«УЗИ-ге дүйсенбі түсіреміз...» ­– Балқаштағы бала өліміне қатысты тексеру басталды  
«УЗИ-ге дүйсенбі түсіреміз...» ­– Балқаштағы бала өліміне қатысты тексеру басталды  
125
оқылды

Дереккөздің хабарлауынша, 23 қазанда әйел қабағы ісіп, көзі ауырған баласын ауруханаға жедел жәрдем бөліміне жеткізген.

«Дәрігерлер баланы толық тексеруден өткізіп, анализдер алды. Бірақ қандай да бір патологияны анықтамады. Сондықтан бізді үйге жіберді. Медбике ауруханаға жатудан бас тарту үшін менен қолхат алып қалды», ­– дейді баласынан айырылған әйел.

Үйіне келген соң баланың денсаулығы нашарлай бастаған. Жылап, еріндері көгерген. Жедел жәрдем оларды балалар ауруханасына жеткізді, бірақ анализдерден кейін оны қалалық аурухананың диагностикалық орталығына жөнелткен.

«Балам айқайлап, жылады. Екі аяғын бүгіп, ішін ұстап, жылады. Дәрігерлер ешқандай процедура жасаған жоқ. Менің бірдеңе жасауды талап еткеннен кейін ғана ол жансақтау бөліміне жеткізілді», ­– дейді анасы.

24 қазанда бала жансақтау бөлімінде қайтыс болды.

«Мен УЗИ-ден өткізуді сұрадым, бірақ маған сенбі мен жексенбі болғандықтан, мұны дүйсенбіде жасауға уәде берді. Бірақ ұлым дүйсенбіге жетпеді, қайтыс болды. Үш дәрігер шығып, оның шетінегенін айтты. Олар қанттың көбейіп кетуіне байланысты мида церебральды ісіну болғанын айтты», – дейді баланың анасы.

Анасының айтуынша, балада туабітті созылмалы ауру болмаған.

Бала өліміне қатысты ауруханада тексеру басталған. Тергеу қорытындысы алдағы уақытта жарияланбақ.