– Гаухар Төремұратқызы, Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті елге қажет ұстаздарды даярлайтын ұстахана ретінде аты шыққан. Бүгінде аруларды жаңа заман талаптарына сай маман ретінде қалай даярлап жатсыздар?
– Әлемде университеттер көп, алайда тек қана қыздар білім алатын, оның ішінде ертең елге тұтқа, ұлтқа тірек болатын ұрпақ тәрбиесімен айналысатын мұғалім мамандарын даярлайтын жоғары оқу орындары саусақпен санарлықтай екені рас. Міне, өзіндік дара жолы бар білім ордаларының бірі де бірегейі – Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті. Егемендіктің елең-алаң жылдарында бұл оқу орны жабылуы мүмкін екені турасында ел арасында әңгіме болды. Десе де, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей қолдауы мен қамқорлығының арқасында парасат мектебіне айналған қазыналы қарашаңырақ дамудың жаңа кезеңдеріне бағыт алды. Уақыт сұранысына сай маман даярлаудың тың бағыттарына бет бұрды. Соның нақты айғағы – оқу орнына 2018 жылы «Ұлттық» мәртебесінің берілуі. Бұл – 75 жылдан астам тағылымды тарихы бар ұлағат ұясының ұжымы мен білім алушыларына жүктелген зор жауапкершілік деп ұғынған абзал. Бұл – университеттің шын мәнісінде білім мен ғылымның қарашаңырағына айналуына соны серпін, мол мүмкіндік береді деп ойлаймын. Елбасы университетке келген арнайы сапарында оқу орнының өзіндік ерекшелігіне маңыз беріп, бір қызды тәрбиелеу – бір ұлтты тәрбиелеумен бірдей екенін атап өткен болатын. Зерделей білген, көзі ашық, көкірегі ояу жан бұл сөздің астарында терең мән-мағына жатқанын аңғарады. Бүгінгі бойжеткен – болашақ жар, еріне тірек, ұрпағына үлгі болар, отбасының ұйытқысына айналар абзал ана. Сондықтан да университет ұжымы өз қызметінде кісіліктің кілтін ұсынған кемеңгер әл-Фарабидің «Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы» деген ұлағатты сөзін басты бағдар ретінде ұстанады. – Қыздар университетінде бәсекеге қабілетті педагог кадрлар даярлау бағытында неге басымдық бересіздер? – Университет ғасырға жуық уақыт аралығында өзінің бет-бейнесін қалыптастырды, бірегей жолын таңдады. Осы жылдары ұлағат ұясында білім және ғылым саласындағы халқымыздың даңқты тұлғалары мен ұлт зиялылары қызмет атқарып, оқу орнының қабырғасында 60 мыңнан астам білікті маман даярланды. Университет құрылған күннен бастап-ақ отандық ғана емес, сондай-ақ Орта Азиядағы білім беру мен ғылымның жарқын үлгісі, кәсіби білікті ғылыми және педагогикалық мектептердің бастау көзі болды. Биыл қазақстандық педагогикалық жоғары оқу орындары арасында ең алғашқылардың бірі болып Қыздар университеті педагогикалық білім беруді трансформациялауды қолға алды. Ол дегеніміз не? Бұл – университетті еліміздің педагогика саласында көшбасшы ретінде қалыптасуына мүмкіндік беру. Бұл оқу орнының бәсекелік қабілетін арттырып, білім берудегі әлемдік трендтерді өз жұмысында қолдануына жол ашу. Кез келген трансформация академиялық, ғылыми-зерттеу және кадр саясатындағы және ұйымдық-басқару қызметіндегі елеулі өзгерістермен қатар жүреді. Осыны назарға ала отырып, біз университеттің ұйымдық құрылымына факультеттерді жоғары мектептерге айналдырудың жаңа моделін кезең-кезеңімен енгізуді қолға алдық. Трансформациялау процесі барысында академиялық және басқарушылық дербестік берілді, білім бағдарламаларының контенті қайта өңделді және 7 негізгі трек енгізілді. Биылғы оқу жылынан бастап аталған тректер университеттегі екі жоғары мектептің оқу процесіне пилоттық жоба ретінде енгізілді және ол Білім және ғылым министрлігі тарапынан қолдау тапты. Алдағы уақытта көшбасшы бағдарламалар институты қалыптасады, жаңа білім беру өнімдері ұсынылады және студенттік өзін-өзі басқару кеңейтіледі. Сондай-ақ педагогиканың ұлттық моделін қалыптастыру үшін зерттеу кластерлері анықталып, таланттарды басқару қолға алынады. Ең бастысы – оқу орны уақыт сұранысына, заман ағымына сәйкес дамудың жаңа белесіне бет бұрды. – Бұл бастаманы нақты іске асыру бағытында қандай жұмыстар жүргізілді? – Бастапқыда «Педагогикалық білім беруді трансформациялауды қолға алу ісін қалай жүзеге асырамыз? Оның тиімділігі қандай болмақ? Аталған шара қаншалықты нәтиже береді?» деген сауалдар төңірегінде білікті мамандардың қатысуымен көптеген кездесу мен талқылаулар өтті. Жиындарға Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы қорының «Ел үміті» жобасының менеджерлері, Білім және ғылым министрлігінің өкілдері, жоғары оқу орнының басшылары қатысып, өздерінің ұсыныстары мен пайымды ойларын айтты. Нәтижесінде бағытымыз айқындалып, нақты жоспар түзілді. Осы орайда айта кетейін, трансформациялаудың көздеген тағы бір мақсаты – ауыл мен қала мектебі арасындағы айырмашылықты азайту. Сондай-ақ Мемлекет басшысы қала мен ауыл мектептері арасындағы білім сапасының алшақтығын жою, «Дипломмен – ауылға» бағдарламасының аясын кеңейту, оқушылардың қабілетін айқындап, кәсіби бағыт-бағдар беру, дарынды ауыл жастарын іріктеп, отандық және шетелдік жоғары оқу орындарына дайындау, оқушыларды сапалы оқулықтармен қамтамасыз ету бағытында да нақты тапсырмалар берген еді. Біздің университет студенттерінің 90 пайызға жуығы аймақтардан құралатындықтан, «Дипломмен – ауылға» мемлекеттік бағдарламасы түлектер үшін өзекті әрі үлкен сұранысқа ие. – Қазір бұл бағдарлама арқылы ауылға баратындар бар ма өзі? – Жыл сайын аталған бағдарлама шеңберінде Қыздар университетін тәмамдаған мыңдаған маман еліміздің ауылдық аймағына барып, білім беру ұйымдарында жұмысқа тұрады. Университеттің тәжірибелік базаларының қатарында Алматы, Қызылорда, Жамбыл және басқа да облыстардағы 100-ге жуық мектепке дейінгі жалпы орта және кәсіптік білім беру ұйымдары бар. Алматы қаласы білім беру мекемелері жанынан жоғары оқу орны мен білім беру мекемелерінің арасындағы тығыз ынтымақтастыққа ықпал ететін кафедра филиалдары құрылған. Нәтиже де жоқ емес. Оқу мен тәжірибені меңгерген бітірушілердің жұмысқа орналасу көрсеткіші жыл сайын артып келеді. Атап айтқанда, түлектердің 50 пайызы аймақтардағы білім беру ұйымдарына жұмысқа тұрса, 28 пайызы магистратурада білімін жалғастыруда, ал 22 пайызы республикалық маңызы бар қалаларда мамандығына сәйкес қызметке орналасты. Осы орайда айта кететін жайт. 2019 жылдан бастап Қазақстанның жоғары оқу орындарына берілген академиялық еркіндік шеңберінде университет жұмыс берушілермен белсенді ынтымақтастық орнатты, оларды білім беру бағдарламаларын жобалау мен жетілдіру жұмыстарына қатыстырды. Бүгінде университеттің барлық білім беру бағдарламалары тәжірибеге бағытталған. Атап айтқанда, алғашқы курс студенттері аптаның бір күнінде мектептерде оқу-тәрбиелік, екінші курста психологиялық-педагогикалық, 3-4-курс студенттері педагогикалық іс тәжірибелерінен өтеді. Осы шаралар барысында студент білім беру мекемелеріндегі жұмысты толық меңгеріп шығады. Былтырдан бастап білім беру бағдарламаларының мазмұнына практикаға бағдарланған пәндердің 75 пайызы енгізіліп, кәсіптік практикаға бөлінген кредиттер саны 21-ден 26-ға дейін ұлғайтылды. Тәжірибеге бағытталған пәндерді енгізу дуалды оқыту технологиясымен қатар қолданылады. – Білім алушылар Сіз айтып отырған трансформациялау үдерісіне даяр ма? – Әрине, бұл жаңашылдық ұжыммен қатар білім алушыларға да зор жауапкершілік жүктейді. Жуырда университеттің 200-ден астам студенті Birge oqý платформасында «Онлайн педагогика 2.0» курсының іріктеуіне қатысып, оның ішінде 50 студент Елбасы Академиясы мен Нұрсұлтан Назарбаев Қорының онлайн мектебіне тьютор ретінде қабылданды. Аталған жобаның көздеген мақсаты – елдегі қашықтан білім беруді оңтайлы ұйымдастыру. Шара шеңберінде кәсіби мамандармен қатар университет студенттері мұғалімдер мен оқушыларға және ата-аналарға екі тілде дәріс береді. Birge oqý педагогтерге қашықтан білім берудің қыр-сырын түсіндіретін көмекші құрал іспеттес. Платформа уақыт өткен сайын онлайн білім беру әлемінде мұғалімнің бағыт беруші таптырмас серігіне айналып келеді. Дәріс барысында қашықтан оқытудың негізгі құралдары, нұсқаулықтары мен техникасы көрсетіледі. Сондай-ақ сабақты неден бастау керегі жөнінде тиісті кеңестер айтылып, жұмысты ұйымдастырудың қарапайым тәсілдері ұсынылады. Бұл өз кезегінде Қыздар университетінің қабырғасында білім алып жүрген болашақ педагогтердің кәсіби тұрғыдан шыңдалуына септігін тигізбек. – Коронавирусқа байланысты жоғары оқу орындары қашықтан оқыту жүйесін кеңінен қолдана бастады. Қазір онлайн оқудың артықшылығы бар ма және оған сіздер дайынсыздар ма? – 2020 жылдың 16 наурызынан бастап елімізде төтенше жағдайдың енгізілуіне байланысты университет барлық деңгейдегі білім алушыларды қашықтан оқытуға көшірді. Ол үшін пәндердің оқу-әдістемелік кешенінің электронды контенті қалыптастырылды, профессор-оқытушыларға онлайн оқыту үшін түрлі ақпараттық платформаларды пайдалану бойынша семинарлар ұйымдастырылды. Университетте қашықтан оқытуды ұйымдастыру 2012 жылдан бастап UNIVER және Moodle жүйелері арқылы іске асырылуда. Қашықтан оқыту режиміне жаппай көшуді ұйымдастыру үшін университет қосымша төмендегідей бірқатар шараларды ұйымдастырды. «Академиялық сағат» жобасы шеңберінде арнайы кесте бойынша білім алушыларға академиялық мәселелер жөнінде профессор-оқытушылар консультациялар өткізді. Ал «Цифрлық волонтер» жобасы аясында цифрлық дағдылар меңгерген оқытушыларымыз қашықтан оқыту бойынша университеттің оқытушылар құрамы мен мектеп мұғалімдеріне ақпараттық және практикалық көмек көрсетті. «Психологиялық көмек» қызметі – ата-аналар, оқушылар, студенттер мен оқытушыларды оқшаулап оқытуға бейімдеу және қашықтан оқыту жағдайында білімді игеру бойынша психологиялық көмек көрсету мақсатында ұйымдастырылған жоба. Пандемия кезінде университеттің білікті психолог мамандарынан құралған қызметке екі мыңға жуық ел азаматтары жүгінген. – Рейтинг – сапа көрсеткіші, атқарылған жұмыстың нақты айғағы. Оқу орнының бұл тараптағы көрсеткіштері қандай? – Биыл Қыздар университеті алғаш рет Шығыс Еуропа және Орталық Азия елдерінің QS 301-350 халықаралық рейтингіне кірді. Сонымен қатар ARES, Webometrics сынды жоғары оқу орындарының халықаралық рейтингтерінде жоғары нәтиже көрсетті. Ал ұлттық институционалдық рейтингте Қазақстанның үздік 3 педагогикалық университетінің сапына енді. Сондай-ақ аккредиттеу және рейтингтің тәуелсіз агенттігінің институционалдық және мамандандырылған аккредиттеуінен 2024 жылға дейін бес жылға табысты өтті. Университеттің әртүрлі рейтингтерде орын алуы – оның оқу-әдістемелік, ғылыми-зерттеу, әлеуметтік-мәдени қызметінің сапалы болғанын көрсетсе керек. – Кез келген университет өз базасында ғылымды қатар дамытуға тырысады. Сіздердің ЖОО-дағы ғылымның жайы қандай? – Қазір университет ғалымдары 28 бағыт бойынша ғылыми-зерттеу жұмысын жүргізуде. Сондай-ақ Білім және ғылым министрлігі тарапынан қаржыландырылатын гранттық жобалар да іске асырылуда. Зерттеушілер шетелдік әріптестерімен бірлесіп бірқатар жетістіктерге де қол жеткізіп үлгерді. Университеттегі жоба орындаушылары мен жас ғалымдары жақында Германия, Ресей, Франция, Түркия, Польша, Әзербайжан және Өзбекстан мемлекеттеріндегі іргелі жоғары оқу орындары мен ғылыми-зерттеу мекемелерінде тағылымдамалардан өтіп, біліктіліктерін жетілдіріп қайтты. Бүгінде Білім және ғылым министрлігі жариялайтын 2021-2023 жылдарға арналған ғылыми конкурсқа университетте 50-ден астам ғылыми жоба жоспарланып, жұмыстар талапқа сәйкес дайындалуда. Сонымен қатар 2020 жылға оқу орны өз тарапынан гранттық қаржыландыру конкурсын өткізді. Конкурсқа 14 ғылыми жоба ұсынылып, нәтижесінде 4 ғылыми жоба барлық талап бойынша үздік деп бағаланды. 2019 жылы Қыздар университетінің профессор-оқытушыларының 700-ге жуық ғылыми еңбегі мен жиырмадан астам монографиясы жарық көрді. Оқу орнының ғалымдары 12 қорғауға алынған құжатқа ие болды. Сондай-ақ білім алушылардың ғылыми белсенділігін арттыру мақсатында жыл сайын STARTUP TOMIRIS байқауы ұйымдастырылады. Осы орайда айта кетейін, бүгінде университет бойынша 8 стартап жоба іске асырылуда. 2020 жылы университет бойынша стартап жобалардың санын 35-40-қа жеткізу көзделуде. Жаңа мыңжылдықта білімі мен білігі үйлескен мамандардың бәсі басым болмақ. Мұны уақыттың өзі айқындап отыр. Отандық жоғары оқу орындарының алдында ой-өрісі дамыған, талантты, зерделі және ұлтжанды ұрпақ тәрбиелеу міндеті тұр. Сөзімнің соңында Елбасының «Бір қызды тәрбиелеу – бір ұлтты тәрбиелеумен бірдей» деген ұлағатты сөзін тағы да қайталап айтқым келеді. – Әңгімеңізге рақмет!Сұхбаттасқан Әлихан ИСМАН