Өлместің қамы: Қайыршы кейпіндегі тағдырлар
Өлместің қамы: Қайыршы кейпіндегі тағдырлар
586
оқылды
Олардың кейбірінің он екі мүшесі сау болса, енді біреуінің қол-аяғы жоқ. Сондай жандардың тағдыры әртүрлі, әрқилы екен. Міне, Нұр-Сұлтандағы қайыр сұрап тұрғандардың жай-күйін білуге шыққан біз, осыны жақсы түсіндік. [caption id="attachment_82389" align="alignnone" width="1024"]қайыр ©Айтжан Мұрзанов[/caption]

Әуелі қайыр сұрайтындарды іздеп, тұрғындарға белгілі «Артем» базарын маңайладық. Күннің суығанынан ба, білмедік, базар маңында қайыршы көп емес. Көліктен түсе бергенде көзге түскені тәжік келіншек болды. Қолында – құндақталған баласы. Өзіне қарай бет бұрғанымызды түсінді ме, біз жеткенше ұшты-күйлі жоқ болып кетті. Әлгі келіншекті іздеп, базардың арғы-бергі шетін аралап едік, таба алмадық.

[caption id="attachment_82390" align="alignnone" width="1024"]қайыр ©Айтжан Мұрзанов[/caption]

Базардың келесі кіреберісінде екі қолы мен аяғы жоқ, қоларбаға таңулы  азаматты байқадық. Жасы – 45 шамасында. Жанына жақындап,  сөйлесуге ыңғай танытып едік,  «Суретке түсірме. Суреттен көрсе, ертең осы жердің иесі мені қуып жібереді» деп байбалам салды.

[caption id="attachment_82393" align="alignnone" width="800"]қайыр ©Айтжан Мұрзанов[/caption]

Түсірмеуге уәде бердік. «Қол-аяғыңызға не болды?» деген сауалымызға: «Қыстың күні үсіп қалғанмын, содан кесіп тастады» деп жауап қайырды. «Қақаған қыста бейшара далада қалды ма екен» деген ой сап ете қалды. 

[caption id="attachment_82394" align="alignnone" width="800"]қайыр ©Айтжан Мұрзанов[/caption]

Сөйтсек, ол «Бурабайдағы жазғы үйді күзетемін» деп үсіп қалған екен. Қыстыгүні жарық болмаған соң, жылу қосылмапты. Оның мұндай халге түскеніне 9 жыл болыпты.

[caption id="attachment_82395" align="alignnone" width="800"]қайыр ©Айтжан Мұрзанов[/caption]

 – Мемлекет тарапынан алатын көмегім жоқ емес, бар. Бірақ өз үйім болмаған соң, пәтер жалдаймын. Ал маған төлейтін жәрдемақы пәтерақыға жетпейді. Отбасылы емеспін, балам да жоқ. Әйелің, балаң болу үшін табыс та қажет. Ал ақшасыз оны қалай асыраймын? Қарақан басыммен күнімді әрең көріп отырғанда, не істеймін оларды?!, – деді ол.

[caption id="attachment_82397" align="alignnone" width="800"]қайыр ©Айтжан Мұрзанов[/caption]

Өзі – алматылық. Алматыдағы балалар үйінде өскен. «Бағанашылдағы №1 мектеп-интернатта оқыдым. Осы жаққа жұмыс іздеп келгенмін. Енді, міне, отырған отырысым» деп күйінішін жеткізді. Әңгімесін айтып отырып, бізге жібіді ме, кім білсін?! Әйтеуір, кетіп бара жатқанымызда, суретке түсіріп алуға рұқсатын берді.

[caption id="attachment_82398" align="alignnone" width="800"]қайыр ©Айтжан Мұрзанов[/caption]

Базардың төменгі жағына түсе бергенде, қайыр сұрап тұрған 18-20 жастағы баланы көрдік. Қолында – қос балдақ. Ұлты – әзірбайжан. Өзі анасымен бірге базардың маңында пәтер жалдап тұрады. Айтуынша, 2-топтың мүгедегі. Осында құжаттарын жасауға келген. 

[caption id="attachment_82399" align="alignnone" width="800"]қайыр ©Айтжан Мұрзанов[/caption]

– Өзім жақында ғана Щучинскіден анаммен бірге келдім. Әкімшіліктен көмек жоқ. Анам құжат реттеп жүр. Қолдан келер басқа шара жоқ. Анама көмегім тисін деп, базарға шықтым, – деді ол. 

[caption id="attachment_82400" align="alignnone" width="800"]қайыр ©Айтжан Мұрзанов[/caption]

Жанарынан өзінің бұл жерде тұрғанына қысылып, қымтырылып тұрғаны байқалады. Денім сау болса, жұмыстан қашпас едім деп айтқысы келгендей болды. Өйткені үстіндегі киімі бүтін, үсті таза, жып-жинақы екен.

[caption id="attachment_82401" align="alignnone" width="800"]қайыр ©Айтжан Мұрзанов[/caption]

«Артем» базарының жанында «Сәдуақас қажы Ғылмани» мешіті бар.  Мешіттің маңында қайыр сұрап жүретіндер көп болады.  Соның бірі – Жанна есімді азаматша болды.  Жасы – 42-де. 

[caption id="attachment_82402" align="alignnone" width="800"]қайыр ©Айтжан Мұрзанов[/caption]

«Қай жақтан келдіңіз?» деп сұрағанға «Қазақстан азаматымын» деп, туған жерін айтқысы келмеді. Кішкентайынан аурушаң болып өсіпті. Ата-анасы өмірден озған соң, ауру балаға бауырлары қарамай кеткен екен. 

[caption id="attachment_82403" align="alignnone" width="1024"]қайыр Жанна - 42 жаста[/caption]

– Ауруды тілеп алғаным жоқ. Бала күнімнен судоргі ұстайды. Өзім – мүгедекпін. Ешкімнің ақшасын ұрлап отырғаным жоқ. Қайыр тілеп отырмын. Онда да өзім үшін ғана сұраймын. Оны бірі түсінсе, бірі түсінбейді. Ораза айтта кейбіреулер ет әкеп береді. Бірі – нанын берсе, енді бірі киімін береді. Бір Алланың арқасында киініп, күн көріп жүрмін, – дейді Жанна. 

[caption id="attachment_82404" align="alignnone" width="1024"]қайыр ©Айтжан Мұрзанов[/caption]

Өзі жатақханада тұрады. Бала кезінде дәрігер болғысы келген. Ауруына қарамастан ешкімге масыл болмай, өз күнін өзі көріп отырғанын қайта-қайта айта берді. Тіпті біздің кеткенімізді байқамай да қалды.

[caption id="attachment_82405" align="alignnone" width="1025"]қайыр ©Айтжан Мұрзанов[/caption]

Екі-үш қадамдай жерде жасы алпысқа таяп қалған апа отырды. Апаға қолымыздағы тиын-тебенімізді тастап, «тапқан табысының» күнөлтуіне жетер-жетпесін сұрадық. «Күніне мың теңге жиналады. Әйтеуір, күнделікті тамағыма жетеді. Жақсы түсті дегенде, 2-3 мыңға барады. Ондайда үйге кір сабын, кір жуатын ұнтақ аламын» деді апа.

[caption id="attachment_82406" align="alignnone" width="1024"]қайыр маңғыстаулық апа[/caption]

– Балам да, келінім де, немерем де болды. Осыдан екі жыл бұрын астананың трассасында олар отырған көлікті камаз қағып кетті. Өзім тіршілік жасауға тырыстым, бірақ болмады. Әйтпесе, құжатым бәрі бар. Алайда менің жасымда жұмысқа тұру қиын ғой. Біреу жұмыс тауып берсе, қашпай істер едім. Дегенмен жұмыстың реті болмай тұр. Оның үстіне, зейнетақы алуға жасым жетпейді. Содан мына жерде отырмын. Адамдар әртүрлі, біреу береді, біреу бермейді. Әйтеуір, біздікі өлместің қамы ғой, – деп күйінді апамыз.

[caption id="attachment_82407" align="alignnone" width="800"]қайыр ©Айтжан Мұрзанов[/caption]

 Айтуынша, пәтердің ақысын да осы жерден шығарып отыр. Өзі осы маңда пәтер жалдап тұрады. Айына төлейтіні – 35 мың. Оның осы жерде отырғанына бір жыл болыпты. «Өзім Маңғыстау облысының Ақтау қаласынанмын. Ешкімім жоқ» деген апа ағайын-туғанды мазалағысы келмейтінін білдірді.

[caption id="attachment_82408" align="alignnone" width="800"]қайыр ©Айтжан Мұрзанов[/caption]

Нұр-Астана мешітіне жұма күнін күтіп, арнайы бардық. Мешітке келушілер де, қайыр сұрап тұрғандар да көп екен. Бірақ бірі сөйлескісі келмеді. Енді бірі суретке түсуден қашты. 

[caption id="attachment_82409" align="alignnone" width="1024"]қайыр ©Айтжан Мұрзанов[/caption]

Сөйтіп, жұмысқа қайтып келе жатқанымызда Нұрлы жол желегінде гармонь тартып отыратын атаны еске алдық. Бұрылып келсек, ол кісі  жиналып жатыр. «Ата, ерте қайтып бара жатқан жоқсыз ба? Сағат енді ғана 3-тен кетті ғой» деп едік. «Балаларым келмей тұрып, үйге баруым керек. Әйтпесе, ұрсады» деді. Сөйтсек, атаның ұл-қыздары бар екен. Келіні мен баласы жұмысқа, немерелері мектебіне кеткенде, ол да үйден шығады екен. 

[caption id="attachment_82410" align="alignnone" width="1024"]қайыр ©Айтжан Мұрзанов[/caption]

– Күні бойы үйде отыра бергеннен де шаршайсың. Теледидардан да көп нәрсе көре алмайсың. Оның үстіне, мүгедекпін, бір көзім дұрыс көрмейді. Күш салуға болмайды. Дәрігерлер, екінші көз көрмей қалу мүмкін екенін айтты. Оған қоса, төрт қабырғада отырған соң, ой да адамды жеп тастайды. Содан үйдегілерге бой бермей,осында келіп жүрмін, – дейді ата.  

[caption id="attachment_82411" align="alignnone" width="1024"]қайыр ©Айтжан Мұрзанов[/caption]
Торғайдан көшіп келген қария Көкталда тұрады екен. Ұлының әжептеуір қызметі бар «Құдайға шүкір, баламның табысы жетеді. Қаржыдан қиналғанымыз жоқ. Бірақ ұлым «біреу көріп қалса, ұят болады» деп бұл жерге шығуымды қаламайды. Сонда да оған бой бермей, үстімдегі куртканың жағасын көтеріп алып, басымдағы бас киімді басып алып ойнап кетемін. Сондай күннің бірінде ұлымның қызметкерлері көріп қалып, «сенің әкеңнің ойнағанын көрідік, өте тамаша ойнайды екен. Неге ойнауға рұқсат бермейсің?» деп айтыпты.  Сол оқиғаны еске алып,  ата бір жымиып алды.

Айтуынша, гармонь тартуды орыстарға ерегесіп, 14 жасынан үйренген. Бір күнде 900 теңгедей жиналады. Бірақ сол ақшаны қария үйге де, өзіне де жұмсамайды екен.

[caption id="attachment_82412" align="alignnone" width="1024"]қайыр ©Айтжан Мұрзанов[/caption]

– Бұдан көп ақша түспейді. Күніне 900 теңгедей табамын. Оны ауру балаларға жинайтын жәшікке, kiwi кошелекке саламын. Тіпті «Хан Шатырдағы» күзетшілер «Ата күні бойы тоңып отырып жинаған ақшаңызды жәшікке салатыныңыз не?!» деп сұрағаны бар. Ол ақшаның менен гөрі басқаға көмегі тигені дұрыс. Құдайға шүкір, бағып-қағып отырған ұлым-келінім бар. Одан артық маған не керек?  – дейді ол.

[caption id="attachment_82413" align="alignnone" width="1024"]қайыр ©Айтжан Мұрзанов[/caption]

Алпыс жасқа келген қарияның мұндай қайырымды ісін көріп таңғалдым. Шынымен, өмірде мұндай да жақсы адамдар бар екен. Қай-қайсысын болсын, дұрыс өмір сүрмедің деп кінәлай алмайсың, жауапқа да тарта алмайсың. Бір ғана ойым, қаншама тағдырдың ішінде қарияның ісі өзіме үлгі, басқаға сабақ болды. Қара түнектің ішінде жарық жұлдыздай жарқ ете қалды. Әлі де айналамыз қатыгезденіп кетпепті. Өмірде мейірімді де мейірбан жандардың барына риза кейіппен, жұмысқа оралдым.

[caption id="attachment_82414" align="alignnone" width="1024"]қайыр ©Айтжан Мұрзанов[/caption]

Тіршілік қызу қайнап жатыр. Өмірде түрлі тағдырларды көресің. Бірақ ол тағдырлардың бәрі өмір сүруге, тіршілік етуге тырмысып жатыр. Ақ пен қараның айқасы дерсің. Бастысы, әлемді сақтайтын мейірім ғана. Мейірімді болайықшы...