Жамбыл облысы Тұрар Рысқұлов ауданының прокуратурасы орта мектептің орыс тілі пәні мұғалімінің жалған дипломмен 2 жыл бойы білім беріп келгенін анықтады. Бұл туралы облыстық прокуратураның баспасөз қызметі хабарлады.
Осы жылғы 15 қазандағы сот үкімімен аталған адам жалған дипломды пайдаланғаны үшін 80 сағатқа сотталып, мемлекет кірісіне 1 млн теңгеден астам залал өндірілді. Осыған ұқсас дерек Ақмола облысында да тіркелді. Аталған өңірдегі 12 педагогтің ауылдық жерлерде жалған дипломмен жұмыс істегені әшкереленді. Облыстық Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, ол мұғалімдер математика, қазақ тілі пәндерінен сабақ беріп келген. Бір мысал, биылғы 16 қазанда полиция қызметкерлері өңірдегі ауылдардың бірінде тұратын 31 жастағы әйелдің жалпы білім беретін мектепке педагог ретінде жұмысқа орналасуы үшін аудандық білім бөліміне жоғары білім жөнінде жалған диплом бергенін анықтады. Жалған педагогтің үстінен Қылмыстық кодекстің 385-бабы 3-бөлігі («Жалған құжат, штамп, мөр, бланк, пошта төлемінің мемлекеттік белгісі, мемлекеттік награда жасау және сату») бойынша іс қозғалды. Күдікті қылмысын мойындады. Ол дипломның жалған екенін білген және оны сатып алу үшін қыруар ақша төлеген. Дипломы жалған мұғалімдердің барлығы 2 жылдан астам уақыт жұмыс істеген.Тұмар МЫРЗА