Тараздағы түрмелерден тағы 37 телефон мен 48 пышақ тәркіленді
Тараздағы түрмелерден тағы 37 телефон мен 48 пышақ тәркіленді

Жамбыл облысында түзеу мекемелеріне жоспарлы тінту жұмыстарын жүргізу жалғасуда. Бұл жолы 158/7 мекемесін тексерген құзырлы орган мамандары бірқатар заңсыз бұйымдарды тәркілеп отыр.

Атап айтсақ, ерекше режимдегі түзеу мекемесіндегі жазасын өтеушілерден 37 ұялы телефон, 25 зарядтағыш құрал, 5 «сим» карта және 48 пышақ, қолдан жасалған кешкіш сияқты адам өміріне қауіп төндіретін суық қару табылған. Тінту жүргізген мамандар тыйым салынған заттардың басым көпшілігі сотталғандардың туған-туыстарының көмегімен ішке енгенін айтады. Яғни, тыйым салынған заттарды жақындарына «жақсылық» жасауды көздейтін жазасын өтеушілердің туыстары мекеменің сыртқы қоршауынан лақтыру фактілері азаймай тұр. Мәселен жыл басынан бері дәл осындай 80 дерек тіркеліп, заңды бұзған 51 азамат ұсталған. Жамбыл облысы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаменті бастығының міндетін атқарушы әділет полковнигі Теңізжан Жәнібеков туған-туысын заңбұзушылыққа итермелеген сотталғандардың тәртіптік жазаға тартылатынын, ал заңды бұзған азаматтардың жазасыз қалмайтынын ескертеді. түрме – Біз Тараздағы ЖД-158/7 мекемесіне жоспарлы тінту жұмыстарын жүргізіп, сотталғандардан тыйым салынған заттарды тәркіледік. Бұған дейін, дәл осындай жұмыстар ЖД-158/2 және ЖД-158/4 мекемесіне жүргізілген болатын. Жалпы, тыйым салынған заттардың мекемеге ену арналарын анықтау мен жолын кесу жұмыстары алдағы уақытта да жалғасын табады. Сондықтан, түзеу мекемелерінде жазасын өтеуші жақындарына көмектеспек ниетте заңды бұзған азаматтар жауапкершілікке тартылатынын қатаң ескертеміз. Заң алдында барлық адам бірдей жауап береді, – дейді Т.Жәнібеков.

Мұндай тінту жұмыстары Тараз қаласының түрмелерінде соңғы он жылдың бедерінде болмағанын айта кеткен жөн. Енді мұндай ауқымды шарадан қандай нәтиже шығатыны белгісіз. Алайда темір тордың арғы бетінде өз «заңымен» өмір сүретіндер үшін бұл ұнамайтыны анық. Бірақ тәртіп болмаған жерде, тыныштық пен береке болмайтындығын да ұмытпаған жөн.

Саятхан Сатылған, Жамбыл облысы