«Алтын берсең де, елде мал бағатын адам жоқ» ­– кәсіпкер шопанды шетелден іздеп жатыр
«Алтын берсең де, елде мал бағатын адам жоқ» ­– кәсіпкер шопанды шетелден іздеп жатыр
252
оқылды

Шығыс Қазақстанда шопан тапшы, ­­– деп жазады 24.kz.

Қой өсірген кәсіпкерлерді бұл мәселе әбден тығырыққа тіреген. Сондықтан мал иелері шетелден шопан іздеуге мәжбүр. Зайсан ауданында байыс қойын өсірген Жеңісбек Кәрібаевтың айтуынша, қой шаруашылығын дамытуға деген жаңашыл көзқарас жоқ. Атакәсіпті жалғастыруға ниет танытқан жандар да аз. Байыс қойын өсіріп жүрген Жеңісбек Кәрібаевтың қорасында бастапқыда 75 бас мал болса қазір оның саны 5,5 мыңнан асып кеткен. Кеңес кезіндегі есеппен бұл 10 отар қой екен. Бұл көрсеткішті 10-15 мыңға дейін жеткізуге болар еді дейді зейнеткер. Алайда шаруаны мандытпай тұрған мәселе көп. Соның ең өзектісі – шопан тапшылығы. Қожалықтар елден мал бағатын адам таппай, шетелден іздеп кеткен.

Жеңісбек Кәрібаев: «Күні бүгінге дейін малшы жоқ, он малшы керек он табынға, қазір үш-ақ табынға бөліп жайып отырмыз. Тіпті анау Ауғанстан, Пакистан шет елдерден де алдыртайық, алыс шетелден мамандарды алдыртайық, шақыртайық. Мен қазақпын деп мынадай қойшы айтып тұрса, мен қуанар ем, амал қанша сондай қойшы таппай, қырғызды әкелдім», ­– дейді.

Бұл мәселеге қатысты облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Владимир Гайламазян: «Қанша жоғары еңбекақы төленсе де жалдамалы бақташы болып баруға ешкім келісе бермейді. Алдымен қой шаруашылығының мәртебесін көтеру қажет. Онымен айналысқысы келген азаматқа  жер жекеменшікке берілуі тиіс, шаруасына серпін беру үшін жеңілдіктер де жасалу керек. Фермер тек өзі қожайын болуы керек. Сол кезде ғана алдындағы малды бағуға қызығушылығы оянады», ­– дейді.

Еске сала кетейік, Өзбекстаннан келіп, Жамбыл облысында мал бағатын Шопанның үйінен екі әйелдің мәйіті табылғанын жазған едік.