Әуесқой бокста ел мерейін асқақтатып жүрген былғары қолғап шеберлері кәсіпқой бокста да бақтарын сынап көрмек. 31 қазанда бокстан Қазақстан командасының мүшелері, әлем чемпионы Бекзат Нұрдәулетов пен әлем біріншілігінің қола жүлдегері Абылайхан Жүсіпов шаршы алаңға шығады. Бапкерлер індет кезінде спортшыларды бабында ұстап, олимпиада ойындарына дейін тыңғылықты дайындау үшін осындай қадамға барды.
Иә, қыр астында Токио Олимпиадасы. Әне-міне дегенше төрт құрлықтың маңызды додасы басталады. Еліміздің атынан боксшылар байрақты бәсекеге толық құрамда қатысады. Бұл отандық спорт жанкүйерлері үшін қуанышты жаңалық болды. Әлемдік жарыс алдында саңлақтарымыз қосымша тағы бір сынақтан өтіп, шеберліктерін шыңдауды дұрыс cанайды. SULEIMEN Promotions компаниясы ұйымдастыратын бокс кеші Атырау қаласында өтеді. Бұл шоуда шетелдік және қазақстандық боксшылар сынға түседі. Көрерменсіз өтетін бокс кеші «Хабар» арнасынан тікелей эфирде көрсетіледі. Бұл кеште Бек Нұрмағанбет, Евгений Павлов та өнер көрсетеді, ал Данил Семенов кәсіпқой рингтегі бірінші жекпе-жегін өткізеді.– Біз жарысты ғана емес, оқу жаттығу жиындарын да сағындық. Пандемия спортшылардың алаңсыз жаттығуына біраз уақыт кедергі келтірді. Кейін жағдай тұрақталғаннан кейін қайтадан жаттығуымызға кірістік. Өйткені алда маңызды жарыстар бар. Ал ең негізгісі біз үшін Токио Олимпиадасы екенін жақсы білесіздер. Соған қызу дайындықты бастап кеттік. Маған артылған сенімнің қаншалықты ауыр екенін білемін. Тек 69 келі емес, барлық салмақ бойынша артымыздан еріп келе жатқан мықты боксшылар көп. Яғни, бұл спорт түрінен елімізде бәсекелестік өте жоғары. Сондықтан бізге еш босаңсуға болмайды, – дейді Абылайхан.Өз кезегінде Бекзат та бабында екенін, бас бапкердің барлық тапсырмасын орындап жатқанын тілге тиек етті.
– Бас бапкер Ғалымбек Кенжебаев ағамызбен де, өзіміздің жеке бапкер Марат Жәкиев ағаймен де дайындық жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Қос бапкермен жаттығу кері әсерін тигізеді деп ойламаймын. Қайта бұл біз үшін пайдалы болмақ. Алдағы олимпиадада алдымызға үлкен мақсат қойып отырмыз. Сондықтан дайындықты да арттыра түсуіміз керек, – дейді ол.Ал бокстан Қазақстан құрамасының бас бапкері Ғалымбек Кенжебаев екі боксшыдан көп үміт күтетінін айтады.
– Жуырда екі боксшымыз кәсіби түрде сынға түседі. Промоутерлік компания Бекзат пен Абылайханды таңдап алды. Басқа команда мүшелері де назардан тыс қалған жоқ. Бірақ қарсыластар мәселесі туындаған соң таңдау осы екі боксшыға түсті. Мұндағы біздің басты мақсатымыз – спортшыларды Токио Олимпиадасына дейін бабында ұстау. Әлемдік пандемия бізге үлкен кедергі келтірді. Олимпиадаға толық құраммен жолдама алсақ та, індет салдарынан сегіз айдан бері ешқандай жарысқа қатыса алмай отырмыз. Ал боксшыларға жарыс тәжірибесі қажет. Сол үшін осындай қадамға бардық. Спортшылар кәсіби боксқа түбегейлі ауысып кеткен жоқ. Дүбірлі додаға дайындықты күшейту үшін бұл ұсынысқа келістік. Қарсыластар туралы нақты мәлімет айта алмаймын. Әрине, танымал спортшылар болмайтыны анық. Әзірге жекпе-жектің қанша раундқа созылатыны туралы нақты келісілмеді. Біз 6-8 раундтық кездесу өтеді деп жоспарлап отырмыз, – деп жауап берді бас бапкер.«Болат қайнауда, батыр майданда шынығады» демекші, ұзақ үзілістен кейін боксшыларымыз шаршы алаңда шеберлігін шыңдап, байрақты бәсеке Токио Олимпиадасына дайындығын тағы бір пысықтап алатын болды. Елдің сенім артқан серкелері бұл сыннан да абыроймен шығады деп сенеміз. Байсалды Бекзатқа да, адуынды Абылайға да қарсыласына алаң қожайындарының кім екенін көрсететін тамаша мүмкіндік туып тұр. Бәрі оңынан болсын дейміз.