Емханадан ғарыш жақын
Емханадан ғарыш жақын
144
оқылды

Қазақстанда медициналық-санитарлық алғашқы көмек ұйымдарын еркін таңдау бойынша жыл сайынғы науқан аяқталуға таяу. Емханаларға тіркелу мерзімі 15 қарашада бітеді. Халық бұл науқан шынында көзбояу екенін айтады. Себебі қалаған емханаға тіркеле алмайсың. «Тек тұрғылықты жер аумағы шегіндегі МСАК ұйымы» деген шектеу бар. Тіпті, астананың өзінде бір шағынауданда екі емхана кездесе бермейді. Демек, бәрібір еш таңдау жоқ. ДСМ-ге мұндай «халтура» неге керек?

Жұмбақ: зейнетақы алатын адамды қа­лай атайды? Жауабы, әрине біреу: зей­неткер. Бірақ отандық бюрократия үшін мұның бірнеше құйтырқы жауабы бар кө­рінеді. Салдарынан Байқоңырдағы қа­зақстандықтар емханаларға тіркеле алмай жатыр. Олар Конституция және құжат бойынша – Қазақстан азаматы. Алайда дәл осы мәртебесін міндетті медициналық сақтандыру жүйесі мойындамайды. Неге? «Байқоңыр» ғарыш айлағын Ресей 2050 жылға дейін жалға алғандықтан, Байқоңыр қаласы осы мерзімге ресейлік федералдық маңыздағы қала статусына ие болды. Бұл үкіметтегілердің шешімі, оған қарапайым бұқараның келісімі сұ­рал­ған жоқ. Нәтижесінде, орыс кос­модромына жұмыс істеген және істейтін қазақстандықтар солтүстік көршінің бюд­жетінен зейнетақы және жалақы ала­ды. «Кімге ұнамаса, көшіп кетсін» деуі мүмкін базбіреу. Ол қауіпті іс: жергілікті қазақстандықтар өре көшсе, «Байқоңыр» тек ресейліктер тұратын анклавқа айна­латын еді. Сонымен бірге екі ел арасындағы таяу­дағы келісімге сәйкес, «ғарыштық» қаладағы мектептер, балабақшалар, ау­ру­ханалар мен емханалар Қазақстан Үкі­метінің құзырына көшті.
«Байқоңыр қаласында тұратын Қазақ­стан азаматтарына да зейнетақы Ресей Федерациясының зейнетақы қорынан төленеді. Қазіргі кезде Байқоңырдағы мемлекеттік көпбейінді аурухана бізге толыққанды медициналық қызмет көрсе­туден бас тартуда. Оның мәнісін сұрасақ, «сіздер Қазақстанның медициналық сақ­тандыру қорына жарна енгізбейсіздер!» дей­ді. «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы» заңының 26-бабына сәйкес, 14 санат, соның ішінде зейнетақы төлемдерін алушылар үшін жарнаны мемлекет бюджеттен төлейді емес пе?!» – дейді байқоңырлық Рысты Айтмаханова.
ДСМ-нің Міндетті әлеуметтік ме­ди­циналық сақтандыруды үйлестіру де­партаменті жеңілдікті санаттағы тұлғалар үшін медсақтандыру жарнасын мемлекет төлеп жатқанын растады. Ақша қорға уақы­тылы аударылып тұрады. емхана
«Десек те, ол адамдар медициналық қызметтерге қол жеткізуі үшін олардың мәртебесі мемлекеттік деректер база­сын­да айқындалуы тиіс. Яғни, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі­нің ақпараттық жүйесінде азамат «зей­нет­кер» ретінде жазылып тұруы керек. Ал «Қазақстандағы зейнетақымен қам­сыз­дандыру туралы» заңы бойынша Қазақ­станның мемлекеттік базалық зейнет­ақысын және БЖЗҚ-дан зейнетақы төлемдерін алатын адам ғана зейнеткер ретінде танылады. Сондықтан Ресейдің зейнетақы қоры есебінен зейнетақы ала­тын тұлғалар Қазақстан заңнамасы бойынша зейнетақы төлемдерін алушы бо­лып танылмайды», – деді ДСМ де­партаменті.
Әйткенмен бұл түйткілдің шешімі бар. Ресейден зейнетақы алатын қазақ­стандықтар Еңбек және халықты әлеу­мет­тік қорғау министрлігіне жүгініп, «зейнетақы төлемін алушы» мәртебесін та­ғайындау жөнінде өтініш беруі қа­жет. Егер Біржан Нұрымбетовтің ведом­ствосы ол азаматтардың дерегін өзінің ақ­парат­тық жүйесіне (ИС МТСЗН) енгіз­се, тек сонда ғана оларға емханалар-ауру­ханалар жеңілдікті санат ретінде тегін меди­цина­лық көмек көрсете бастайды.
«Зейнеткер мәртебесін алғанға дейін Қазақстан азаматы не дербес төлеуші ретін­де жарна (2020 жылы айына 2 125 теңге) төлеп тұруға міндетті немесе бірың­ғай жиынтық төлем (БЖТ) енгізуі керек: ол 0,5-1 АЕК көлемінде болып келеді. Оны Қазпошта бөлімшелерінде, 24 банктің бірінде, сондай-ақ интернет-банкинг арқылы қашықтықтан төлеуге бола­ды», – деді ДСМ-нің МӘМС үйлестіру де­партаменті.

Еркін тіркелудің «ерекше» тәсілі

Емханаларды еркін таңдап, тіркелу жүйесін енгізгенде Денсаулық сақтау министрлігі оның игілігі мол болатынын жеріне жеткізе мақтады, барлық БАҚ арқылы дәріптеді. Мысалы, бұдан былай азаматтар қалалық емханамен шектелмей, көңілі қалаған кез келген жеке клиникаға тіркеліп, қызметін тегін ала алатынын мәлімдеді. «Бұдан былай бюджет қаржысы әр сырқаттың соңынан емхана-клиникаға ере барады». Өмірде бұдан не шықты? Алма­тылық Гүлнәр Ниетбаева халықтың амалсыздан қулыққа барып жатқанын әңгімеледі.
«Қазақстанда бірнеше жылдан бері медициналық ұйымдарға еркін тіркелу нау­қаны жүзеге асырылуда. Бірақ емханалар өзге көшелер тұрғындарының өз бетімен келіп, тіркелуіне еш мүмкіндік бермейді. Әр емхана-клиникаға қызмет көрсету аумағы бекітіліп қойылған: егер ол аумақта тұрып жатпасаңыз, сізді қабылдамайды. Барлығының айтатын сылтауы бір: бос орын жоқ, өз аумағындағы тұрғындардан артылмайды, жүктеме тым үлкен. Мысалы, №6 емханаға барып тіркелмек болдым, бас тартты. Өз үйімнің мекенжайы, «пропискам» бойынша тек №23 емханаға жатады екенмін, ал ондағы медқызмет сапасы қанағаттандырмайды. 2018 жылы жүкті болдым, сапалы медкөмекті қажет еттім. Нәтижесінде, №17 емхана жанынан пәтер жалдап, өзге емханаға солай тірке­луге тура келді», – дейді Гүлнәр. 
Енді басқа қиындық туған: №17 емхана оның сәбиіне көмек көрсетпей жатыр: ол басқа мекенжайда тіркелген.

Халық емделейін десе, бұл бір азап. Ең алды­мен барлық сырқат терапевттің алды­нан өтуі тиіс. Алайда оның қабылдауына кіру үшін алдымен үлкен кезекке тұрып, флюрографиядан өтуің керек. Содан соң микрореакцияға анализ тапсыруға міндеттісің. Онда да ұзын-сонар кезек. Бұдан қалды ерлер – урологтың, әйелдер – гинекологтың кабинетіне бас сұғып, оның қарауынан өтуі шарт. Тек содан кейін терапевтке кезек аласың.

Бұл мәселені қоғам белсендісі Светлана Ситникова да көтеріп жүр.
«Мен де МӘМС жүйесінің қатыс­ушысы­мын. Ай сайын жалақымнан, әр табысымнан ӘМСҚ жарна ұстай­ды. Қалалық емханалар қызметін пай­да­­лан­баймын. Өйткені оларда тар маман­­дық дәрігерлері жұмыс кезінде аз уа­қыт қана қабылдайды, демалыс күн­дері жабық тұрады. Жұмыстан тек бір күнге ғана жібереді. Тиісінше, жеке клини­каларды жағалауға мәжбүрміз. ӘМСҚ-на жарна төлеп, жалақымнан да жоғалтып жатырмын, оның ұсынатын тегін мед­қызметін пайдалана да алмаймын. Бұл қор не үшін керегін түсінбеймін», – деген ол еркін тіркелу науқанына ешқашан қатыспағанын, жергілікті емхана тұрғын­дар­ды өз бетінше тіркей салатынын біл­дірді.

«Ауру ұлт жасау» бағдарламасы

Кәсіпкер, спортшы Алексей Нам Денсаулық сақтау министрі Алексей Цойға хатында оның түбегейлі жаңаруларды күткен адамдардың үмітін ақтамағанын жеткізді.
«Денсаулық сақтау министрлігінің тізгінін өз қолыңызға алғаныңызға үш айдан көп уақыт өтті. Осы уақытта қазақ­стандықтар медициналық қызметтер са­ласында қандай өзгерістерге қанықты? Сіз келгелі не жаңарды, не жақсарды? Ко­ронавирус статистикасының түзелуінен өзге ештеңе өзгерген жоқ. Саясаттанушы Максим Казначеевтен журналистер сұхбат үстінде осыны сұрапты: «Алексей Цойға ма? Оған әзірше ешқандай баға бере алмаймыз» деп қысқа қайырыпты ол. Сіз төл қолтаңбаңыз деп санайтындай бірегей ештеңе де енгізген жоқсыз. Министрліктің жұмысында да жүйелі жаңғырулар байқал­майды. Сіз келді деп, денсаулық сақтау жүйесінде мазмұнды реформаларды күт­кен­дердің сенімі ақталмады», – дейді А.Нам.
Оның министрге ренжи хат жазуының негізі бар: экс-министр Біртанов енгізіп кеткен кесір мұра Цой тұсында сақталып қалды.
«Проблема емханада-ақ басталады. Халық емделейін десе, бұл бір азап. Ең алды­мен барлық сырқат терапевттің алды­нан өтуі тиіс. Алайда оның қабылдауына кіру үшін алдымен үлкен кезекке тұрып, флюрографиядан өтуің керек. Содан соң микрореакцияға анализ тапсыруға міндеттісің. Онда да ұзын-сонар кезек. Бұдан қалды ерлер – урологтың, әйелдер – гинекологтың кабинетіне бас сұғып, оның қарауынан өтуі шарт. Тек содан кейін терапевтке кезек аласың. Ол саған әрлі-берлі көз тастап, өкпеңді тыңдап барып, лорға, офтальмологқа не басқа да тар салалы дәрігерге жолдау-жолдамау туралы шешім қабылдайды. Ол жақта да үлкен кезек. Соның кесірінен, сырқат адам бір медициналық қызметті алу үшін қаншама асыл уақытын сарп етеді. Бір емес, бірнеше күнін шығын етеді. Осы сергелдеңнен шаршаған халық қолды бір сілтеп, өз бетінше, дәріханашы көмегімен емделуге не ақылы клиникаларға жүгінуге мәжбүр», – дейді Алексей Нам.    
Жұмыс істейтін қазақстандықтар бірнеше күн бойы емхана дәрігерлерінің соңынан жүгіруге уақыты жоғына шағым­данады. Салдарынан еңбекқор адамдар дертін ушықтырып алып жатады. Яғни, бұл жүйе ел басшылығының «Дені сау ұлт» құру жобасына қайшы.
«Бірде құлағым ауырып, өзім тіркелген емханаға бардым. Әлгі айтылған сергелдең тізбегінің тек жартысынан ғана өте алдым. Ақыры отоларинголог дәрігерге тек екі аптадан кейін жазылуға болатынын білдім. Ауру болса шыдатпай бара жатыр. Содан дереу тәулік бойғы клиникаға жүгініп, сұраған ақшасын төледім. Құлағыма қат­қан құлықты суырып алып, дәрі сіңдірілген турунданы тығып, 15 минутта емдеп берді. Ақысын төлей алмайтындар қайтеді? Бұ­қара­ның тұрмысы төмендеп кетті ғой», – дей­­ді кәсіпкер.
Емхана меңгерушілері министрліктен сөз естімеуі, жоғарыдан тексеріс кел­меуі үшін мұндай жағдайға бөлек шара қарас­тырылғанын, мысалы, дерті ауыр сыр­қаттар үшін шұғыл терапевттер (экс­тренные терапевты) қызмет ететінін айтады. Алайда шын мәнінде шұғыл сырқаттар да өз терапевтінің қарауынан өтуге, сырқатының «шұғыл» екендігі туралы қорытындысы мен бағыттамасын алуға мәжбүр. Сөйтіп, дәрігер алдындағы кезекте ауруханаға жатқызылатын науқас­тар да ахылап-ухілеп, қиналып отырады.   P.S.

Жалпы, емханаларға еркін тіркелу медициналық ұйымдар арасында оңды бәсеке туғызуға тиіс еді. Идея бойынша кли­ент­тері кетіп қалмау үшін емхана-кли­никалар ең үздік медқызмет көрсетуге ұм­тылуы керек болатын. ДСМ осы істе ағаттық жіберді. Біріншіден, елде ем­хана тапшы екені ескерілмеді. Ауыл-кен­тте, моноқалада, немесе ірі қаланың шағын­ауданында 1-2 ғана клиника болуы мүмкін, екеуі де шектен тыс жүктелген. Екіншіден, емхананың негізгі контингенті – зей­неткерлер және созылмалы ауруы бар сырқаттар. Олар алысқа құлаш ұра ал­майды, көрсететін қызмет жақсы-жаман болсын, бәрібір жақын жердегі емханадан табан аудармайды. Яғни, жүйеде ештеңе өзгермеді. Ал Қазақстанның бас дәрігері  Үкіметтегі «бас ертегішіге» айналды. Әңгімесі әдемі, қызықты, елітіп әкетеді, бірақ оның шынайы өмірге еш қатысы жоқ.

 

Елдос СЕНБАЙ