Салық түсімі 1,1 трлн теңгеге азаюы мүмкін
Салық түсімі 1,1 трлн теңгеге азаюы мүмкін
132
оқылды

Пандемия салдарынан салық түсімі 1,1 трлн теңгеге аз жиналуы мүмкін. Ал үдемелі салық жүйесінің қашан енгізілетіні белгісіз. Шағын бизнесті салық төлеуден бо­сатқан мораторий аяқталған соң асабалар мен әншілер де салық төлей бастайды. Бұл туралы Орталық ком­муникациялар қызметіндегі брифингте белгілі болды.

­­«Биылғы 9 айда шамамен 1 трлн 100 млрд теңге қаржы жоғалттық деп бағаладық. Сонымен қатар микро және шағын биз­неске жеңілдіктер, төлемді кейінге шегеру және басқа да қолдау түрлері 1,5 трлн сомасында жасалды», – деді Мемлекеттік кірістер ко­митетінің төрағасы Марат Сұлтанғазиев. Оның сөзіне қарағанда, 9 айда мем­лекеттік бюджеттің кіріс жос­пары 92 пайыз­ға, респуб­ли­ка­­­­­лық бюджет 82 пайыз­ға, жер­гілікті бюджет 116 пайызға орын­­далды. Республикалық бюджет түсім­дері­нің төмендеуіне панде­миямен бай­ланысты сыртқы және ішкі фак­торлар әсер етті. Ал Қа­зақ­стан­ның үшінші елдермен тауар ай­налымы 13 пайызға төмендеді. Есте болса, Мемлекет басшысы 11 ма­мырда өткен төтенше жағ­дайды қамта­масыз ету жөніндегі мемлекеттік ко­мис­сияның оты­ры­сында жеке табыс са­лы­ғының прог­рессивті шкаласын енгізуді тапсыр­ған еді. Сонда айлығы онша жо­ғары емес азаматтар бүгінге қа­­рағанда аз төлесе, ал айлығы көп азаматтар үшін са­лық мөлшері кө­­бейетін бол­ған. Алайда бұл тап­сырманың орын­далуы белгіленген 2022 жылы жүзеге аспайтын түрі бар. «Прогрессивті салық төлеу шка­ласы қабылданған жоқ. Оны жаппай декла­рациялаумен бай­ланыстырамыз. Өйткені үлкен тәуекелдер бар. Егер салықтың мөл­шері өссе, онда төлемнен жалтару жағдайы басталуы ық­тимал. Сондықтан тиісті шешім қабылданып, алдымен жап­пай деклара­циялауды іске асыру ес­ке­рілді», – деді М.Сұлтанғазиев. Оның ай­туынша, үдемелі салық жүйе­сін енгізу мерзімі төрт ке­зеңге бөлінген, алдымен мем­лекеттік қызметшілер, одан кейін квазимемлекеттік сектор, бизнес өкілдері қамтылған. Әр кезең сайын талдау жүр­гізіледі. Дек­ла­ра­циялаудың төрт ке­зеңі аяқ­талған соң, прогрессивтік шка­­ла қарастырылады. Айтқандай, Марат Сұлтанғазиев аса­балар мен әншілердің салық тіркеуіне тұратынын жеткізді. Оның айтуынша, салық төлеу үшін әншілер мен асабалар салық тір­­­кеуіне тұруы керек. «Тіркеуге тұр­ғызу бойынша жұмыс жүргі­земіз, оларға хат­тамаларды беріп, тіркеуге қоямыз. Қазіргі кезде бұл бағыт микробизнес бол­ғаннан кейін, осы сала табыс салығынан толық бо­сатылған», – дейді ол. Демек, ал­дағы уақытта табыс салы­ғын тө­леуге жарияланған мора­торий мер­­зімі аяқталған соң, олар да салық төлейтін болады.

 Айдана БЕГІМ