Кинотеатрдың күні қараң
Кинотеатрдың күні қараң
115
оқылды

Елімізде карантин шектеулері қайта күшіне еніп жатқанда кинотеатрлар ашылмақ болған. Бірақ көп ұзамай қайта жабылуы мүмкін. Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлованың сөзінше, індет кезінде Қазақстандағы кинотеатрлардың шығыны 20 млрд теңгеге жеткен. Ал бұл саладағы мамандар есебінше, шығын әлдеқайда көп болуы мүмкін.

Шығыны мол, банкрот – жалғыз жол

Жалпы, елімізде пандемияға дейін 92 кинотеатр жұмыс істеп келді. Оларға қарасты 350 кино­­зал бар. Айналдырған 8 айдың ішінде еліміздегі 7 кино­театр банкрот болып, жабылды. Қара құрдымға Семейдегі әйгілі «Ең­­лік-Кебек» театры да кетті. Ма­­­ман­­­дар Қа­зақстандағы әрбір бесінші театр жабылуы мүмкін екенін айтады. Бұл дегеніңіз тағы 20-ға жуық кинотеатр пан­­­демияның залал-жүгін еңсере алмай тұрға­нын аң­ғартады. Ал мұның бәрі қаржылық шығынға тіреліп отырғаны айтпаса да белгілі. Жуырда кинотеатр басшы­ларының жеке табыс салығынан, әлеуметтік салықтан, зейнетақы төлемдері мен әлеуметтік меди­циналық сақтандыру төлем­дерінен босатылғанын естідік. Қош, бұл игілік олардың шы­ғынын жаппайтыны анық. Мә­дениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлованың есе­біне сенсек, елдегі кино­­­театр­­­лардың шығыны 20 млрд теңге екен. Осы тұста бір мәселе туын­­­дайды. Министр мен кинотеатр бас­шыларының алға тартқан есебі екі түрлі, ведомство бас­шысы шы­ғын­ды азайтып көр­сет­кенге ұқсайды. Әріден баста­­­сақ, кино­ны халыққа таратушы компа­ниялар соңғы 2 жылда рекордтық табыс түсірген. Жал­пы айналым 90 млрд теңге, оның 70 млрд теңгесі билет сатудан, қалғаны кинозал кіреберісінде түрлі тағам сатудан келген. Та­­мыз айында кинотеатр иелері осы қаржы ай­налымы 2 есеге азайып, 40 млрд табыстан қағыл­­­ғандарын айтқан. Ал қыркүйек айының соңында Кинотеатр иелері қауым­дас­тығының пре­зиденті Мунира Ягудина сала­­дағы шығынның 150 млрд тең­геге жуықтағанын жет­кізді. Қара­­­­саңыз, қауымдастық есе­­­біндегі шығын министр есебін­дегі сандардан бір емес, бірнеше есеге көп. Осыдан кейін Мунира Ягудинаға хабарласып нақты сандарды білмек болдық. Қауым­дастық президенті нақты есепті айта алмаса да, Ақтоты Райымқұлова келтірген деректі жоққа шығарып отыр.
– Жағдайды бағамдау қиын. Әбден мазамыз кетті. Болжам жасаудың өзі қорқынышты. Ми­нистрдің шығын жайлы алға тартқан мәлімдемесін естідім. Менің ойымша, «20 млрд теңге шығын болды» деп кесіп айту – жансақтық. Бұл жай министр­ліктің болжамы ғана. Шынды­ғында, бұдан бірнеше есе көп шығын болса да, таңғалмаймыз. Кино тез ескіретін тауар секілді дүние, жаңа туындыларды про­катқа ұсынуымыз қажет еді. Алай­да күн сайын шығындар артпаса, кеміп жатқан жоқ қой, – дейді ол.
Одан бөлек, бұл салада пан­демияға дейін 6 мыңнан астам адам еңбек еткен. Қазір олар­дың түгелі жұмыссыздар қата­рын толықтырды. Бұл жағдайға KINOPARK & KINOPLEXX кино­театрлар желі­сінің құрыл­тайшысы Алмаз Малдыбаев та алаңдап отыр­ғанын баяндады.
– Жұмыссыз қалғандар көп. Олардың арасында білікті ма­мандар жетерлік. Көбінің не­сиесі бар. Санитар дәрігер­лер­мен өткен айда кездестік. Сақ­­­тық шара­­­ларымызды көріп, жақсы баға­сын берген. Біз кинозалдың 50 пайы­зын тол­­­­тырамыз дегенде, олар 30 пайыз­­­­­ға қысқартуды ұсынды. Келістік. Өзге елдермен салыс­тырғанда эпидемиялық ахуал бізде тұрақты еді. Енді ше­шім шығып, жұмыс істеуге мүм­кін­­дік алып жатқанда жағдай ушық­­­ты. Пандемия басталғалы бері 6 млрд теңгеден астам қар­жыдан айы­рылдық, мем­лекетке 600 млн са­лы­ғымыз төлен­беді, – деді ол.
Осы күні әлемге әйгілі Regal, AMC Theaters және Cinemark кинопрокат желілері жұмысын тоқтатқан екен. Бірақ Оңтүстік Корея мен Жапонияда кино­­театрлар санитарлық талапты сақтап, жұмыстарын жалғас­тырып жатыр. Ал еліміздегі ки­но­залдарда мұндай мүмкін­дікті қарастыруға болмай ма?

Ашылмай жатып қайта жабылмақ

26 қазаннан бастап Қазақ­станда кинотеатрлар залдағы орын­дардың 30 пайызы тола­тындай көрермен қабылдап, жұ­мы­сын бастауға мүмкіндік алған. Коронавируспен күрес үшін құрылған үкіметаралық комис­сияның осы шешімі кү­­шіне ен­генімен, жұмысын бас­тап кеткен кинотеатр көр­медік. Де­мек, шешім қайта өзге­­ретін сы­ңайлы. Комиссия эпиде­миялық жағдайы тұрақты «жа­сыл ай­мақтарда» ғана кинотеатр ашы­латынын айтқан. Бірақ «жасыл аймақтардың» қатарына қай облыс­тардың енгені нақты аталмады. Дегенмен қазір «жа­сыл аймақ» тізімінде Нұр-Сұлтан мен Алматы қаласы, БҚО, ШҚО, Маңғыстау мен Атырау облысы тұрғанын байқадық. Осы өңірлердің ішінде Ақтау мен Атырау қаласында ғана кино­театрлар жұмысын бастапты. «Қалған өңірлер қайда қалды?» дерсіз, «жасыл аймақ» деп айдар тақ­қан қалалардың өзінде эпи­демиялық ахуал күрделене бас­тады. Індеттің екінші толқыны келері шын болса, кинотеатрлар есігіндегі құлыптың ашыла қояр жөні жоқ сияқты. Яғни, жоға­рыда айтып өткен шығынның жайы еселене бермек. Енді бір сауал, жаздың соңында індет қарқыны бәсеңдеп, карантин жеңілдетіліп жатқанда кино­театрлар неге ашылмады?
– Бұған дейін талай мәрте Үкіметке ұсыныс тастадық, сани­тарлық талаптарды қатаң сақ­таймыз, арақашықтықты қада­ғалаймыз, тек кинозалдың 50 пайызына ғана көрермен қабыл­даймыз дедік. Ақыры келіп ки­нотеатрларды 26 қазан­нан бас­тап ашамыз деді. Бірақ кинотеатр екі-ақ қалада жұмы­сын бастады – Ақтау мен Аты­рауда. Басқа қала­лардағы жағдай бел­гісіз. Карантин шарттары қай­та күшейіп жатыр. Оның үстіне, «кинозалдағы орын­дардың 30 пайызын ғана тол­тырсын» деп бекіткені ақылға сыймайды. Бұл – нәтижесі жоқ уақытша амал. Біз Үкі­меттің кинотеатр­ларға бай­ланысты ұс­танымын ұға алмай отырмыз. Қолдан келер шара жоқ, – дейді Кинотеатр иелері қауым­дас­ты­ғының прези­денті Мунира Ягу­дина.
Түйіндей келе айтарымыз, пандемия кинотеатрлар үшін трагедияға айналғаны хақ. Оның қашан бітері беймәлім. Бір бі­леріміз, киноиндустрия Екінші дүниежүзілік соғыстан бері мұн­дай дағдарысты бастан өткер­меген.

мадиярМадияр ТӨЛЕУ