Қала әкімдігінің мәліметінше, астанада 487 ақылы паркинг бар. Одан 22 млн теңгеге жуық пайда түскен. Ал көліктерін дұрыс қоймаған 200 мыңға жуық жүргізушіні фото-видеоға түсіріп, шара қолданып, қала бюджетіне 500 млн теңге пайда түскен, - деп жазады 24.kz.
Сондықтан тағы да 5 мың көлік тұрағы ақылы болады.Бұл мәселеге қатысты «Парковочное пространство Астаны» ЖШС басшысы Шыңғыс Досыбаев: «Қазір біз Есіл, Алматы, Сарыарқа және Байқоңыр аудандарын 5 мың көлікке шақталған тұрақты ақылы жүйеге көшіруге дайынбыз. Бұл адам саны көбейіп келе жатқан қала үшін керек. Себебі, Астанада 1 мың адамға 250 паркинг орыннан келеді. Қазір 1 отбасыда кемі 2 көлік бар. Бұл қалада үлкен кептеліс тудырады. Мәселені қазірден бастап реттеу қажет», – дейді.
Ақылы тұрақтың 1 сағаты – 100 теңге. Ал кешкі 8-ден таңғы 8-ге дейін тұрақ тегін. Демалыс күндері ақысыз.
Айта кетейік, біз бұған дейін «Ақылы тұраққа «ат байлауға» дайынсыз ба?» деп осы мәселені жазған болатынбыз.