемлекеттік депар­та­мен­ті қаржыландыратын Golden West ізгілік қоры оқ-дәрілерді за­лалсыздандыру бойынша же­дел ден қою жасағының мү­ше­сімін.

Біз жедел ден қою жасағында жұ­мыс істейміз. Жалпы, мұндай жағ­дай­лар бүкіл әлемде жиі орын алатынын айт­қым келеді. Кейбір елдер барлығын орнына келтіру үшін бөгде адамдардың көме­гін қажет етпейді. Ал кейбі­реу­лерін­де қажетті білім, тәжірибе немесе арнайы құрал-жабдық жоқ. Сондықтан АҚШ-тың мемлекеттік департаменті ұзақ уақыттан бері төтенше жағдай орын алған елге шұғыл түрде көмектесе алатын арнайы команда құрды. Егер ол қажет болса, біз кез келген елге бара ала­мыз. 1-2 апта ішінде бағалау жүргі­зіп, жұмысымызға кірісеміз. Ассис­тент­­тер, кеңесшілер ретінде көмек­те­семіз.

Ескере кетер жайт, бұл жерде біз та­зартуға қатыспаймыз. Тек Қазақстан Қорғаныс министрлігінің сұрауы бойынша жүргізілетін жұмыстардың қауіпсіздігін анықтауға атсалысамыз.

Арыста үш күн болдық. Алғашқы күні біз әскери бөлімнің аумағын ара­лап шықтық. Жұмыстардың қалай жүр­гізіліп жатқанын көрдік. Екінші, үшінші күні оқ-дәрілердің фрагмент­тері жойылатын полигонға бардық.

Мұндағы атқарылып жатқан жұ­мыс­тар маған ауқымды болып көрінді. Осы­ған дейін әртүрлі елдерде жергі­лік­ті жерді қауіпті жарылғыш заттардан та­зарту жөніндегі операцияларға бір­неше рет қатыстым. Тәжірибеме сүйе­не оты­рып, бұл жерде пайдаланы­лып жат­қан әдіснама өте дұрыс, тиянақты және ба­рын­ша қауіпсіз өтіп отырғанын айта ала­мын.

Мұндағы адамдар өз ісін біледі. 4 күннің ішінде әскери қызметшілердің тазарту бойынша жұ­мыс жүргізіп, адамдарды үйге қай­тара алғандары – үлкен еңбек.

Оқ-дәрілер мен салдарды жою бойын­ша осыған ұқсас операция Конго Республикасында да өткізілді. Ол жерде мен де болдым. Бұл жерге қа­рағанда ондағы жұмыс әлдеқайда көп уақыт алды. Дәл осындай оқиға ке­зінде 300 метр радиуста барлығы қи­ратылды. 600 метр радиуста құры­лыс­тар, 1 000 метр қашықтықта әскери бө­лім жанындағыдай барлық шатырлар бұзылды. Қиранды ауқымы көптеген адамдарға үйлеріне оралуларына мүм­кіндік берген жоқ. Ал қазір көріп отыр­ғанымыздай, аталған аумақ айна­ла­сын­дағы құрылыстарды қалпына кел­­тіру бойынша жұмыстардың бір­шама бөлігі жүргізілді. Ең қуанышты­сы, адамдар қалыпты өмірлеріне қайта оралды. Бұл – басты басымдық. Ең бас­тысы, адамдар тұрып жатқан қала та­зартылды. Ал қоймалар орналасқан тех­никалық аумақты біртіндеп та­зартуға болады.


Жалпы, мұндай оқиғаларды алдын ала білу мүмкін емес. Алайда қауіп-қа­тер­ді барынша азайту үшін оқ-дәрі­лер­ді сақтау мен дұрыс басқару жөніндегі жұмыс­тардың, сондай-ақ қауіпсіздік ша­раларының сақталуына үнемі ба­қылау жүргізілуі керек. Әсіресе, оқ-дәрі­лерді сақтау кезінде барлық қауіп­сіздік шараларын сақату аса маңызды. Бірақ кез келген оқ-дәрілерді сақтау әрқашан қауіппен бай­ланысты екенін түсіну қажет. Төтенше жағдайлар ай­тып келмейді. Әрине, мұндай жағдай орын алмауы керек десек те, бұл болып тұра­ды. Ол Алланың қалауымен бола­тын нәрсе және біз оны алдын ала бол­жай ал­маймыз.

Бұл жерде барлығы жақсы ұйым­дас­тырылған. Барлық сақтау орында­ры­ның айналасында топырақ бар. Еш­қандай шөп жоқ. Үлкен жұмыс кө­рі­ніп тұр.

Ерекше бір тоқтала кететін мәселе, мұн­дай оқиғаларды болдырмау үшін ха­лық осындай инфрақұрылымның жа­нынан алыс тұруы керек. Қаланың атал­ған аумаққа өте жақын екенін көріп отырмыз. Алайда біз іс жүзінде бұ­ған қарсы тұру қиын екенін де бі­леміз. Тұрғындарды бір мезетте жаппай көшіру де мүмкін емес.

Менің Үкіметке айтар басты ұсы­ны­сым, әскерилерге уақыт беру, бар­лық қажетті затпен қамтамасыз ету ке­рек. Оларды асықтырмаған кезде ға­на бар­лығы жасалады. Мұның маңы­зы зор.

Әскерилер барлығын дұрыс істеуде.

Мен көптеген басқа елдерде осын­дай жұмыстарға қатыстым. Сондықтан атал­ған операциялардың Үкімет пен қо­ғам тарапынан қолдау таба­ты­нын, әскери қызметшілердің тәжі­ри­бесін, сондай-ақ шетелдік көмектің тар­тылуы жөніндегі мәліметтерге қа­нық­пын. Мәселен, Болгарияда осын­дай операция барысында 2 жазатайым оқиға орын алды. Минасыздандыру бойынша олардың жеке мамандары жекеменшік аумақтағы жұ­мыстарға рұқсат еткен жоқ. Нә­ти­ж­есінде, осы тазартуды өздігінен жүр­гіз­дік. Бұл ұзақ уақыт, яғни 8 айды ал­ды. Ал аумақ бұл жерге қарағанда әл­­­деқайда кішкентай болды. Бұл жұ­мыс уақытты талап етеді деп отыр­ған­дығымның басты себебі – осы. АҚШ пен көптеген басқа елдер қажет болса, қолдау көрсетуге әзір екенін білемін. Бірақ бұл жерде қа­зақстандық әске­рилер өздері барлығын жасап, керемет жұмыс орындап жат­қан­дарын көріп отырмын.

Бұл жұмысты адамдар жүргізуі тиіс. Атал­ған жұмыстарда робот, техникалық құ­ралдардың пайдаланылуы мүмкін емес. Роботтар оқ-дәрі­лер­дің және олардың қауіпті жарылғыш деңгейінің ара-жігін ажырата алмайды. Сон­дықтан тек адам ғана оларды шы­ғару қауіпсіз немесе қауіпті екендігі ту­ралы шешім қабылдай алады. Мұн­дай жұмыстарды дұрыс әдістеме бойын­ша жақсы оқып, үйренген адам­дар ғана орындауы тиіс. Бұл жерде олар­ға өз­дігінен қозғалуға арналған ма­шиналар қажет болуы мүмкін.

 

Марк ТОБАЙОС