Сот билігі – мемлекеттік биліктің бір тармағы. Оның заң шығарушы және атқарушы биліктен айырмасы – жалпыға ортақ жүріс-тұрыс ережесін шығармайды, атқару-басқару қызметімен айналыспайды. Сот қоғамда туындаған нақты істер мен дауларды шешеді. Яғни, судья – заң үстемдігін жүзеге асыратын негізгі тұлға.
Жуырда Қазақстан судьяларының VIII съезі болды. Төрт жылда бір өтетін құрылтайда сот жүйесін дамыту, судьялардың жауапкершілігі мен тәуелсіздігін арттыру, кейбір қылмыс түрлеріне жазаны күшейту сынды бірсыпыра мәселе талқыланды. Басқосуға қатысқан Қасым-Жомарт Тоқаев адам құқығын барынша қамтамасыз етуді бірінші міндет деп атап көрсетті. – Судьялар корпусы күнделікті жұмысында осы ұстанымды басшылыққа алуы керек. Судьяларымыз адам құқығының мүлтіксіз сақталуын басты назарда ұстауға тиіс, – деді Президент. Мемлекет басшысының бесенеден белгілі жайтты қайталап ескерткені тегін емес. Құқық қорғау жүйесінде былық-шылық әлі де бастан асады. Мәселен, судьялар баяғы қалыптасқан дағдымен айыптауға бейім тұрады. Азаматтар нақақтан-нақақ сотталып кете баратын жағдайлар аз кездеспейді. Былтыр ауыр қылмыс бойынша 7 083 іс қаралып, 189-ына ақтау үкімі шығарылыпты. Бұл – жалпы санның небәрі 2,7 пайызы ғана. Аса ауыр қылмыстар санатында да ұқсас көрсеткіш байқалады: 2019 жылы айыпталған 1 203 адамның тек 21-і сот залынан босатылған (1,7 пайыз). Президент екінші маңызды басымдық ретінде сот тәуелсіздігін тілге тиек етті. Конституцияның 77-бабында «Судья сот төрелігін іске асыру кезінде тәуелсіз және Конституция мен заңға ғана бағынады» – делінген. Қазақстан сот жүйесінің еркіндігі жөнінен әлемде 71-орында тұр. Құқық үстемдігінің индексінде 62-орынға табан тіреген. Елімізде Жоғарғы сот судьяларын Президенттің ұсынысымен Сенат сайлайды. Басқаларын Президент тағайындайды. Кейбір сарапшылар сот тәуелсіздігін арттыру үшін судьяларды лауазымға бекіту тәртібін өзгерту керек деп санайды. Олардың пікірінше, төменгі сатыдағы соттарды халық сайлағаны дұрыс. Өйткені бұл – Еуропа мен АҚШ-та кең тараған тәжірибе. Сондай-ақ құрылтайда Қасым-Жомарт Тоқаев судьяларға БАҚ пен әлеуметтік желілер тарапынан қысым жасалатынын жасырмады. – Тергеу әлі жалғасып жататын, іс сотқа берілмеген кездер болады. Ал кейбір журналистер мен блогерлер жағдайды ушықтырып, сот шешімін алдын ала болжай бастайды. БАҚ-тың жариялылығы, ашықтығы сотқа қысым жасау құралы ретінде мүлде пайдаланылмауы керек, – деді Мемлекет басшысы. Рас, кейде ақпарат құралдары судьялардың бірлі-жарым қате шешімдерін алаулатып-жалаулатып жариялап, халықтың сотқа деген өкпе-ренішін одан сайын өршітіп жібереді. Судьялардың қызмет бабында моральдық және психологиялық соққыға өзгелерден гөрі көбірек ұшырайтынын мойындау қажет. Өркениетті де әлемде судьялар мен журналистер жиі текетіреске барады. Мысалы, АҚШ-та сот отырыстары қоғамға ашық. Дегенмен кейде куәгерлердің қауіпсіздігін сақтау мақсатында судьялар сот істерін жабық жүргізуге тырысады. Ондайда журналистер толыққанды мәлімет беруді талап етіп, екі ортада кикілжің туып жатады. Бірақ бәрі заң аясында. Айтпақшы, съезд біткен соң Жоғарғы соттың баспасөз хатшысы Айдос Сәдуақасов құқық қорғау органдарының судьяны қалай тығырыққа тірейтінін айтып берді. – Олар брифинг ұйымдастырады. Күдіктіні халыққа бірден қылмыскер қылып көрсетеді. Алайда сот процесі барысында оның ешқандай қылмыс жасамағаны немесе қылмысының дәлелденбегені анықталады. Сол кезде қоғам «Неге сіздер ол адамды босаттыңыздар?» деп соттарға шабуылдайды. Егер еш дәлел болмаса, қалай соттаймыз? Алдағы уақытта құқық қорғау органдары істің анық-қанығын біліп алып, прокуратураның рұқсатымен ғана жарияласа екен, – деді А.Сәдуақасов. Президент биылғы Жолдауында «өкілеттіктердің аражігі нақты ажыратылған үш буынды модель құруды» тапсырған. Үш буынды модель деген не? Полиция қылмысты анықтап, кінәлілерді тауып, айғақ жинап, оны тиянақтап беруге тиіс. Прокурор дәлелдемелерге тәуелсіз баға беруге, құқықбұзушылықтың жолын кесуге, сотта айыптау жағын қолдауға міндетті. Сот өз кезегінде органдардың әрекетіне қатысты шағымды қарайды және іс бойынша ақтық үкім кеседі. Мұндай тәсіл тепе-теңдік жүйесін нығайтады. Әзірше бізде тергеуші бастан-аяқ өзі би, өзі қожа. Материалдарды өзі жинайды, деректерді айғақ ретінде өзі таниды, өзі күдіктенеді, Қылмыстық кодекстің бабын өзі белгілейді, соңғы шешімді қабылдап, айыптау актісін өзі шығарады немесе қылмыстық істі өзі тоқтатады. Сарапшылардың пайымынша, Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымына кіретін 30 мемлекеттің бірде-бірінде мұндай жүйе жоқ. Судья, прокурор мен тергеушінің құзыреті әлдеқашан бөлінген. Президенттің сөзінше, соңғы жылдары судья лауазымына үміткерлерге талап күшейген, іріктеудің заманауи құралдары енгізілген. – Дамыған елдерде судьяға қойылатын талаптардың жоғары болатыны соншалық, өткен өміріндегі болмашы бір теріс әрекеті лауазымға тағайындалмауына себеп болуы мүмкін. Мұндай тәжірибені Қазақстанда да қолданған жөн, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Осы орайда бірер сөз. Былтыр 29 судья теріс себеппен жұмыстан босатылыпты: 15-і этиканы аяққа таптағаны үшін, 7-еуі заңды өрескел бұзғаны үшін, 7-еуі лауазымына сай келмегені үшін қызметімен қоштасқан. Жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің дерегінше, 2019 жылы қазақстандық судьяларға қатысты 11 қылмыстық іс қозғалған, алтауы сотқа жолданған. Әлеуметтанушылар мен саясаттанушылар қауымдастығының атқарушы директоры Бақытжамал Бектұрғанованың астыртын статистикасына сүйенсек, қай судьяның қанша параға көнетіні мәлім екен. Мысалы, облыстық судьялар орташа есеппен 15 мың доллар алса, аудандық судьялар одан екі есе аз параны місе тұтатын көрінеді. Бірінші орында – Жоғарғы сот судьялары. Олардың «ставкасы» – орташа есепен 34 338 доллар. Зерттеушілер мұны арнайы сауалнама арқылы анықтаған. Сауалнамаға республика бойынша мыңнан астам адам қатысқан. Оның ішінде бір кезде сотқа ісі түскендер, заңгерлер, кәсіпкерлер мен құқық қорғау органдарының өкілдері болған. Респонденттердің 77 пайыздан астамы сот жүйесіндегі жемқорлық әрекеттер жөнінде білетінін айтыпты. Бұл – 2011 жылғы зерттеудің нәтижесі. Әрине, әңгіменің бір ұшы ақшаға келіп тіреледі. Қазақстанда аудандық деңгейдегі судьяның жалақысы орта есеппен 400-500 мың теңге аралығында, облыстық деңгейдегі судьяның жалақысы – 600-700 мың теңге, Жоғарғы соттағы судьяның жалақысы 800-900 мың теңге шамасында. Енді шетелмен салыстырайық. Саяси тұрақтылығымен, ғаламат экономикалық табыстарымен дүниежүзін тамсандырған Сингапур, Малайзия, Тайвань, Гонконг пен Оңтүстік Кореяда судьялардың мәртебесі айқындалған. Мәселен, Сингапур билігі судьялардың жылдық еңбекақысын 1 млн долларға дейін өсірген. Сондықтан шығар, оларда парақор судья деген түсінік атымен жоқ. Жаңағыдай жалақы алатын қызметкер бүкіл жеңілдігінен айырылып, абыройы айрандай төгілмеуін ойлайды, барын салып, адал жұмыс істеуге тырысады. «Арзан сот қымбатқа түседі» деген Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев та кезінде судьялардың материалдық мәселесін меңзеген секілді.Еркебұлан НҰРЕКЕШ