Бұған дейінгі сайлауда дауыс беруге келген кей азаматтар өзінің тұрғылықты учаскесіндегі сайлаушылар тізілімінен аты-жөнін таба алмай жүретін. Енді ондай олқылық болмайтын көрінеді. Орталық сайлау комиссиясы алдағы Мәжіліс пен мәслихаттар депутаттарын сайлау науқаны қарсаңында жергілікті атқарушы органдармен бірге сайлаушылардың тізілімін қарастырыпты. Бұл туралы кеше ОСК-да өткен отырыста айтылды.
Аталған отырыста 1 қазандағы жағдайға сәйкес, сайлаушылар тізіліміне 11 820 318 адамды тіркеуге мүмкіндік туды.«Сайлаушылардың тізілімі негізінде азаматтар өзінің ел Парламенті Мәжілісі және мәслихаттар депутаттарын сайлауға арналған конституциялық құқын жүзеге асырады. Осыған орай, сайлаушылардың барынша толыққанды әрі нақты тізілімін түзу жеке жергілікті атқарушы органдардың ғана емес, әкімдіктердің, аумақтық сайлау комиссияларының және әрбір сайлаушының бірлескен жауапкершілігі ретінде қарастырған жөн», – деді ОСК төрағасының орынбасары Константин Петров.Оның айтуынша, сайлаушылардың тұрғылықты жері бойынша тізімін жергілікті атқарушы орган жасайды. Оған республиканың белсенді сайлау құқығы бар 18 жасқа толған, әрекетке қабілетті, бас бостандығынан айыру орындарында отырған азаматтар енгізіледі. Нақты бір сайлау учаскесінде азаматты сайлаушылар тізіміне енгізу үшін оның осы сайлау учаскесінің аумағындағы тұрғылықты жері бойынша тіркелу фактісі негіз болады. Айта кетерлігі, уақытша тіркелген азаматтар сайлаушылар тізіміне олардың жергілікті атқарушы органдарға берген өтініші негізінде ғана енгізіледі. Парламент Мәжілісі депутаттарын сайлауға орай Қазақстан Республикасының шет мемлекеттердегі өкілдіктері жанынан әлемнің 51 елінде 66 сайлау учаскесі құрылды. Бұл тізімдерге тиісті шет мемлекетте тұратын немесе ұзақмерзімді шетелдік іссапарда жүрген және республика азаматының жарамды төлқұжаты бар барлық азаматтар енгізіледі. Орталық сайлау комиссиясы отырыс соңында Мәжіліс және мәслихат депутаттарының кезекті сайлауына орай сайлаушыларға үндеу жолдады.
«Егер сіз дауыс беру күніне 18 жасқа толған және белсенді сайлау құқығына ие Қазақстан Республикасының азаматы болсаңыз, онда Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің және мәслихаттарының депутаттарын сайлауға құқығыңыз бар. Сіздің сайлаушылар тізімінде болуыңыз сайлауға қатысуға конституциялық құқығыңыздың кепілі болып саналады. Құрметті сайлаушы! Құқықтық сауаттылық танытыңыз және өзіңіздің сайлау құқығыңызды іске асырыңыз! Өзіңізді сайлаушылар тізіміне енгізу бойынша заңды маңызды әрекеттерді уақытылы қабылдауыңыз қажет. 2020 жылғы 26 желтоқсаннан бастап сізге өз сайлау учаскеңіздегі сайлаушылар тізімінен өзіңіз туралы мәліметтерді тексеру мүмкіндігі беріледі» делінген үндеуде.
А.БЕГІМ