Әлемнің 51 елінде сайлау учаскесі құрылады
Әлемнің 51 елінде сайлау учаскесі құрылады
128
оқылды

Бұған дейінгі сайлауда дауыс беруге келген кей азаматтар өзінің тұрғылықты учаскесіндегі сайлаушылар тізілімінен аты-жөнін таба алмай жүретін. Енді ондай олқылық болмайтын көрінеді. Орталық сайлау комиссиясы алдағы Мәжіліс пен мәслихаттар депутаттарын сайлау науқаны қарсаңында жергілікті атқарушы органдармен бірге сайлаушылардың тізілімін қарастырыпты. Бұл туралы кеше ОСК-да өткен отырыста айтылды.

Аталған отырыста 1 қазандағы жағдайға сәйкес, сайлаушылар тізіліміне 11 820 318 адамды тіркеуге мүмкіндік туды.
«Сайлаушылардың тізілімі негізінде азаматтар өзінің ел Пар­ламенті Мәжілісі және мәсли­хаттар депутаттарын сайлауға ар­налған конституциялық құқын жүзеге асырады. Осыған орай, сай­­лау­­шылардың барынша то­лыққанды әрі нақты тізілімін түзу жеке жер­­гілікті атқарушы орган­дардың ғана емес, әкім­діктердің, аумақтық сай­лау комис­сия­ла­рының және әрбір сай­лаушының бірлескен жауап­­кершілігі ретінде қарастырған жөн», – деді ОСК төрағасының орын­басары Конс­тантин Петров.
Оның айтуынша, сайлаушы­лардың тұрғылықты жері бойынша тізімін жергілікті атқарушы орган жасайды. Оған республиканың белсенді сайлау құқығы бар 18 жасқа толған, әрекетке қабілетті, бас бостандығынан айыру орын­­дарында отырған азаматтар ен­гізіледі. Нақты бір сайлау учас­кесінде азаматты сайлаушылар тізіміне енгізу үшін оның осы сай­­лау учаскесінің аумағындағы тұр­ғылықты жері бойынша тіркелу фактісі негіз болады. Айта кетерлігі, уақытша тір­келген азаматтар сай­лаушылар тізі­міне олардың жергілікті ат­қарушы органдарға берген өтініші негізінде ғана енгізіледі. Парламент Мәжілісі депутаттарын сайлауға орай Қазақстан Республикасының шет мемлекеттердегі өкілдіктері жанынан әлемнің 51 елінде 66 сайлау учаскесі құрылды. Бұл тізімдерге тиісті шет мемлекетте тұра­тын немесе ұзақмерзімді ше­телдік іссапарда жүрген және рес­пуб­­лика азаматының жарамды төл­­құжаты бар барлық азаматтар енгізіледі. Орталық сайлау комиссиясы отырыс соңында Мәжіліс және мәс­лихат депутаттарының кезекті сайлауына орай сайлаушыларға үндеу жолдады.
«Егер сіз дауыс беру күніне 18 жас­қа толған және белсенді сайлау құқығына ие Қазақстан Респуб­ли­касының азаматы болсаңыз, онда Қазақстан Рес­публикасы Парла­менті Мәжілісінің және мәс­­ли­хаттарының депутаттарын сайлауға құқығыңыз бар. Сіздің сайлау­шылар тізімінде бо­луыңыз сайлауға қатысуға конс­титу­ция­лық құқы­ғыңыздың кепілі болып саналады.  Құрметті сайлаушы! Құқықтық сауаттылық танытыңыз және өзіңіздің сайлау құқығыңызды іске асырыңыз! Өзіңізді сайлаушылар тізіміне енгізу бойынша заңды маңызды әрекеттерді уақытылы қабылдауыңыз қажет. 2020 жылғы 26 желтоқсаннан бастап сізге өз сайлау учаскеңіздегі сайлаушылар тізімінен өзіңіз туралы мәліметтерді тексеру мүмкіндігі беріледі» де­лін­ген үндеуде.

А.БЕГІМ