Жайықтың жағасы тарылып барады
Жайықтың жағасы тарылып барады

Еуропадағы ең ірі үш өзен­нің бірі саналатын Жайықтың бүгінгі жағдайы мәз емес. Ен­ді бірер жылдан соң бір кез­дері бұл өзеннің жарқа­бақты соққан асау толқыны болға­нына ешкімді сендіре алмай­сыз. Тартылған өзеннің лас­та­нып кеткен табанын көр­гендер сөзіңізге күмәнмен қарары сөзсіз. Жайық өзені деңгейінің төмендеуіне әсер еткен түрлі себеп айтылады: Ресей суға сараң, сыздық­та­тып жібереді, ғаламдық жы­лы­нудың салда­ры, мұнай өн­­дірудің зардабы деген пі­кір­лердің қарасы ба­сым. Қа­лай десек те, Жайық­тың тар­тылуы тіршілікті жү­детіп ба­рады. Айтыла-айтыла жауыр болса да, Жайықтың мә­­се­лесін тағы бір қозғауды жөн көрдік.

Бұл – Президенттің араласуымен ғана шешілетін мәселе

Ресми деректе трансшекара­лық стратегиялық маңызы бар Жайық өзенінің ұзындығы 2 482 шақырымды құрайды дейді. Орал тауынан бастау алатын өзен Ресейдің Башқұрт Республикасы, Челябі мен Орынбор облыстары­нан өтіп, Батыс Қазақстан мен Атырау облыстары арқылы Кас­пий теңізіне құяды. Егер Жайық мәселесі жақын жылдары оң ше­шімін таппаса, өзеннің ұзындығы қысқарып, Каспий теңізіне жет­пей қалуы әбден мүмкін. Мұны біз емес, мамандар айтады.
Ал халық не дейді? Олар «Жа­йық­тың басындағы жағдай эко­ло­гиялық, экономикалық қана емес, әлеуметтік, мемлекеттік, ха­­лық­аралық, тіпті адамзаттық мә­селе, бұл мәселені шешу үшін – ыс­тық жүрек, сау ақыл, қыруар қаржы керек», – дейді. Жаны бар сөз.
Қазақстанның еңбек сіңірген экологы, кезінде облыстық эко­логия басқармасын басқарған, «Жайық – Орал» қоғамдық бір­лес­тігін құрып, оны 20 жылдан астам уақыт басқарған Нариман Өтешев Жайық мәселесіне арнап кітап та жазған адам. Ол Жайық туралы жанайқайын айтудан жа­лыққан емес. Бірақ сонша жылдан бері бұл мәселенің нүктесі қойыл­мағанына қайран. Бір мысал, ол Экология министрлігі жанынан құрылған Жайық мәселесін қа­рай­тын рес­пуб­ликалық кеңестің мүшесі. Жаңа­дан құрылған кеңес сәуір айында бір бейнеконфе­ренция өткізген екен, одан кейін хабарсыз қалыпты.
«Жуырда Мемлекет басшысы облыс әкімін қабылдады. Жайық мәселесін шешуді тапсырыпты. Әкім оны шешкісі келсе де, шеше алмайды. Себебі Жайықтың проб­ле­масы күрделі. Жайық суы­ның тар­тылуына ғаламдық жылы­нудың да ықпалы бар. Бұрын-соң­ды өңірімізде болмаған жән­дік­тер пайда болды. Бұл – ойла­на­тын мәселе. Жауын-шашын азайды дей­міз, бірақ Орынбор мен Самара облыстарына өткен қыста қар қа­лың түсті. Бірақ наурызда түгі қал­май еріп кетті. Өйткені күндіз жылы болғанымен, түнде аяз қысып, су бу боп ұшып кетті», – дейді. Оның айтуынша, біздегі мәселе Ресейде де бар. Бүгінгі таңда Челябі, Орынбор облыстарына да су жетпей жатыр. «Сондықтан Ресей біздің мәселемізге бас ауыртпайды, демек өзіміз әрекет етуіміз керек», – дейді эколог.
Ал «Телегей» қоғамдық бір­лесті­гінің төрағасы Нұрлан Сәдірдің ай­туынша, Жайық суының азаюы сал­дарынан Батыс Қазақстанда су мә­селесі, нақтырақ айтқанда малға су тауып беру мәселесі ушығып барады.
«Өкінішке қарай, мал суару мәсе­лесі біздің өңірде «мал ұстау – бақуатты тұрмыс кепілі» деген ой-арманның күлін көкке ұшыратын түрі бар және бұл түйткілдің бір ұшы – Ресейде. Өңі­ріміздің ең ірі су артериясы –Жайық­тың Ресей ау­мағында орна­ласқан жоғары бөлі­гінде жасанды ірі су қой­маларын жасау – Жайықтың суалуына әкеліп соқтырды. Ал Жайық­тың, кей тұ­сында тізеден келе­тіндей деңгейге дейін тартылуы тізбек реакциясын туындатып, облыстағы күллі өзен-көлдің деңгейіне кері әсе­рін тигізіп жатыр», – дейді.
Оның пікірінше, табиғи су көз­дерінің, сондай-ақ құдықтардың тар­тылып-кеуіп не суының мал ішуге жа­рамсыз деңгейге жетуі мал басын арттыруда үлкен тежеуші фактор бо­лып отыр деуге негіз бар. Бұл ахуал оңалмаса, су тапшылығы – мал ұстау­ды мүлде тиімсіз қылуы мүмкін. Мұ­ның соңы тұтас аумақ­тардың қаңы­рап бос қалуы, жаппай қалаға көшіп, жұ­мыссыздар санын арттыруы, кри­ми­налдық ахуалдың ушығуы сынды салдарға әкелу ықтималдығы аса жоғары.
«Ресейдің су қоймаларындағы су­ды Жайыққа жіберу – облыс әкімінің құзыретіндегі, тіпті ми­нистрлік пен Үкіметтің қолынан келетін шаруа емес. Бұған тікелей Президенттің өзі араласпаса, мәселе шешілмейді», – дейді ол.

607 млн текше метр судың 260 млн-ын ғана алдық

Мақаламызда мал өсіруді кәсіп еткендердің мәселесін бекер кө­терген жоқпыз. Мал ішетін судың азайғаны аздай, ол судың жарамсыз бола баста­ғанын айтып дабыл қақ­қандарға ресми мекеменің жауабын алып беруді парыз көрдік. Сөйтіп, Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігіне қарасты «Қазсушар» республикалық мемле­кеттік кәсіпорнының Батыс Қа­зақстан филиалының бас гид­ро­технигі Шынболат Ерма­ғам­бетовті сөзге тарттық.
«Жайық өзенінен бізге бір жылға 607 млн текше метр су алуға рұқсат етілген. Биыл 260 млн текше метр ғана алдық. Енді көп болса 5-6 млн текше метр су алармыз, одан артық ала алмаймыз, себебі Жайықта су аз. Осын­дай су аз жылдары ауыл шаруа­шылығын сумен қамтамасыз ету үшін бір жоба жасалып жатыр. Жобаның атауы ұзақ, қысқартып айтқанда «Жайық өзенінен насос қондыр­ғы­ларымен су алу» деп аталады. Негізгі мақсаты – су азайған жылдары өзен­нен суды сорғы қон­дырғысы арқылы алу. Жоба мем­лекеттік сараптамада жатыр. Жобаға қаражат бөлінсе, келесі жылы іске қосылады», – дейді бас гидротехник.
Бұл жобаның қаржысын рес­публикалық бюджеттен сұрап отыр екен, себебі 2 млрд теңгенің үстінде қар­­жы керек. Бұдан бөлек, «Қаз­су­шар» өз қаражатына Жайықтың кіреберіс саласы – Шаған өзені арна­сын тазалау үшін 35 млн теңге ақша бөліп, жобалау-сметалық құжатын дайындауға мемлекеттік сатып алу порталы арқылы конкурс жариялапты. Бұл жобаның мақса­ты – Жайыққа кіреберіс тармақты механикалық та­зарту, өйткені соңғы 30-35 жылдан бері арна тазаланбаған. Жайық Үшінші шара – Жайық – Көшім суландыру жүйесіне кіретін Киров, Бітік, Дөңгелек, Пятимар су қой­маларының қауіпсіздігін нығайту. Осы орайда, салынғанын 50 жылдан асқан Киров су қоймасы қайта қалпына кел­тірілмек. Киров су қой­масы жоғарыда аталған су қойма­ларының басында тұр. Егер одан су реттеусіз кетер болса, басқа су қой­маларына қауіп төндіреді.
«Жайық өзені БҚО-ны екіге бөліп тұр. Жайық – Көшім сулан­дыру жүйе­сі Жайықтың оң жаға­лауында орналас­қан. Енді сол жағалауындағы су ны­сандары – Жайық – Шалқар каналы, Жайық– Азынабай – Тайпақ каналы, Солянка – Азынабай – Тайпақ суландыру жүйесі 30 жыл бұрын істен шыққан. Оған да облыс­тық бюджеттен қаражат бөлініп, жоба әзірлеп, Жайықтың сол жағындағы жайы­лымдар мен шабындықтарды сулан­дыру көзделіп отыр. Егер бұл жоба жүзеге асса, Жайықтың сол жаға­лауында 350 мың гектар жерді сулан­дыруға мүмкіндік туады. Ол жаққа да өздігінен су кірмейді, сон­дықтан суды сорғы қон­дыр­ғы­ларымен тартамыз. Бұл жобалар облыстағы мал басын көбейтуге септігін тигізер еді», – дейді Шын­болат Бекұлы.
Бір қызығы, «Қазсушардың» қай жобасын алмайық, бәрі де Жайық өзенінің суын пайдалануға бағыт­тал­ған. Ал оның бәріне Жайықтың суы жете ме? Жайықтың суалып жат­қанын жағымыз талмай айтып жүр­генде, әлгі жобалар қалай жүзеге аспақ?
«Біздің есебіміз бойынша, жоба­ларды жүзеге асыруға Жайықтың қазіргі суы жетеді. Әсілінде Жайық­тың суына қандай да бір болжам жасау қиын. Себебі 2011 жылы біз көктемгі ылғалды, тоңның қалың­дығы мен қардың түсуін есептей келе тасқын болмайтынына сенімді едік. Алайда күтпеген жерден табиғат өз дегенін істеді. Үш күн нөсер жауып, Жайық, Шаған, Көшім өзендері бір мезетте тасыды. Мұндай жағдай 1957 жылы да болған екен», – дейді ол.

Жайықты толтырудың жолы бар ма?

 Жайық өзенінің мәселесін кө­теріп жүргендер Қазақстан мен Ресей ара­сындағы түрлі форумдар мен жиын­дардан нәтиже шықпай отыр­ғанына наразы. Әйтпесе, бұл мәселе сонау 2006 жылы шешіліп кетердей көрінген. Сол жылы Орал қаласында өткен Қазақстан Пре­зиденті Н.Назарбаев пен Ресей президенті В.Путиннің кездесуі өзге де мәселелермен қатар Жайық өзе­ніне де арналған еді. Осы кезде­суден 11 жыл өткен соң ғана барып, «Жайық өзенінің транс­шека­ралық экожүйесін сақтау бойын­ша келісім» атты мем­лекетаралық құжатқа қол қойылып, үкіметаралық комиссия құрылды. Бұл келісімге қол қойыл­ғанға дейін де, кейін де Жайық өзенін құтқаруға арналған отандық және халықаралық комиссиялардың сан мәрте отырысы болды. Алайда Нұрлан Сәдірдің сөзімен айтқанда: «Нәтиже – нөл, дәлірек айтқанда – минус: Жайық жылдан-жылға азып барады». Екіжақты кездесулерде қол жет­кізген жетістігіміз Орынбор облы­сы­ның аумағындағы Ириклин су қой­масынан секундына 15 текше метр су беру болды. Ал биыл 5 тамыздан бастап, секундына 45 текше метр су беруді бастады. Мұны алақайлап жарияладық та. Ал осыдан бірер жыл бұрын Батыс Қазақстан облысы Энергетика және тұрғын үй-ком­муналдық шаруашы­лығы бас­қар­масы басшысының орын­басары болған Қуаныш Шара­футдинов Жайық өзені үшін бұл көлем де жеткіліксіз деп санайды. Сондықтан бұл мәселені шешудің мынадай жолын ұсынады.
«Ресей электр энергиясын өнді­реміз деп Жайық өзенінің басы­нан өткен ғасырдың 60-жылдары 22,5 МВт су электр стансасын іске қос­қан. Ал Батыс Қазақстан облысы 1991 жыл­дары тұтынатын электр энергиясының 90 пайызын Ресейден сатып алып келді. Ал қазіргі күні об­лыста электр энергиясын өнді­ретін қуаты 399 МВт қондырғы жұ­мыс істеп тұр. Оның 343 МВт өзімізге жаратамыз, артығын 56 МВт басқа облыстарға жібереміз. Осы орайда, облыстағы артық МВт Ресейге беру арқылы Ресейдің Ириклин су электр стансасын жауып, елдегі су тапшылығын біржола шешуге болады. Ол үшін БҚО әкімі мен Орынбор облысы губернаторы осы мәселені қарауы керек», – дейді Қуаныш Серікұлы.
Ол Ириклин су қоймасы туралы тегін айтып отырған жоқ. Себебі дәл осы су қоймасы Ириклин су электр стансасының қызуын басу міндетін атқарады деген мақсатпен 1958-1966 жылдары толтырылған екен. 1959 жылдан бері жұмыс істейтін Ириклин электр стансасының қуаты 30 мың КВт энергиясын ғана құрайды. Олар осы энергияны өндіру үшін Жайық өзенінің суын бізге сыздықтатып жіберіп отыр. Егер Қ.Шарафут­диновтың ұсынысы қабыл болса, онда Ириклин су қоймасынан Жайыққа жіберілетін су көлемі көбейіп, тіршілік жанданар еді. Әрине, Ресей тарапы Қазақстанға беретін суды көбейту үшін электр стансасының жұмысын тоқтата қояр ма екен? Егер Жайық өзенінің эко­жүйесін сақтап, эколо­гиялық апат­тың алдын алуға ниеті болса, ұсы­нысқа келісуі мүмкін. Келіспеуі де мүмкін. Бірақ ұсынысты жасау – парыз. Егер ұсыныс қолдау тапса, онда келер ұрпақ ақын Жұбан Мол­дағалиевтің «Жайық» өзеніне арна­ған өлеңіндегі «Сүюші ем төңке­рілген толқыныңды, сылқылдап со­ғып жатқан жарқабақты» деген жол­дардың қиялдан тумағанына сенер еді...

халимаХалима БҰҚАРҚЫЗЫ