Екінші қолмен ел билеу – заман талабы
Екінші қолмен ел билеу – заман талабы
231
оқылды

«Әйел бір қолымен бесік тербетсе, екінші қолымен ел би­лейді». Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің төр­тінші оты­рысында Қасым-Жомарт Тоқаев осылай деді. Президент ұлттық ком­панияларда басшы әйел­дердің үлесін 30 пайызға дейін арттыруды ұсынды. Бұған дейін депутаттар «Сайлау» және «Сая­си пар­тия­лар» туралы заң жобаларын мақұлдаған. Құжат бо­йын­ша партиялар Парламентке кандидат жасақта­ған­да әйелдер мен жастарға ең кемі 30 пайыз квота беруге тиіс.

Алдымен Президенттің соңғы мәлім­демесіне ой жүгіртейік. Қазіргі таңда ұлттық экономикадағы әйел­дер үлесі 50 пайыздан асады. Яғни, шағын және орта кәсіппен айна­лысатын азаматтардың тең жартысы қыз-келіншектер деген сөз. Сарап­шылардың пікірінше, еңбек нары­­ғында нәзік жан­­дылардың көбейгені ЖІӨ-ні өсіріп, эконо­миканы әр­­тараптандыруға септеседі. Қазақстанның іскер әйелдері қауым­дастығының басшысы Раушан Сәрсем­­баеваның ай­туынша, бүгінде ұлттық ком­паниялардың дирек­торлар кеңесіне кіретін басшы­лардың 5-7 пайызы әйелдер екен. Норвегияда бұл көрсеткіш – 41 пайыз, Францияда – 37 пайыз, Швецияда – 33 пайыз. Демек, еуро­палықтар бірдеңе біледі. Алайда кей­бір сарапшылар биз­нестің табиғи процесіне бұлай араласу еңбек өнім­ділігін төмен­детеді деп санайды. Өйткені өте білікті ер адам гендерлік квотаның кесірінен ғана шетке ысырылуы мүмкін. Дамыған елдерде директорлар кеңесінің (немесе бақылау кеңесінің) құрамына әйелдерді қосуға мін­деттейтін арнайы нор­­малар бар. Мысалы, АҚШ-тың Кали­форния штаты компанияның топ-менедж­ментінде кемінде бір әйел болуы керек деп шарт қойған. Шарт орын­далмаса, қор биржалары компа­нияны жария листингтерге қатыс­тырмайды. Биыл 22 сәуірде Мәжіліс «Сай­лау» және «Саяси партиялар» туралы конституциялық заңға өзгеріс пен толықтыру енгізу туралы заң жоба­ларын мақұлдады. Құжатқа сәйкес, партиялар үміткер жасақтау бары­сында әйелдер мен жастарға 30 пайыз квота бөлуге міндетті. Бірақ әйелдер мен жастарды бірге қосқанда 30 пайыз ба, әлде әрқайсысы отыз пайыздан болуы керек пе, ол жағы әлі бәймәлім. Жалпы, мұндай партиялық квота көп жерде бөлінген. Мәселен, Германияда 50 пайыздық квота енгізілген. Швеция да сондай тәжі­рибе қолданады. Дүниежүзі парла­ментаралық ұйымының (IPU) дере­гіне сүйенсек, парламентінде әйел­дер басым мемлекет – Руанда. Аф­­­рика құрлығының қақ ортасында орналасқан елде депутат­тардың 61 пайызы – нәзік жандылар. Куба­да – 53 пайыз, Боливияда – 53 пайыз, Францияда – 39 пайыз, Ұлы­британияда – 34 пайыз, Өзбек­станда – 25 пайыз, Түркі­менстанда – 31 пайыз, АҚШ пен Қырғыз Республикасында – 23 пайыздан. Қазақ­станда бұл көрсеткіш 22  пайызға жетеғабыл. «Саясаттағы әйел» жаһандық индексінде еліміз 149 елдің ішінде 94-орында тұр. Қасым-Жомарт Тоқаевтың сөзінше, мемлекеттік қызметкерлер мен әлеуметтік қыз­меткерлердің 55 пайыздан астамы – әйелдер. Судьялар корпусының 47 пайызы нәзік жандыларға тиесілі. Биыл ел тарихында тұңғыш рет әйел адам облыс басшысы атанды. Сон­дай-ақ Қазақстан билігінде белгілі бір лаузымдарға, мысалы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі қыз­метіне көбінесе әйел­дер тағайындалады. әйел Іскер әйелдер қауымдастығы таратқан мәліметке сенсек, елдегі қыз-келіншектердің көбі денсаулық сақтау, білім беру, қоғамдық та­мақтандыру, мәдениет және қаржы саласында жұмыс істейді. Жоғары немесе арнайы оқу орын­дарын бітірген әйелдер саны ерлерді басып озған. Дегенмен Қазақстандағы заң шығарушы, атқарушы және сот жүйесі құрылымын бажайлап зерт­тесек, белгілі бір жетістіктерге қара­мастан, әйелдер әзірге биліктің тек орташа немесе төменгі буынында шоғыр­ланғанын байқаймыз. Бі­реулер мұның себебін гендерлік теңсіздіктен, біреулер демо­кра­тияның әлсіздігінен, енді біреулер шығыс менталитетінен көреді. Қоғамда еңбекақыны алалап төлеу мәселесі әлі шешілмеген. Статистика комитетінің ақпаратына жүгінсек, әйелдердің орташа айлық жалақысы ерлер жалақысының 70 пайызындай ғана. Психологтардың пікірінше, қыз-келіншектер қиындыққа төзімді, дипломат, ісіне адал келеді екен. Олар күмәнді мәмілеге, көзсіз тәуе­келге бармайды, тұрақтылықты жанжалдан жоғары қояды, билігін теріс мақсатқа пайдаланбайды, әлеу­меттік шиеленісті тез реттейді. Мы­салы, көрші Қырғыз Респуб­ли­касында Құрманбек Бакиев тақтан тайған соң уақытша прези­дент қызметін атқарған Роза Отынбаева биліктегі конфликтіні тоқтатып, өз еркімен қызметтен кетті. Дүниені дүрбелеңге түсірген коронавирус пандемиясы да әйел­дердің іскерлігін айқын аң­ғартты. Әйел басқаратын мемле­­кеттер індетті оңай еңсеріп, тез жеңді. Мысалы, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Жаңа Зеландияның премьер-министрі Джакинда Ардернді вирусты дер кезінде тоқ­татқаны үшін жоғары бағалады. Жаңа Зеландия жаздың басында-ақ эпидемияға байланысты барлық шектеуді алып тастады. Әрине, бала күтіміндегі әйелдер көп жағдайда қоғамдық қызметінен қол үзіп жатады. Бұл оның кәсіби жағынан өсіп-өрлеуіне кесірін ти­гізеді. Сондықтан отбасылы келін­шектер не бала бағып, ошақ жай­ғауды, не мансап жолын таңдауға мәжбүр. «БҰҰ-Әйелдер» ұйымының Ор­талық Азиядағы өкілі Илейн Кон­киевичтің мәліметіне жүгінсек, Қазақстан гендерлік тең құқықтық бойынша жаһандану рей­тингінде 135 елдің арасында 31-орында тұр. Ерлер мен әйелдер арасындағы теңсіздік есте жоқ ерте дәуірден бар. Хауа ана Адам атаның қабырғасынан жаралыпты деген мысалдың өзі нәзік жандыларды біртүрлі кемсі­тетін сияқты. Шығыс халықтарының түсінігінде әйел еркектен бір саты төмен тұруға тиіс. Бірақ қазір заман басқа, заң басқа. 2000 жылы БҰҰ-ның мыңжылдық декларациясы қабылданған. Құжаттағы 8 мақ­саттың бірі – гендерлік саясатты қолдау. Содан бері әлемде қыз-келіншектердің билікке араласып, маңызды мәселелерді шешуіне ба­рынша жағдай жасалып жатыр.

Еркебұлан НҰРЕКЕШ