Халықаралық мұғалімдер күні қарсаңында British Council қазақстандық ұстаздар арасында «Ағылшын тілі пәні бойынша ең үздік видеосабақ» онлайн байқауын өткізді. Конкурс Маңғыстау облысында «Теңізшевройл» компаниясының қолдауымен English for Success жобасы аясында өткізілді.
«Теңізшевройл» компаниясы көптеген жылдар бойы өзінің әлеуметтік инвестициялар бағдарламасы аясында әртүрлі саладағы жобаларды, соның ішінде білім беру саласындағы жобаларды да қаржыландырып келеді. Биыл COVID-19 пандемиясы кезінде компания мен Британдық Кеңес Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің видеосабақтардың сапасын жақсарту бастамасын қолдап, Қазақстанның түкпір-түкпіріндегі мұғалімдеріне арналған жобаны қолға алды. Нәтижесінде 200-ден астам ағылшын тілі пәнінің мұғалімі жарысқа қатысуға өтініш білдірді. Барлық қатысушылар Уорик университетінің (The University of Warwick) қолданбалы лингвистика орталығының директоры Пенни Мосавиан ханымның вебинарын тыңдады. Дайындықтан өткен қатысушылар өздерінің видеосабақтарын жазды. Финалға 30 мұғалім, оның ішінде 12-сі ауыл мектептерінен іріктелді. Олар қосымша вебинарлар мен түрлі сессиялардан өтті. Бейне мен дыбыстың сапасын жақсарту үшін оларға видеокамера, құлаққап пен микрофондар сыйлыққа берілді.